Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына тікелей байланысты. Солай десек те, агроөнеркәсіптік кешендегі орташа жалақы еліміз бойынша ең төменгі деңгейде. Айлығы мардымсыз болғандықтан, фермалар мен егістіктерде жұмыс істейтін адам қалмай барады.
Аграрлық сала қызметкерлері еліміз бойынша ең төмен жалақы алатындар қатарында. Соның салдарынан өнеркәсіп кадрларының табысы көбірек қызметке ауысуы белең алған. Кейінгі жылдардағы статистикаға қарасақ, АӨК-те жұмыспен қамтылғандар саны тоқтаусыз азайып бара жатқанын аңғарамыз. Мәселен, 2018 жылдың бірінші тоқсанында агрокешенде 1,2 млн адам (биылғымен салыстырғанда 16,4%-ға көп), 2015 жылы ‒ 1,4 млн адам (38,4%-ға көп), 2013 жылы ‒ 2,1 млн адам (2 есе көп), 2010 жылы 2,2 млн адам (2,2 есе көп) еңбек етті. Биыл бірінші тоқсанда ауыл, орман және балық шаруашылығында 1 млн-нан аса адам жұмыспен қамтылды. Бірақ бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 7,4%-ға аз. АӨК-тегі жалдамалы жұмыскерлер санының қысқаруы жалғасып жатыр және барлық уақыттағы ең төменгі көрсеткіштерге жетті. Мәселен, осы жылдың бірінші тоқсанында жұмыскерлердің тізімдік саны 65,8 мың адамды құрады, бұл 2022 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 1,9%-ға аз. Сөйтіп, жылдар бойы қалыптасқан кадр тапшылығы өзінің шекті мәніне жеткендей. Енді қазірде ауыл шаруашылығына 3 мың жұмысшы қажет. Егістікке тракторшы, механизатор, агроном және басқа да мамандар жетіспейді. Осылай жалғаса берсе, шаруаларды шырақпен іздейтін жағдайға түсуіміз мүмкін.
АӨК-те жұмыспен қамтылғандардың көпшілігінің, яғни 549,5 мың адамның (бір жыл бұрынғыдан 4,6%-ға аз) техникалық және кәсіптік білімі бар. Тағы 255,5 мың адам бастауыш, негізгі және жалпы орта білімге (2,9%-ға азайған), сондай-ақ 231,4 мың адам жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге ие (бірден 17,4%-ға аз). Жас тұрғысынан алғанда агроөнеркәсіптік кешенде жұмыспен қамтылған жастардың аз екені анық байқалады. Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы Қайрат Бисетаевтың айтуынша, ветеринарлық дәрігерлер, мал шаруашылығының қыр-сырын білетін және мал шаруашылығы кәсіпорнында жұмысты ұйымдастыра алатын менеджерлер жетіспейді. Ауылшаруашылық білімі бар және заманауи ауылшаруашылық техникасын жөндей алатын инженер-механиктер жоқтың қасы.
«Біз ауыл шаруашылығының әр буынында тапшылықты сезінеміз. Бүгінде ауыл шаруашылығы кәсіпорнының білікті басшысын табу да қиын. Ауыл шаруашылығы саласына 3 мың тар және орта буын мамандары қажет. Елімізде ауыл шаруашылығы кадрларын даярлаумен 23 жоғары оқу орны айналысады. Олар жыл сайын 2 мың сертификатталған мамандарды даярлап шығарады. Бірақ солардың тек жартысы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істейді», дейді Қ.Бисетаев.
Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы жалақы еліміз бойынша ең төмен болып қалып отыр және бірінші тоқсанда айына орта есеппен 179,4 мың теңгені құраған. Бұл елімізде орташа номиналды жалақының жартысына жуығы. Сонымен қатар балық шаруашылығы және аквамәдениет, орман шаруашылығы және ағаш кесу секторы қызметкерлерінің ел бойынша орташа айлық жалақысы ең төмен: тиісінше 120,6 мың және 143,8 мың теңге. Бұл салаларда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы, аң аулау және қызмет көрсету саласындағы жағдайлар біршама жақсырақ, яғни айына орта есеппен 180,9 мың теңге. Дәл осындай жалақыны мектепке дейінгі білім беру, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар (сыйақы үшін немесе келісімшарт негізінде) және ветеринарлық қызмет мамандары алады.
Айта кету керек, биыл балық өсіру кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысы жоғарылаған болса, бұл тек мемлекеттік кәсіпорындарда жұмыс істейтіндерге ғана қатысты. Экология және табиғи ресурстар министрлігі биыл шілдеден бастап сектордағы жалақының екі есе өскенін хабарлады. Сол секілді ведомство орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын көтерудің маңыздылығын мәлімдеді. Министрлік орман шаруашылығы қызметкерлерінің орташа жалақысы атқаратын лауазымына, білімі мен еңбек сіңірген жылдарына байланысты 70 мыңнан 170 мың теңгеге дейін құрайтынын нақтылап отыр. Оның ішінде басшылық құрамның еңбекақысы ‒ 140 мыңнан 170 мың теңгеге дейін, инженерлік құрамдікі – 115 мыңнан 140 мың теңгеге дейін, орманшылардікі ‒ 80 мыңнан 120 мың теңгеге дейін. Министрлік жағдайды өзгерту үшін былтырғы қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, оның ішінде орман шаруашылығы қызметкерлерінің кірістерін 2022-2025 жылдары орта есеппен 25%-ға кезең-кезеңімен арттыру басталғанын хабарлады. Нәтижесінде, төрт жыл ішінде орманшылардың табысы екі есе өсуі керек. Әзірге табыстың төмендігіне, саланың тартымсыздығына байланысты білікті мамандар бұл сегменттен де сырт айналып жатыр.