Шыны керек, қазақтың тамыры ауылға байланған. Мол мұнайы бар Атырау облысында мейір қандыратын мөлдір суы мен тақтайдай тегіс жолы, тіпті қи тасу мен күл шығару тауқыметінен құтқарар көгілдір отыны болмаса да, ауылдан көшпей отырған қандас көп.
Қандастарымыз атақонысынан ірге көтермеген ауылдардың кейбірі кәдімгі сусыған құмнан төнген қауіптен арыла алар емес. Әрине, құм көшкінін табиғаттың тылсым әрі тосын құбылысына балағанмен, оны тоқтату бағытындағы жұмыстың нәтижесі әзірге көрінбей тұр.
Құмды тоқтатудың бір жолы – сексеуіл егу. Бірақ сексеуіл егумен айналысатын мердігердің немқұрайлығы анықталып отыр. Исатай ауданындағы Забурын ауылында – 1 300, Исатай елді мекенінде 300-ге жуық тұрғын бар. Қауіп төндірген құм көшкінін тоқтату үшін 115 млн теңге бөлініп, ауыл маңына 26 875 сексеуіл егілген. Кейбір ауылдарға қамыстан қоршау тұрғызылған. Алайда сексеуіл де, қамыс та ауылдарға қалқан болмай тұр.
«Біз құмның азабын көреміз деп ойлаған жоқ едік. Апта сайын трактормен құм күретеміз. Бірақ құм әлсін-әлсін борап, қауіп төндіріп тұр. Кейінгі кезде есік-терезені ашу мұңға айналды. Бір күні құм үйімізді басып қалуы мүмкін. Көңілде осындай қауіп бар», дейді ауыл тұрғыны Фаруза Сұлтанәлиева.
Исатай ауылының әкімі Аслан Ғұбаштың айтуынша, қазір тағы да жобалау-сметалық құжат дайындалып жатыр. Әзірге ауыл ішіндегі құмды көлікке тиеп шығарудан басқа амал жоқ.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиеваның мәліметінше, мердігер мекеме кемшілікті түзетуге уәде берген. Сол уәде орындалмаса, жергілікті билік сотқа жүгінбек.
Дегенмен былтырдан бері Құрманғазы ауданындағы Үштаған ауылында 10 гектарға 9 370 дана сексеуіл көшеті егілген. Енді Исатай ауданының Нарын ауылының маңындағы 8 гектарға, Қызылқоға ауданында орналасқан Сағыз, Қарабау, Қаракөл, Жасқайрат, Бүйрек ауылдарында 32,45 гектарға сексеуіл көшетін егу үшін сметалық жобасы жасақталып жатыр.