Бір қарағанда, іскерлік қарым-қатынаста жиі қолданылатын қолайлы тіркес сияқты көрінгенімен, «тұрақты даму» – түп-тамыры әлеуметтің, экономиканың және экологияның үйлесімді өркендеу идеясына негізделген маңызды тұжырымдама. Бұл ретте заманауи түсінік бүгінгі адамзаттың қажетін қанағаттандыратын экономикалық өсім келер ұрпақты игіліктен айырмайды дегенді білдіреді.
Бизнестің тұрақты даму мақсаттарына жету жолында қаншалықты тиімді жүріп жатқанын нақты көрсету үшін ESG аббревиатурасы (environmental, social, governance немесе қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, жоғары әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқарудың жоғары сапасы) пайда болды. Яғни осы үш аспектіні өзінің бизнес-үдерістеріне біріктіріп, оларды нақты саясатпен және қағидаттармен реттейтін компания ғана тұрақты даму жолына түсті деп саналады. Мұндай компания өз қызметінің кері әсерін нөлге түсіріп, оң ықпалын еселеуге ұмтылады. Қарапайым тілмен айтқанда, ESG қағидаттары ірі әлемдік компаниялардың басшылығын өз стратегияларында, ең алдымен, климаттың өзгеруімен күресу үшін экологиялық, сонымен бірге әлеуметтік және басқарушылық аспектілердің үштұғырлы тұжырымдамасын ескеруге шақырады. ESG-ті бағалау үшін компанияның қоршаған ортаға зиян келтірмеу, әлеуметтік әділеттілікті сақтау және қауіпсіз өндіріс құру үшін активтер мен ресурстарды, инновацияларды басқару қабілетін көрсететін рейтингтер мен қаржылық емес есептер қолданылады.
ESG термині 2005 жылы БҰҰ қолдаған «Жауапты инвестициялау қағидаттары» (Principles of Responsible Investment немесе PRI) бастамасының арқасында кең тарағаны мәлім. PRI бастамасын қабылдайтын инвесторлар қаржы салу кезінде компаниялардың ESG қағидаттарын ұстануын ескеруге міндеттенеді. Бұл ретте экологиялық, әлеуметтік және басқару факторларын мұқият есепке алу инвестициялық нарықтардың тұрақтылығын нығайтуға және арттыруға ықпал ететінін, сондай-ақ қоғамның орнықты дамуына үлес қосатынын түсінеді. Осындай жауапты инвесторлардың саны жыл сайын қарқынды түрде артып келеді. Global Sustainable Investment Alliance (Тұрақты инвестициялардың жаһандық альянсы) бағалауы бүкіл әлем бойынша ESG активтерінде шамамен 40 трлн доллар шоғырланғанын көрсетеді. Сондай-ақ іскерлік және қаржылық деректер, жаңалықтар мен сараптамалар саласындағы әлемдік көшбасшы Bloomberg Intelligence 2025 жылға қарай ESG активтері жалпы жаһандық инвестициялардың үштен бірін (53 трлн доллар) құрайды деп болжайды. ESG стандарттарын енгізу экологиялық, әлеуметтік және басқару аспектілерін ғана емес, бизнесті басқарудың тиімді жүйесін құрудың арқасында қаржылық және экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға да көмектеседі. Халықаралық қаржы корпорациясының жарияланымдарында 2010-2015 жылдары 656 инвестициялық жобаға шолу жасалып, ESG көрсеткіштері жақсы компаниялардың меншікті капитал кірісі мен активтер тиімділігі жөнінен жоғары көрсеткіштерге жеткені жарияланған. Сонымен қатар қаржы корпорациясы ESG қағидаттары бойынша басқарушы корпорациялардың тұрақты стандарттары жобалардың несиелік тәуекелдерін төмендетеді деген қорытындыға келді. Бұл ESG қағидаттарына сәйкестік компанияларға тікелей пайда әкелетінін көрсетеді.
2015 жылы БҰҰ-ға мүше мемлекеттер тұрақты даму мақсаттарын қабылдап, оларға 2030 жылға қарай қол жеткізу жоспарын бекітті. Қойылған мақсаттар экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару қағидаттарымен үндесетін бизнесті дамытуды және әлеуметтік қажеттіліктерді қоршаған ортаға зиян келтірместен қанағаттандыруды белгілейді. ESG ‒ қоршаған ортаны қорғауға, өзара іс-қимылдың барлық деңгейлерінде қолайлы әлеуметтік жағдайларды жасауға және корпоративтік басқаруды дұрыс жүргізуге негізделген компанияны басқару қағидаттарының жиынтығы. Қоршаған ортаны қорғау қағидаты компанияның айналаға қаншалықты көңіл бөлетінін, ал әлеуметтік қағидат компанияның қызметкерлерге, жеткізушілерге, тұтынушыларға, серіктестерге қарым-қатынасын анықтайды. Стандарттарға сай болу үшін бизнестің еңбек жағдайларының сапасымен жұмыс істеуі, гендерлік тепе-теңдікті бақылауы, әлеуметтік жобаларға инвестиция салуы, қайырымдылық шаралары да есепке алынады. Басқару қағидаты бизнесті басқарудың сапасы мен ашықтығын (есеп беру, басқарушылық жалақы, кеңселердегі салауатты орта, акционерлермен қарым-қатынас, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар) таразылайды. Дәл осы қағидаттар жиынтығы бизнестің тұрақты дамуын айшықтайды. ESG шарттарына адалдық активтердің құнын, бизнестің инвестициялық тартымдылығын арттырады. БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) міндеттеме алғанымызды ескерсек, бұл – біз үшін де өзекті.
Отандық компаниялардың ішінде орнықты даму мен ESG қағидаттары, негізінен, «ҚазМұнайГаз» бен ERG сияқты халықаралық нарықтарда белсенді жұмыс істейтіндер арасында көптен енгізіліп келеді. Осы бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін ірі компаниялар, тіпті тәжірибе алмасу алаңына айналған «Ұлттық ESG клубын» құрып, қаржы ұйымдарының, өнеркәсіптік компанияларының басын біріктірді. Қазірде ұлттық мұнай-газ операторы ESG-тәуекелдер бойынша рейтингтерге қатысады. Былтыр желтоқсанда Sustainalytics рейтингтік агенттігі «ҚазМұнайГаз» рейтингін 28,4 ұпайға дейін жаңартты. Агенттік сарапшыларының пікірінше, ҚМГ корпоративтік басқарудағы бизнес-этика мәселелерін күшейту есебінен өз бағасын жақсарта алды. Осының арқасында компания Sustainalytics агенттігі бағалаған 270 әлемдік мұнай-газ компаниялары арасында топ-20-ға кірді. Сонымен қатар ҚМГ қоршаған ортаға әсерді бағалау мен басқару үшін 2019 жылы алғаш рет CDP (Carbon Disclosure Project) Климаттық бағдарламасы шеңберінде 2018 жылғы парниктік газдар шығарындылары бойынша есепті жариялады. Осылайша, компания тауарлық өнімнің барлық көміртегі ізін ұңғымадан бастап, оны түпкілікті пайдалануға дейін бағалау бойынша жұмысты бастады. Шетелде көміртекті реттеу бойынша шаралар белсенді түрде қатаңдатылып жатқанын ескерсек, бұл ‒ халықаралық деңгейде жұмыс істеудің маңызды аспектісі.
Ауыр өнеркәсіп және өндіруші сектор компаниялары қоршаған ортаға тікелей әсер етуіне, сондай-ақ инвесторлардың күтулерінің ықпалына байланысты ішкі нарықта ESG қағидаттарын жүйелі енгізудің алғашқылары болды. Тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының экономика мен өмірдің барлық саласында атқаратын рөлі зор. ТМК еліміздің ІЖӨ-нің 10%-дан астамын және өнеркәсіптің жалпы қосылған құнының үштен бірін қамтамасыз етеді. Республикамызда өнеркәсіп секторының он қызметкерінің үшеуі ТМК кәсіпорындарында жұмыс істейді. Демек сала қызметінің ерекшелігі экологиялық қатерлер бөлігінде де, әлеуметтік мәселелерге қатысты да жоғары ESG-тәуекелдерді қарастырады. Сектор компанияларының ESG қағидаттарына бейілділігі мемлекеттің әл-ауқаты үшін аса маңызды.
ESG қағидатын бұлжытпай ұстанудың тағы бір үлгісін Eurasian Resources Group көрсетіп отыр. Компания экологиялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, тұрақты даму туралы арнайы есептер әзірлеумен ерекшеленеді. Сондай-ақ Еуразиялық топ ел тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, жастардың кәсіби біліктілігін шындауға, денсаулық сақтауды дамытуға және басқа да мақсаттарға бағытталған өңірлік даму бағдарламасын қабылдаған. Бүгінгі таңда облыс әкімдіктерімен меморандумдарды қоса алғанда, ел өңірлеріне бағытталған әлеуметтік инвестициялардың жалпы сомасы 1,1 млрд доллардан асты. Тек 2022 жылы үш өңірде саябақтарды абаттандыру мен аулаларда алаңдар орнатуды қоса алғанда, 44 жобаға инвестиция бөлінді. Сондай-ақ экологиялық жобалардың ішінде Ақтөбе облысында «Хромтау» жел электр стансасы құрылысының басталуын атап өтуге болады. Қуаты 155 мегаватқа дейінгі ЖЭК нысаны келер жылы өз жұмысын бастамақ. Соның арқасында атмосфераға көмірқышқыл газының шығарындылары жылына 520 мың тоннаға қысқарады, бұл елдегі көмір генерациясын төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы, ERG қатты қалдықтарды 56%-ға, ластаушы заттарды 30%-ға азайтуға көмектесетін өз экологиялық стратегиясын қабылдап, 2030 жылға дейін бағдарламаға шамамен 228 млрд теңге инвестиция бағыттап отыр. Орнықты дамуды мақсат еткен компаниялардың осындай жобалары азаматтардың әл-ауқатын арттыра отырып, өңірлердің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосады.
Бүгінде еліміздің қаржы институттары бүкіл бизнес жүйесінің ажырамас элементтері бола отырып, тәуекелдерді жақсырақ басқару және стратегиялық артықшылықтар алу үшін бизнес үлгілеріне ESG енгізу бойынша белсенді іс-әрекет жасайды. Өйткені «жасыл» экономиканы қаржыландыруды қамтамасыз ету, тұрақты даму қағидаттарын ескере отырып, компаниялардың трансформациясын ынталандыру қажет. Сондықтан қаржы ұйымдарында ESG енгізу, сондай-ақ «жасыл» қаржыландыру нарығын дамыту мәселелері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің күн тәртібіне енгізілген.
2022 жылы елімізде «жасыл» қаржыландыру үшін барлық қажетті құқықтық орта қалыптасты. Өнеркәсіпті несиелеу жөніндегі ірі мемлекеттік қаржы институты ‒ Қазақстанның даму банкі жуырда ESG енгізу бойынша өзінің жол картасын бекітті. Құжатта барлық белгіленген тапсырмаларды орындау үшін арнайы жұмыс тобын құру және ESG критерийлеріне сәйкес жобалар қоржынын дайындау сияқты ESG қағидаларын енгізудің нақты қадамдары белгіленген. Сонымен қатар банк «жасыл» қаржы құралдарын қолдана бастады. Биыл наурызда Қазақстан қор биржасында ҚДБ-ның «жасыл» облигацияларының бірінші шығарылымын орналастыру бойынша сауда-саттық өтті. Түскен 10 млрд теңге батыс өңірдегі бірыңғай энергожүйені жаңғырту үшін пайдаланатын KEGOC компаниясының облигацияларын сатып алуға жұмсалды. Нәтижесінде, жүйедегі шығындар азайып, электр стансаларында энергия аз жұмсалатын болады. Жалпы, жауапты қаржыландыру тақырыбы қазіргі заманғы банк мазмұнына берік енді. Ірі отандық банктер экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық жауапкершілік қағидаттарын өз стратегияларына біріктіре бастады. Ағымдағы жылы бірінші болып Тұрақты даму туралы есебін Jusan Bank шығарды. Бұл ретте банк бөлек есеп жариялайтын ЕДБ қатарына кіреді.
KASE 8 жылдан астам уақыт бойы БҰҰ-ның «тұрақты биржалар» бастамасына қосылған бүкіл әлем бойынша бірнеше биржаның бірі бола отырып, отандық нарықта ESG күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. KASE ESG қағидаттарын насихаттаумен, тұрақты даму туралы ақпаратты оқытумен және ілгерілетумен айналысып қана қоймай, «жасыл», әлеуметтік және өзге де жобаларды қаржыландыру үшін бағалы қағаздарды шығару мен орналастыруды белсенді дамытады. Бүгінде KASE-де халықаралық қолдау институттарының (АДБ, ЕАДБ), сондай-ақ жергілікті институттар мен ұлттық компаниялардың (ҚДБ, «Даму», «Бәйтерек» ҰБХ еншілес компаниялары) ESG-облигациялары орналастырылған.
Ірі компаниялардың ESG-қағидаттарын өзінің бизнес-моделіне енгізуінің арқасында еліміз халықаралық деңгейде оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Мысалы, 2022 жылғы ESG саласындағы халықаралық рейтингке сәйкес, еліміз 38,68 бағасымен 183 ел арасында 53-орынды иеленді. Бұл ретте өңірде ЕАЭО мен ОА арасында көшбасшы болдық. Қалған елдер бізден едәуір артта қалғанын жалпы рейтингте Армения – 65, Қырғызстан – 67, Беларусь – 79, Ресей – 92, Түрікменстан – 94, Өзбекстан – 100, Тәжікстан – 115-орында тұрғанынан байқауға болады. Осылайша, біздің бизнес тұрақты даму және ESG мақсаттарын іске асыруға белсенді қатысатынын байқатты.
Алайда ірі бизнес пен квазимемлекеттік сектор компаниялары қабылдаған қадамдарға қарамастан, жалпы отандық экономиканы дамытудың нақты ESG бағытына дейін әлі ұзақ жүруге тура келеді. Мәселен, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде «жасыл экономика» бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды қаржыландыруға бөлінген қаражат көлемі, тіпті дағдарысқа дейінгі жылдардың өзінде шамамен 1,4-1,6 млрд теңге көлемінде ғана болған, ал 2021 жылы тіпті 204 млн теңгені құрады. «Жасыл» құрылыста орындалған жұмыстардың үлесі елдегі барлық құрылыс жұмыстарының шамамен 0,3%-ын ғана алады. ESG жобалары ұзақмерзімді және көп капиталды қажет етеді. KASE немесе АХҚО сияқты институттар «жасыл» қаржыландыруға қол жеткізуді жеңілдету үшін күш салып жатса да, «жасыл» жобалар мен ESG-бастамалар үшін арзан әрі ұзақ мерзімді ресурстардың көзі бізде жоқ.
Ұлттық статистика бюросының конъюнктуралық зерттеуіне сәйкес, елдегі сауалдамаға қатысқан кәсіпорындардың 88%-ы ESG тұрақты даму алғышарттарымен таныс емес. ESG қағидаттарын білетін кәсіпорындардың ең көп үлесі Жетісу (25,5%), Ұлытау (23,1%), Павлодар (21,7%), Атырау (21,1%) және Батыс Қазақстан (18,5%) облыстарында. Ең нашар көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында тіркелген. Зерттелген кәсіпорындарды ESG белгілеріне сәйкестік деңгейі бойынша талдау олардың 72%-ы тұрақты дамудың экологиялық алғышарттарына, 69%-ы корпоративтік басқару алғышарттарына сәйкес келмейтінін көрсетеді. Компаниялардың тек 29%-ы ғана тұрақты дамудың әлеуметтік алғышарттарына сай емес, ал 71%-ы бұл ESG параметріне үлкен жауапкершілікпен қарайды.
Осылайша, ESG ‒ ұзақ мерзімді жоспарлар мен елеулі инвестицияларды қажет ететін даму бағыты ғана емес, талай компаниялардың дүниетанымы мен стратегиясын өзгерткен фактор. Тиісінше, ірі бизнестің, сала көшбасшыларының орнықты даму қағидаттарын ұстануы айрықша маңызды.