Азиядан Еуропаға логистикалық бағыттар қайта құрылғаннан кейін еліміз Еуразия хабына айналу мүмкіндігіне ие болды. Жаңа логистикалық тізбектер құру бізден Беларуське, Польшаға, Германияға, Өзбекстанға жүк ағынының ұлғаюына ықпал етті.
RTL Alliance, ASER секілді халықаралық логистикалық, инвестициялық-консалтингтік компаниялар еліміз үшін көлік саласында зор мүмкіндіктер ашылды деген пікірде. Атап өткенде, еліміз Қытай ‒ Еуропа бойынша (Каспий теңізінің порттары арқылы Әзербайжанға, Грузияға, Түркияға және одан әрі Еуропаға) балама бағыт ұсынып, Каспий теңізіне апаратын жолды, порттарды және тиісті инфрақұрылымды дамытуды қолға алды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 2022 жылы 2,5 есеге ұлғайып, 1,5 млн тоннаға жетті. Сыртқы сауда айналымы 132%-ға артып, 134,4 млрд долларды құрады. Батыстың Ресей мен Беларуське қарсы санкциялары еліміздің логистикалық нарығының күрт өсіп, ондағы бәсекелестіктің күшеюіне әкелді. 2022 жылы жүк жөнелтушілер жаңа өткізу нарықтарын іздеп, тасымалдаушылар тың бағыттарды игерді. Жұмыстарын үйреншікті бағытта жалғастыру үшін ресейлік және беларусьтік тасымалдаушылар біздің елімізде тіркеле бастады.
Халықаралық ATI.SU жүк тасымалы биржасының мәліметі бойынша, былтыр екінші тоқсанда елімізден басқа мемлекеттерге жүк жеткізіліміне берілген өтінімдер алдыңғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 136%-ға көбейген. Ресейге тасымалдауға сұраныс екі есе артты. Бұл ретте тасымалдау мөлшерлемесі орташа есеппен 41%-ға өсті. Осы жылдың бірінші тоқсанында өзге елдерге жүктерді автокөлікпен жеткізуге берілген өтінімдер саны былтырғы мерзімге қарағанда үш есе өсіп, тасымалдау құны 66%-ға қымбаттады. Сондай-ақ биыл елімізге тасымалдау үшін өтінімдер саны орташа өсімді көрсетіп, өткен жылғы ұқсас мерзімнен 49%-ға артты. Ресей мен Қытайдан басқа, Еуропа елдерінен де жүк жеткізіліміне сұраныс артқан. Сыртқы сауда айналымында ЕО үлесі шамамен 30%-ды құрайды. Еуропаға негізінен мұнай, газ, металл, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталады. Ал ол жақтан бізге көбіне дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар, компьютерлік техника, сондай-ақ мұнай-газ саласы үшін құрамдас бөлшектер жеткізіледі.
Сарапшылар өз шолуында әлемдік трендтер мен сыртқы саяси факторлардың жалпы республика экономикасының дамуына, атап айтқанда, логистикалық үдерістерге қалай әсер ететінін бағалаумен қатар, еліміз алдында қандай көкжиектер ашылатынына және нарықтың тұрақты өсуі үшін бірінші кезекте қандай проблемаларды шешу қажетіне тоқталған. Логистика талдаушылары назар аударғандай, еліміз үшін жол инфрақұрылымының маңызды сегменттерінде шектеуші учаскелердің болуы тән, олардағы қозғалыс қарқындылығы жобалық параметрлерден 1,5-2 есе артық. Автожолдар желісін жаңғыртудың жеткіліксіздігі және олардың нашар жай-күйі еліміздің жолдарындағы автомобильдердің орташа қозғалыс жылдамдығының шетелдіктерге қарағанда екі есе төмен болуына әкелді. Автокөліктің қызмет ету мерзімі Еуропаға қарағанда үштен біріне төмен және пайдалану шығындарының жоғары деңгейімен бірге жүреді. Сол секілді кедендік және шекаралық процедуралардың баяу жүргізілуі, өткізу бекеттерінің заманауи бақылау құралдарымен жеткілікті деңгейде жабдықталмауы, жеңіл және жүк автокөліктері үшін бөлек дәліздердің болмауы жайсыздық тудырады. Алдағы уақытта кедендік операцияларды 100 пайыз автоматтандыру және барлық кедендік ведомствода кедендік декларацияның қағазсыз тәртібін енгізу маңызды.
Тағы бір өзекті мәселе – автокөлік құралдары жүк паркінің тозуы мен моральдық ескіруі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша, халықаралық жүк тасымалы саласындағы көлік жүйесінің тозу деңгейі 2021 жылы 22%-дан 78%-ға жеткен. Бұл – халықаралық жүк тасымалы нарығындағы біздің автотасымалдаушылардың үлесін 52%-дан 31%-ға дейін төмендетуге әсер еткен негізгі факторлардың бірі. Сондай-ақ оларға елімізде тасымалданатын жүктердің 80%-дан астамы және жүк айналымының үштен бірінен астамы тиесілі. Сондықтан автотранспорт паркін жаңарту жобаларын қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп, қабылдау ел кәсіпорындарының ішкі және халықаралық автомобиль тасымалы нарығындағы бәсекеге қабілеті мен үлесін арттыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар елімізде цифрландыру және осы салада ақпараттық жүйелерді қолдану деңгейі төмен. Бұл көлік инфрақұрылымының техникалық жай-күйі және көлік құралы қозғалысының қарқыны туралы ақпаратты жинау, талдау және сақтау, сондай-ақ рұқсат құжаттарын берудің тиімсіз жүргізілуіне себеп.
Сарапшылар атап өткендей, «Инфрақұрылым» көрсеткіші бойынша әлемдік бәсекеге қабілет рейтингінде еліміз былтыр 46-орынға ие болды. Көліктік-логистикалық әлеуетті, қолжетімді, тиімді және қауіпсіз қызметтерді дамыту республикаға 2030 жылға қарай өңірлік көшбасшылар қатарына кіруге көмектесе алады. Сонымен қатар шекара пункттерінің өткізу қабілетін жақсарту, ыңғайлы кедендік рәсімдер еліміздің транзиттік тасымалдардағы позициясын нығайтуға септігін тигізеді.
Қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретін салада бәсекелестікті қолдау да маңызды. Логистиканы ұйымдастыру үшін онлайн-сайттар мен цифрлық сервистерді пайдалануға болады. Олар серіктестерді табуға, мердігерді таңдау және жүктерді жеткізуді қадағалау сияқты күнделікті операцияларды автоматтандыруға көмектеседі. Жүк жөнелтушілер де, тасымалдаушылар да үдерістерді цифрландыруды қажет етеді. Нарық қатысушылары бақылауды күшейтуге және компаниялар ішіндегі үдерістердің ашықтығын арттыруға дайындалуы керек. Автоматтандырудың арқасында тасымалдаудың барлық кезеңінде ашықтыққа қол жеткізуге болады.
Сондай-ақ сарапшылар жаңа логистикалық өнімдердің пайда болуын және Еуразияның транзиттік жүк ағындарының трансқазақстандық маршруттарға қайта бағдарлануын болжап отыр. Қазір бұл бойынша ҚТЖ жанынан құрылған құзыреттілік орталығы жұмыс істейді. Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілетін арттыру, Каспий теңізінде контейнерлік хаб құру жөніндегі шаралар жарияланды. Әзербайжанмен, Түркиямен және Грузиямен жол карталары шеңберінде ТХКБ-дағы тар жерлер біртіндеп жойылады.
Отандық тасымалдаушылар үшін Батыс бағытта Латвия шекарасындағы өткелдер ашық күйінде қалып отыр. Финляндия арқылы және одан әрі теңізбен тасымалдау мүмкіндігі сақталады. Ресейлік тасымалдаушылар Түркия арқылы өтетін маршруттарды игерді, отандық жүктер де сол жолмен жүре алады. Ресей бағытындағы жүк тасымалы санының өсу қарқыны әлі төмендеген жоқ, бірақ болашақта олар баяулауы мүмкін және жаңа перспективалық бағыттарға, мысалы, Қытаймен ынтымақтастық аясында қайта бағдарлануға болады.
Қазақстанның өсу аумағы ‒ басқа Орталық Азия республикаларымен ынтымақтастық, өңір ішінде өзара тиімді қарым-қатынастар құруға қатысу. Бұған халықаралық серіктестіктің басқа да бағыттарын дамыту қажет. Еліміздің Орталық Азия мен Каспий өңірінде толыққанды көлік хабына айналуға ниетті екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Бұл қадамымызға «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, Каспийде танкер және сауда флотын құратын және ірі мұнай-газ жобаларымен жұмыс істейтін Abu Dhabi Ports Company көмектеседі.