Қоғамның өз талап-тілегін ұжымдық өтініш арқылы жеткізу үрдісі – әлемнің дамыған елдерінде әлдеқашан қалыптасқан дүние. Технология өрістеген жаңа мүмкіндіктер дәуірінде халық үнін өркениетті түрде білдірудің тиімді тәсілі біздің қоғамнан да көрініс таба бастағандай.
Елдегі саяси өзгерістердің ошағы саналатын Алматы жұртшылығы қала әкімі Ерболат Досаевтың қызметінен кетуін талап еткен петиция жариялап, оған 57 мың адам қол қойғаны оңтүстік астананың саяси өмірінде қызу талқыланған оқиғаның біріне айналды. Петицияға қатысушылардың 42 мыңы «Әкім отставкаға кетсін» десе, қалған 13 мыңы жалпы петицияға қарсы екенін білдірген. Петицияны ұйымдастырушылар алматылықтардың ашуына тиген негізгі мәселе – қаладағы бітпейтін құрылыс пен жөндеуді қажет етпейтін жолдардың қайта-қайта қопарылуы екенін алға тартқан. Сондай-ақ белсенділер жыры жылдар бойы жалғасып келе жатқан экология мен көлік кептелегін сынға алып отыр.
Қала әкімі шаһардың Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінде аталған сұраққа жауап беруден бас тартқанымен, Алатау ауданында өткен жүздесуде бұл мәселеден айналып өте алмады. Ерболат Досаев Алматыда 2,2 миллионнан астам адам тұратынын, петицияға қол қойған 57 мың адамның арасында бот-адамдар болуы мүмкін екенін, өйткені сайтта дауыс бергендердің аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі жазылмағанын алға тартты.
«Мүмкін боттар жақсы жұмыс істеп жатқан шығар. Өйткені петицияға қарап, ЖСН мен фамилиясын көрсетпегендердің бар екенін байқадым. Осы жерде көтерілген мәселелерге келсек, олардың орындалуын қадағалаймын. Қаланың түрлі оқиғалар тізбегі толассыз өрбіп жататын тірі механизм екенін ұмытпайық. Сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды, бірақ менің жұмысыма осы қызметке тағайындаған Мемлекет басшысы баға беретін шығар», деп жауап берді Алматы әкімі.
Досаевқа қарсы петиция аясында қызметінен кету туралы бірінші рет сұралып отырған жоқ. Бұған дейін әкім Әл-Фараби даңғылындағы жөндеу жұмыстарына байланысты туындаған қолайсыздықтар үшін қала тұрғындарынан кешірім сұраған болатын.
«Соңғы 5 жылдың ішінде Алматыда 400 тұрғын үй кешенін салуға рұқсат берілді. Ол кезде Сағынтаев та, Байбек те әкім болды. Өзге өңірдің ірі кәсіпкерлері ақшаны алдымен Алматыда тұрғын үй салуға құяды. Қазірдің өзінде қалада инфрақұрылымға қатысты мәселе шиеленісіп тұр. Жасыратын түгі жоқ. Әкім мұны жалғыз өзі шеше алмайды деп ойлаймын. Сондықтан бұл қауіпсіздік кеңесінде көтерілуі керек», дейді экономист Расул Рысмамбетов.
Алматылық белсенділердің бастамасын мәселеге тұздық ретінде ғана қозғап отырмыз. Сарапшылар соңғы жылдар бедерінде елдегі азаматтық қоғам ояна бастағанын, бұл өз кезегінде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының, ашық қоғам қалыптастырудың алғашқы баспалдағы екенін айтады.
– Әділетке қайшы келетін кез келген оқиғаға қатысты көпшіліктің үнін жоғарыға жеткізіп, қоғам назарын аудару – демократияны алға ұстаған мемлекеттердің тәжірибесінде көптен бері қалыптасқан құрал. Оның ең оңтайлы жолы – петиция. Бұл – әсіресе АҚШ-та, Батыс елдерінде орныққан, өз тиімділігін дәлелдеген формат. Халықтың сын садағына іліккен қаншама лауазымды тұлғалар өз қызметінен кетуіне тура келді. Бір қызығы Батыс елдерінде бұл тек саясаткерлерге емес, өнер жұлдыздары мен танымал тұлғаларға да қатысты қолданылады. Қоғам сынына ілікпес үшін әркім өз қызметін мінсіз атқаруға, көпшілік алдында өзін дұрыс ұстауға тырысады. Бұл – бір жағынан өркениетті қоғамның ісі. Ондай мемлекетте петицияның күші онша-мұнша ереуілдер мен көтерілістерден кем түспейді. Айғайлап, аттандамай-ақ талап-өтініштерді орындатудың оңтайлы жолы осы. Алайда бұған жан-жақты қараған дұрыс. Ең алдымен, қоғамның саяси мәдениетін қалыптастыру маңызды. Петиция жариялаудың жөні осы екен деп негізсіз айып тағуға, жеке мүдделердің сойылын соғуға болмайды. Халық ұрда-жық ұранға, әлдекімдердің айтағына еріп кетпеуі керек. Қоғам әділдікке жүгініп, «ақты ақ деп бағаласа, қараны қара деп қараласа», әрі жоғары билік көпшіліктің өтінішіне құлақ асса, петиция өз мұратына жетеді, – дейді саясаттанушы Ғалым Елеусізов.
Сарапшылар атап өткендей, ұжымдық өтініш білдіру үрдісі – жіті зерделеуді қажет ететін нәзік мәселе. Азаматтар кез келген петицияға айғайға айтақ қосу үшін емес, мәселені ой елегінен өткізіп барып қана үн қатуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында: «Азаматтарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалуға тиіс. Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс», деген болатын.
Президенттің ашық қоғам құруға бағытталған бастамасымен қолға алынған заң жобасында адам құқықтары мен бостандығының бұзылмауы, қоғамдық тыныштыққа нұқсан келтіретін жайттарға жол бермеу, сондай-ақ елдің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы мен шекарасы, сот төрелігі, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті сақтау, халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерді орындау, мемлекеттік тілдің мәртебесі секілді тағы басқа бірқатар мәселелер петицияға арқау бола алмайды деп көрсетілген.
Қоғам белсендісі Мейрамбек Рысбақовтың сөзінше, әрбір дамыған елдің қоғамдық-саяси өмірдегі тарихи оқиғалары дамушы елдерде де қайталанып отырады, бейбіт митингтер мен ұжымдық өтініштер демократиялық бағыт ұстанып, азаматтардың талап-тілегі ескерілетін мемлекеттердің өміріндегі қалыпты құбылыс. Алайда мемлекет тыныштығын бұзуға, елге іріткі салып, жат қылықтарға жетелейтін петицияларға заңға сәйкес жол берілмеуі керек.