• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

449 рет
көрсетілді

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫ ҚАҚТЫҒЫССЫЗ ЖАСАУҒА БОЛМАЙ МА? Жерорта теңізінде газа секторына қайырымдылық көмек жүктерін алып бара жатқан “Азаттық флотилиясы” деп аталатын кемелер тобымен Израиль қарулы күштерінің арасындағы қақтығыс бүкіл әлем жұртшылығын дүрліктірді. Қайырымдылыққа қарсы тұрды деп жұрт­­тың көпшілігі қазір Израильді ай­ып­тап жатыр. Өз ке­зегінде Израиль ке­ме­лерді тексерген кезде қайы­рым­ды­лық жасаушылар күш қолданды деп ақталады. Күш қол­дан­ғанда, пышақ, темір таяқтар, тіпті отты қаруларды пайдаланған соң, израильдіктер қорғаныс мақсатында оқ атыпты. Соның салдарынан, бір деректерге қара­ғанда 19 адам, ал израиль­дік­тер­дің айтуынша 9 адам қаза тапқан. Оқиғаға баға бермес бұрын жалпы оның қалай пайда бол­ға­нына тоқталайық. Палестина автономиясының Газа сек­то­рын­да ХАМАС ұйымы билік жүр­гізеді. Олардың Палес­тинаның орталы­ғына бағынбауы өз алдына, Из­раиль­ге қарсы бітіспес күрес жүргізуді бағдар тұтып, бұл елмен тұрақты соғыс жағдайында десе де болады. ХАМАС-тың әскери күші Израильге әрқашан аранда­ту­шылық мақсатта зымы­ран­мен оқ атып, оған жауап ретінде еврей мемлекеті әскери опе­рациялар өткізіп, оның қор­ға­ныс нысан­дарына шабуылдар жасап, айтарлықтай соққы да бе­ріп жатады. Соның салдарынан бейбіт халықтың да құрбан­ды­ғына жол беріліп, оны әлем жұртшылығы айыптайды. Дәл осы жерде екі жақтың бірін ақтап, екіншісін айыптау қиын. Күші басым Израильді көп күш қолданба, одан бейбіт халық зардап шегеді деп айыптаған күнде, Таяу Шығыстағы шие­леністің келіссөзбен шешілуіне жан-тәнімен қарсы және әрқа­шан арандатушылық әрекетке баратын ХАМАС-ты қайтіп ақтарсың. Қалыптасқан жағдайда Израиль Газа секторында билік жүргізу­шілердің сырттан қару-жарақ алуына мүмкіндік бермес үшін бұл аумақты қоршауға алған. Кезінде хамастықтар қару-жа­рақты Египет шекарасы ар­қы­лы алса, Израиль­дің күш қолдануы ар­қасында оған тоқтау жасалды. Тіпті қайырым­дылық көмектің өзі БҰҰ арнасы арқылы жеткізілуі тиіс. “Азаттық флотилиясы” осы та­лапты бұзып отыр. “Азаттық флотилиясына” Түркия, Ұлы­британия, Ир­ландия, Гре­кия, Кувейт және Алжир жасақтаған ал­ты кеме кіреді де, олар Газа секторына дә­рі-дәрмек, құ­рылыс ма­те­риал­­­дарын және мүгедектер ар­басын апармақ екен. Олардың бортында 700-дей адам болыпты. Олардың қатарында негізінде Еуропа және арабтардың құқық қорғаушылары, Еуропарламенттің бір топ депутаты, тіпті Нобель сыйлығының 1976 жылғы лау­реаты Мейрид Макгуайр да бар. Израиль бұл рейсті әуел бас­тан саяси арандату әрекеті санап, ондағы адамдардың қатарында құқық қорғаушылармен қатар, жүздеген арандатушылар бар­лы­ғын айтып, кемелерді Газа ж­а­ға­лауына жібермейтінін мәлімдеген. Іс жүзінде солай болып шықты. Тікұшақ және әскери катер ар­қы­лы “Азаттық флотилиясы” ке­мелеріне енген израильдік ар­нау­лы бөлім жасақшылары тек­серіс жүргізбек болғанда, қақ­ты­ғыс орын алған. Израиль­діктердің мә­лім­­деуінше, олар ке­ме­лерді Аш­дод портына апа­рып, құқық қор­ғаушыларды елдеріне қай­та­рып, қайырым­дылық жүк­те­рін жер үстімен Газаға жет­кізбек екен. Израильді әлем айыптап жа­тыр. Еуроодақ және Араб мем­ле­кеттері лигасы (АМЛ) айыптады. АМЛ халықаралық қоғам­дас­тықтан Израильді ауыздықтауды талап етсе, ХАМАС ұйымы бүкіл араб және мұсылман елдерін Из­раи­льге қарсы бірігуге шақырды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі де бұл мәселені 12 сағат бойы талқылап, онда екі жақ бірін-бірі айып­таумен болды. Жалпы, Израильді айыптаушылар көп. Израильді айыптаған жөн шығар. Қайырымдылық ниетпен жүргендерге тиіспеуі керек еді дейміз бәріміз де. Өкінішке қарай, Израиль көмек діттеген жеріне аман-есен жетсе, Газа секторына қатысты қолданылған санкция талабы бұзылады дегенді желеу етіп, күш қолдануға барды. Содан да қақтығыстың одан әрі ушыға түсуі әбден мүмкін. ГРУЗИЯДА БИЛІКТЕГІЛЕР ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ Көп жерде жергілікті органдардың сайлауына оншалықты мән берілмейді. Ал Грузияда жағдай өз­гешерек. 30 мамырда өткен муниципалдық сайлауда билік пен оппозиция күштерінің арасалмағы айқындалғандай бол­ды. Бір сөзбен айтқанда, президент Михаил Саакашвилидің партиясы жеңіске жетті. Алдын ала жа­салған қорытынды бойынша, би­лік­тегі “Ұлттық қоз­ғалыс” партиясы 66,44 дауыс пайыз жи­нап, енді жер­гілікті орган­дарға өз өкілдерін кө­бі­рек жібереді. Екі­н­ші орында хрис­тиан­дық демократтар – 11,5 па­йыз, оппозициялық “Грузия жо­лын­дағы одақ” үшін сай­лау­шы­лардың 9 пайыздайы дауыс беріп­ті. Аттары дардай партиялар – “Ұлт­тық кеңес” пен “Грузияны өнер­кәсіп құтқарады” партиялары 6,72 және 4,84 пайыз дауысқа ие болған. Бұл сайлаудағы ең басты мә­селе Тбилиси қаласының бас­шы­сын сайлау еді. Қалабасын сайлау алғаш рет өткізіліп отыр. Және оның қағидатты мәні бар. Бұл лауа­зымға ие болу ертеңгі күні президент сайлауына ықпал етпек, тіпті президенттікке жетудің ше­шу­ші сатысы деп бағаланды. Мұн­­да да биліктегілер жеңіске жетті. Саакашвилидің адамы деп есеп­телетін, 2006 жылдан бері Тби­­лиси басшысы болып келген Гиги Угулава 54 пайыз дауыс ал­ды. Оппозиция ойсырай жеңілді. Қала басшысының лауа­зы­мы­на соншалықты мән берілетіні – Тбилиси әкімшілік қана емес, елдегі рухани да орталық. Оның басшысы сол ортаға сүйеніп, бүкіл елдегі жағдайға ықпал етеді. Бұған дейін де солай болған. Қазіргі президент те кезінде Тбилисидің мэрі болды. Гиги Угулаваның Тбилисидің басшысы болып сайлануы елдегі саяси күштердің ара салмағын билікке қарай бұрды. Саакашвили – Угулава тандемі туралы әңгіме көп. Саакашвили қала мэріне қолдау көрсетсе, енді қисынға қара­ғанда ол ертең президент сайлауында бүгінгі қолдаушысына барынша көмектесуге тиіс. Биліктегілер жеңді дегенмен, оны “қамта­ма­сыз еткен” оп­по­зициядағы ал­ау­­­ыздық деген си­­паттаманың жаны бар. Оп­по­­­зи­цияның көк­­сей­тіні – би­­лікке жету. Осы бір мақсат ол­ар­ды бірік­ті­ре­ді де, бөледі де. Ортақ “жау­мен” күресте олар біріксе де, билікті бө­лісуге келгенде, жауша та­ла­сады. Гру­зияда билікке ұм­ты­ла­тын­дар өте көп. Осы жолда олар бір-бірін оңай сатады, бір-біріне оңай қарсы шығады. Бұл елдегі қазіргі оппозиция көсем­дерінің бәрі де – Нино Бурд­жанадзе де, Ираклий Ала­сания да, Зураб Ногаидели де Са­ак­ашвилидің күні кешегі серіктері. Тіпті Саакашвилиге жау бо­лып шыққаннан кейін де бұлар­дың басы біріге қоймай жүр. Үлкен лауазымды бір-біріне қи­май­ды. Барлық оппозиция ортасынан біреуді таңдап, оны Саакаш­вилиге қарсы қойып, соған қолдау көр­сет­се, оның нә­ти­жесі басқаша болары сөзсіз. Ал олар жеке-дара күреске шық­қанда, биліктен бұрын бір-бірінің аяғынан шалады. “Грузия үшін альянс” блогының көсемі Ала­сания Тбилиси басшылығы үшін күресіп жатқанда, Бурджа­надзе сайлауға бойкот жариялады, біраз оппозициялық партиялар өздері­нің қырдан аса алмайтын адамдарын ұсынып жатты. Сірә, грузиялық оппози­цио­нер­лердің басы бірікпеуі өз ал­дына, олардың стратегиялық, так­ти­калық қадамдары да шектеулі кө­рінеді. Бурджанадзе де, Но­гаидели де, Аласания да Ресейге барып, үкімет басшысымен, сырт­қы істер министрімен кездесулер өткізіп, Саакашвилиді жамандап қайтты. Ресеймен 2008 жылғы соғыс және Ресейдің Грузияға қарсы бүгінгі насихаты бұл саясаткерлерге ұпай әкеледі деу қиын. Сайлау да соны көрсетті. Мамадияр ЖАҚЫП.