Алматының өткенінен сыр шертетін тарихи нысандар замана сыпатына сай сән түзеген зәулім ғимараттардың тасасында қалмауы қажет. Мемлекет басшысы көне шаһардың тарихи келбетін сақтау «бармақ басты, көз қысты» қарайтын мәселе емес екенін қала билігіне шегелеп тапсырған болатын.
Туризм арқылы тынысын кеңейтіп, экономикасын еселеген елдер саяхатсүйер қауымды өзінің тарихи нысандарымен-ақ баурап отыр. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі сәулет, халқына ұшан-теңіз дәулет әкеліп жатыр. Бұл тұрғыда бір ғана бауырлас түрік елін алға тартсақ жеткілікті. Бірер жыл бұрын Алматыны дамытуға бағытталған кеңесте Президент бұрынғы қала құры лысын жоспарлау кезінде біраз қателік кеткенін, бұдан былай орталық аудандарда тығыз құрылысқа тыйым салып, саябақтарды көбейту қажетін баса айтқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыстарды жолға қоюға жаңа қадамдар жасалғанымен, әлі де терең зерделеуді қажет ететін мәселелер аз емес.
– Өткен 20 жылда тау баурайындағы аңызға айналған алма ағаштары түп-тамырымен жойылып, төбелердің басына дейін үйлер салынды. Мұның екі себебі бар. Біріншісі – халық санының өсуі, екіншісі – тау алқаптарындағы көрікті жерлердің жаппай сатылуы. Бір қателік бірнеше қиындықтың қақпасын ашып берді. Бұл өз кезегінде қала экологиясын есеңгіретті, аймақтың сейсмикалық қауіпті аумақта орналасуы мүлдем ескерілмейтін болды. Бұл жеңіл қарайтын жағдай емес. Қазір қала ішінде кішкентай бос орын пайда бола қалса, бірден алып тұрғын үй бой көтереді. Мұның салдары қаланың тығыздығын арттырып, тұрғындардың жайлы өміріне қолайсыздық тудырып отыр, – дейді сарапшы Олжас Есенбаев.
– Дегенмен бұл жайтты жан-жақты қарастырған жөн. Басты қынжылтатын жайт, жаппай салынып жатқан құрылыс нысандарында жалпы қалаға ортақ эстетикалық талғам қалыптаспауы. Мәселен, Анкара мен Ыстанбұлға барсаңыз, әуежайдан бастап сол елдің рухы сезіледі. Яғни құрылыс нысандары ұлттық ерекшеліктерге бейімделіп жасалған. Айталық, үй шатырларының түсі біркелкі. Көлік жолдарының өзі табиғи ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған, ұқсата білу, табиғаттың өз әдемілігін бүгінгі күнмен тиімді үйлестіру деген дүниені байқайсыз. Бізге осы нәрсе жетпейді, қала ішінде биік төбе болса, соны күреп тастап, әйнек ғимарат салғанды жақсы көреміз. Сонда табиғи ерекшелік, ұлттық бренд қайда қалады, – дейді ол.
Қаланың тарихи келбетін сақтау ескіге жабысып, жаңаны жолатпау деген ұғым емес. Жылдар жылжыған сайын заманға сай жаңа ғимараттардың бой көтеруі заңды. Мәселе – сол нысандарға ортақ бірізділік қалыптастыру әрі қаланың өзіне тән ерекшелігін жоғалтпау. Алматы жасыл желек құшағында, әсем таулардың баурайында орналасуымен ерек. Яғни біз айтып отырған игілік қаланың басты артықшылығы болып қала беруге тиіс. Академик Ораз Баймұратов аталған жайға қатысты өз қынжылысын жеткізді.
– Мені алаңдататын ахуал – Алматының эстетикалық келбеті. Өйткені ғимараттардың бірі қызыл болса, енді біреуі жасыл. Мекемелердің түр-түсі де әркелкі. Қарасаңыз, ортақ үйлесім таба алмайсыз. Осы орайда қаланың архитектурасына, құрылысына ортақ стандарт қажет-ақ. Нысандарда өзара үйлесім мен байланыс болса дейсің. Себебі бұл – үлкен мәдениеттің белгісі. Мәселен, Еуропаның кез келген мемлекетіне бара қалсаңыз, ғимараттардың эстетикалық талғамы есіңізді алады. Бәрі біркелкі. Ортақ стандарт бірден көзге ұрады. Бізге де осы қажет. Қала билігі құрылыс жүйесін қатаң қадағалап, кеткен кемшіліктердің орнын толтыруы керек. Ол үшін ортақ стандарт қалыптастырып, құрылысшылар мен кәсіпкерлерге жоғары талап қою қажет, – дейді академик.
Аумағы артқан сайын құрылысы да қарқын алған Алматының бүгінгі сәулеті былтырғы қаланың бас жоспары талқыланған басқосуда назардан тыс қалған жоқ. Есте болса, шаһарды бірыңғай дизайн код бойынша көріктендіріп, сәулетін біркелкілендіру жұмысы бірер жыл бұрын көтерілген болатын. Алматының сәулетін айқындайтын дизайн кодта тұрғын үйлердің қасбеті қандай түспен боялуы керектігі, балкондардың біркелкі жабдықталуы, тіпті жарнама сөрелерінің қалай орналасуына дейін құжатқа енген. Бұл бағыттағы оң өзгерістерді әсте жоққа шығара алмаймыз. Соңғы уақыттары саябақтар мен жол жиектерінде ұлттық нақышта көмкерілген түрлі мурал пайда бола бастады. Сапа мен талғам біріне-бірі сай болса, ғимараттардың сырт келбеттері этностық нақыштармен өрнектелсе деген пікірлер ауық-ауық айтылып жүр. Жер сілкіну қаупі жоғары өңірдегі тұрғын үйлер мен ғимараттардың тиісті нормаға сай салынуы – өз алдына бөлек әңгіме. Қаладағы ғимараттарға жүргізілетін сейсмикалық аудит құрылыс сапасына қатысты біраз жайдың бетін ашпақ.
Жүйелі шешім қабылдау, жұртшылықты аумақтарда құрылыс салуды талқылауға тарту, сондай-ақ бизнесті қолдау үшін теңдестірілген шешімдер қабылдау мақсатында Алматы әкімі Ерболат Досаев жауапты басқармаға туындаған мәселелерді оңтайлы шешу үшін қала құрылысын реттейтін жаңа ережелерді қатаң сақтауды тапсырған болатын. Жаңа жоба бойынша әрбір алматылық қаланың қоғамдық кеңістігін өзгерту бойынша өз идеясын ұсына алады. Қала тұрғындарының барлық ұсыныстары эскиздерді әзірлеу кезінде қаралып, ескерілмек.
Қалай дегенде де сең қозғалды. Түркиядағы дүлей дүмпуден кейін сейсмикалық ошақта орналасқан қаланың құрылыс сапасына тереңірек көңіл бөліне бастағандай. Әсіресе шаһардың тарихи орталығын қалпында сақтап қалуға мән беріліп отыр. Жауаптылардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта салынатын нысандардың «дизайн код» талаптарына сай болуы қатаң қадағаланады. Ал қаладағы жүзге тарта тарихи ғимараттың бастапқы келбеті өзгертуге ұшырамайды, олар заңмен қорғалатындықтан, тек жаңартылып отырмақ.