«Айдар дегеніміз – төбесінің орайындағы тумысынан алынбаған һәм арнайы қалдырылған бір шоқ қарын шашы» деген анықтама беріліпті 2011 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық энциклопедияда (1-том, 86-бет).
Бірақ жоғарыдағы «айдар» туралы анықтама бұл атаудың тарихи-символикалық мағынасын толық ашып тұрған жоқ. Өйткені ерте кезде айдарды тек жас балалар ғана емес, үлкен адамдар да қоятын болған. Қазақтың ауыз әдебиетінде «айдарлы ұл», «тұлымды қыз» тіркестері көп кездеседі. Мысалы, батырлар жырында «Тұлымдысын тұл қылды, айдарлысын құл қылды» деген сөз орамдары бар.
Толықтырып айтар болсақ, айдар қою салты – ежелгі түркі, мажар, оғыз, селжук, қыпшақ, моңғол, мәнжі, қалмақ, т.б. халықтардың бәрінде болған. Тіпті жеке тұлғаның айдарына қарап, оның мәртебесін анықтайтын түсінік қалыптасқан. Қазақтың «айдарынан жел есті» дегендегісі осы. Сол сияқты «Жәнібек батыр» жырында:
Айдарын ұстай кесіп басын алды,
Мойнында батыр деген тасын алды, – деген тіркес бар. Соған қарағанда Жәнекеңмен шайқасқан қалмақ батыры айдарлы болғанын аңғарамыз.
Осы орайда айтпағымыз туысқан Түркия Республикасының Елазыг провинциясына (облысы) қарасты Баскил өңірінде орналасқан Теслим Абдал ауылының қорымынан бұрымдап өрген айдарлы мүсін табылып отыр.
Бұл бейнеде өздеріңіз көріп отырғандай, мүсіннің дәл төбе орайынан бастап өрілген шаш беліне түсіп тұр. Тіпті айдардың сәнделген бұрым іздерін де көруге болады. Мұндай айдарлы мүсін әлемнің басқа өлкесінде кездеспейді. Бұл жәдігер сондығымен де құнды.
«Мұндай өрілген шаштар көне түріктерден жеткен дәстүр екені анық. Өйткені олар адамның қуат-қаруы шашында деп есептеген. Сөйтіп, ел қорғаны батырлар айдар қоятын болған. Батыр өлгенде шашын кесіп алып өзімен бірге көметін дәстүр болған» деп жазыпты Түркия зерттеушілері.
Қалай десек те, айдар қою – аталарымыздан қалған дәстүр. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін үзілген жоқ. Елдің бар өңірінен айдарлы ұлдарды бүгін де кездестіруге болады.