• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Дін 20 Шілде, 2023

Деструктивті діни ағымдардың жетегіне кететіндердің көпшілігіне ғаламтор әсер етеді - дінтанушы

319 рет
көрсетілді

Дінтанушы Тоғжан Ғалымова қазіргі таңда қолға қару алып соғысу ескірген әдістердің қатарында екенін айтты. Адам санасына өзге идеологияны сіңіру үшін қоғам арасына шығып үгіт-насихат жасаудың да қажеті жоқ. Қашықтан отырып өзге күштерді пайдалана отырып арам пиғылды іске асырып, қылмысқа итермелеуге болады. Бұндай теріс әрекеттердің барлығы ғаламтордың көмегімен жүзеге асырылады.

Әлеуметтік желі - қармаққа ілудің ең қолайлы әрі тиімді құралы. Қазір еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін осы ғаламтор көзін пайдаланады. Қазіргі таңда әлемде интернетті пайдаланушылыр саны 4 жарым миллиард адамды құраса, Қазақстанда 18 миллионға жуық адам ғаламторда отырады. Бұл деструктивті діни ағым өкілдері үшін мүмкіндік жоғары екенін аңғарамыз.

Деструктивті ұйымдардың өкілдері әлеуметтік желілерде түрлі жолдармен өз культтерін насихаттайды.  Деструктивті сипаттағы тыйым салынған материалдары бар өз әдебиеттерін, аудиожазба, жазбаларын, мақалаларын жариялап, қалаулары бойынша топ ашып, адамдармен тікелей байланысқа шыға алады. Әрине мемлекет тарапынан тыйым салынған топтарды жойып, дер кезінде өшіруге барынша тырысады. Бірақ интернеттің қарқынды жұмыс жасауына байланысты, сонымен қатар мыңдаған адамдарға қолжетімді дүние болғандықтан барлық деструктивті бағыттағы аккаунттарды жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан интернеттен діни ақпарат алғанда тек сенімді көздерден алу керек.

Қазір тексерілмеген діни ақпараттарды әрбір адамның әлеуметтік желідегі жеке парақшасына сілтеме түрінде немесе почтаға спам түрінде жіберуге мүмкіндік бар. Ислам, пайғамбарлар тарихи, тозақ отынан сақтан, ақыреттің азабы, исламдағы махаббат сынды қызықты тақырыптардың астарында қандай посттар жазылғанын, оны қандай адам жазып отырғанын ешкім білмейді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, деструктивті діни ағым өкілдерінің ықпалына кететіндердің 88%-на осы әлеуметтік желілер тікелей ықпал етіп отыр. Ал 70% адам өзінің діни сауатын интернет ашады екен. Бұдан шығатын қорытынды, критикалық ойлау жүйесі қалыптаспаған, психологиялық әлсіз немесе өмірінде кез-келген проблемасы бар адам жаһандық ақпараттық-коммуникацияның кесірінен түзу жолдан адасып кетері сөзсіз. Әсіресе бұл қатарда жастардың үлесі басым. Радикалды ағымдар көбінесе «Facebook», «Вконтакте», «Tapatalk», «Одноклассники», «Instagram», «Telegram», «Tik-tok» әлеуметтік желілерін қолданады. Себебі бұл желілер жастар арасында қолданысқа ие.

Діни радикалды топ өкілдері адам санасына әсер ететін барлық дерлік психологиялық әдістер мен заманауи мүмкіндіктерді жетік меңгерген: әртүрлі онлайн форумдар, ойындар, жастарды қызықтыратын подкастар және жабық чаттар. Күннен күнге өздері жасайтын контенттің сапасы мен санына да назар аударатындығына зерттеу кезінде көзіміз жетуде.

Түзу жолдан жаңылатындардың көпшілігі - жұмыссыз жастар. Сол себепті әлеуметтік желіде ақша табуға ұмтылатын жастар саны артып жатыр. Виртуалды әлемнің мүмкіндігін пайдаланар алдында кімге және қандай мақсатта жұмыс жасап жатқанын адамдар ұмытпаған жөн. Мысалы, интернетте виртуалды қажылық жасау, онлайн түрде жамағатпен құлшылық рәсімін орындау, білімін онлайн арттыру сияқты түрлі қызмет түрлері бар. Кейде ойлау жүйесі дамыған адам үшін миға қонымсыз заттар, екінші адам үшін дұрыс сияқты көрінуі мүмкін.

Сөз соңында, ғаламтордан ақпарат алғанда барынша сақ болуға шақырамын. Қандай да бір күдікті дүние байқасаңыз сұрақ қойып, нақтылап, барынша абай болған жөн.