Барған сайын күрделене түскен экологиялық ахуал көміртегі бейтараптығының өзектілігін үнемі еске салады. Осыған орай әлемде электр көліктеріне сұраныс артып келеді. Елімізде биылғы маусымдағы жағдай бойынша электр қозғалтқышты жеңіл көлік саны бір жыл ішінде 7 есе өскен. Дегенмен олардың жалпы автопарктегі үлесі болмашы ғана.
Қазба отынмен көп дәрежеде жұмыс істейтін көлік секторы парниктік газдардың кең таралып, ауаның ластануына себепші болып отыр. Сондықтан көміртегі шығарындыларын азайту ‒ атмосфераны тазартып, қоршаған ортаны сауықтырудың негізгі амалы. Түрлі зерттеу көрсеткендей, өндіріс, пайдаланылған энергияның шығу тегі мен кәдеге жарату есепке алынған бүкіл жұмыс циклі барысында электромобильдер дәстүрлі отынмен жүретін автомобильдерге қарағанда анағұрлым тиімді. Бұл артықшылық әлемдік автокөлік өнеркәсібінде электромобильдер өндірісін перспективалы бағыттардың біріне айналдырды. Қазірде баламалы көлік түрлеріне көшу қарқын алды. Біздің еліміз де жаһан бет алған көштен қалмай, экологиялық таза көлікті дамыту үрдісіне біртіндеп ілесіп келеді.
Әлемдік нарыққа назар салсақ, ең танымал электрокөлік ‒ Илон Масктың компаниясына тиесілі америкалық Tesla. Globalproductprices мәліметінше, осы жылдың шілдесіндегі жағдай бойынша бұл көліктің ең жоғары бағасы (66,5 мың доллар) Данияда тіркелген. Италияда, Венгрияда, Чехияда және Ұлыбританияда сәл арзанырақ сатып алуға болады. Көлік Қытайда (39,2 мың доллар), АҚШ-та және Пуэрто-Рикода (әрқайсысында 40,4 мың доллар) арзан. Қазақстандықтарға ұсынылған жаңа Tesla құны 14 млн теңгеден басталған, бұл бүгінде шамамен 31,5 мың доллар. Бірақ көрші Қытайдан келген көлік кеденнен өтпеген.
Жалпы, Ішкі істер министрлігінің 2022 жылғы наурыздан бастап биылғы наурызға дейінгі ай сайынғы статистикасы елдегі электромобильдер санының 631-ден 1,9 мыңға дейін айтарлықтай өскенін көрсетеді. Электр қозғалтқышы бар тіркелген автомобильдер санының күрт өсуі өткен жылдың желтоқсан айынан бастап байқалып, «жасыл» көліктер қатарына бір айда бірден 521 машина қосылған. Жаңа электрокарлардың сатылымы қаңтар-наурыз айларында белсенді жүрген. Бұл – кейінгі он жылдағы электромобильдер санының өсуіндегі алғашқы маңызды өзгеріс.
Соған қарамастан Қазақстанның жалпы автопаркіндегі электромобильдердің үлесі 0,1 пайызға да жетпейді. Елімізде бар болғаны 3,6 мың көлік ‒ 135 автобус, 226 жүк көлігі және 3,2 мың жеңіл көлік электр қуатымен жұмыс істейді. Өңірлік бөліністе электрмен жүретін жеңіл автокөліктің басым бөлігі ‒ 1,9 мыңы Алматыда тіркелген. Бір жыл ішінде олардың саны бірден 48,3 есе өсті. Бұл негізінен шаһарда қалталы кәсіпкерлердің көп шоғырлануына байланысты. Айталық, өзін-өзі жұмыспен қамтып, 1 млн теңге көлемінде жалақы алатындардың 89%-ы оңтүстік астанада тұрады. Ал елорда 325 экокөлікпен арадағы үлкен алшақтықты байқатты. Алғашқы үштікке 118 электрокөлікпен Алматы облысы да кірді. Электр қуатымен жүретін көліктердің ең азы Абай, Ақмола және Ұлытау облыстарында тіркелген: тиісінше 5, 7 және 8 ғана. Биыл әр өңірде кем дегенде бір электр қозғалтқышы бар жеңіл көлік болды.
Қалалық қоғамдық көлікті «жасылдандыру» негізінен Астана мен Алматыда байқалады, онда тиісінше 67 және 32 электр автобусы тіркелді. Ал елорда әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр қалалық маршруттарға электр қозғалтқышы бар 115 автобус шығарылған. Сондай-ақ жыл соңына дейін Астананың электр автобустар паркі 300-ге дейін ұлғайтылатыны хабарланған. Алайда бірқатар автосарапшының пікірінше, электр көліктерінің саны бойынша ресми статистиканың дұрыстығына күмән бар, анығында көрсеткіш өте төмен. Мәселен, ІІМ автокөлікті тіркеу кезінде иесіне отын түрін көрсетуді міндеттемейді. Бұл бағанды толтырмаған жаңа электр машиналарының кейбір иелері жалпы статистикаға енбеуі мүмкін. Елімізде электромобильдер саны бойынша деректерді жинау жүйесіндегі олқылықтарды ескерсек, бұл пікірді елемеуге болмайды. Сонымен қатар Қазақстандағы электрокарлардың бір бөлігі ‒ бензин және электр қозғалтқышы бар будандар. Ал аралас отынмен жүретін автомобильдер бойынша ІІМ жеке статистика жүргізеді. Оған (санаттарға бөлінбестен) бензин мен газбен жүретін электрлік будандар мен машиналар кіреді. Биыл сәуірде аралас отынмен жүретін 337,8 мың көлік тіркелді. Олардағы электр гибридтерінің үлесін анықтау мүмкін емес.
Артта қалған инфрақұрылым елде «жасыл» көлікті дамытуға мүмкіндік бермейді. Мысалы, қоғамдық зарядтау стансалары ел өңірлерінің барлығында бірдей жоқ. Ал өңіраралық трассаларда арнайы жанармай құю бекеттері туралы айту тіпті артық. Осы кемшіліктердің нәтижесінде электромобиль тек қалалық көлік қана болып қалады. Ашық деректерге сүйенсек, республикамызда тек екі мекеме ‒ «ЭЗС операторы» ЖШС және eDrive.kz компаниясы электр зарядтау стансаларын орнатуға және пайдалануға маманданған. Аталған екі станса меншігінде жалпы саны 183 желі бар болса, олардың басым бөлігі Алматыда (97) және Астанада (76) орналасқан. Қарағанды, Теміртау, Шымкент, Талдықорған, Атырау, үшеуі Щучинск қалаларында бір-екі электр зарядтау стансасы жұмыс істейді. Демек басқа аймақтардағы электрокар иелері көліктерін үй жағдайында, «розеткадан» зарядтайды деген сөз.