Өңірде төрт түлік мал азығын әзірлеуге арналған цех ашу жұмыстары мықтап қолға алына бастады. Талас ауданына қарасты Ақкөл ауылындағы «Жан» шаруа қожалығының жетекшісі Жанай Сартаев бүгінде құрамажем өндіру жұмысын жандандырып отыр.
Шаруа қожалық басшысының айтуынша, өзі ашқан цехта мал мен құсқа арналған азықтың 12 түрі өндіріліп жатыр. Құрамажемді өндіру үшін Ж.Сартаев бидай, мақсары, арпа және өзге дәнді дақылдарды пайдаланады екен.
«Мен 18 жылымды сыртта өткізген азаматпын. Ақкөл ауылына келгелі мал азығын дайындаудың маңызы зор екенін аңғардым. Өйткені жергілікті шаруалар мен көршілес ауданның малсақ азаматтары тарапынан сұраныс бар екені байқалды. Құрамажемнің ірі-қараға, қойға, тауыққа арналған түрлерін шығарып жатырмыз. Бұл отбасылық бизнес болғанымен, қосымша жұмыс күші керек екенін сезініп отырмыз. Алайда қара жұмысшыларды табу мәселесі қиындап тұр», дейді Ж.Сартаев.
Ақкөлде кәсіпорын ашып, талмай тер төгіп жүрген азаматтың айтуынша, жұмысын жолға қою үшін «Даму» банкінен қомақты қаражатты несиеге алыпты. Құрамажем өндіру маусымдық жұмыс болғандықтан, несиені төлеу айтарлықтай мәселе туындататын көрінеді. Өйткені банк тарапынан каникул қарастырылмаған.
«Тәуекелке бел байлаған соң жұмысты жоспарға сәйкес іске асыру керек. Бұл, әрине, оңай емес. Осы уақытқа дейін 35 млн теңге салдым. Бір жақсысы аудан әкімдігі қуаттылығы 65 кВт болатын трансформатр орнатып берді. Ал өзім әрқайсысы 2,5 млн теңге тұратын үш аппарат алдым. Әлбетте, отбасылық бизнес болғандықтан бұл жұмысты игерудің өзіндік қиындықтары бар. Қазір қосымша екі жұмысшы керек. Алайда қара жұмысты атқаруға ниетті азаматтарды таппай дал болып отырған жайымыз бар», дейді ол жағдайды түсіндіріп.
Ж.Сартаев келтірген деректерге сенсек, құрамажем өндіруден бөлек, 1000 тоннаға арналған сақтау қоймасын жасақтап қойған. Оның айтуынша, кейінгі жылдары көрші аудандардың шаруалары да «Жан» шаруа қожалығы өндірген өнімге қызыға бастаған. Кәсіпкер өткен жылы 670 тонна құрамажем сатыпты. Жалпы алғанда өнімнің өткерілу көрсеткіші жыл өткен сайын арта түскен.
«Ақкөл ауылындағы тозған ғимаратты сатып алдым. Бүгінгі таңда екі қабатты сол мекемені қайта қалпына келтіріп жатырмын. Бұл ғимаратты арт спорт түрлеріне немесе балаларға арналған түрлі үйірме үйі ретінде пайдалануға барлық мүмкіндік бар. Әлбетте, жергілікті атқарушы билік ғимаратты мемлекеттік меншікке қайтаруға ниетті болса, өзім жұмсаған қоса есептегендегі құнына сатуға дайынмын. Қараусыз қалған мекеме ел игілігіне жараса деген тілек көкейде атойлап тұр. Жеке шаруа қожалығым бар. Ауылдың көркеюі мен өркендеуі үшін қолдан келгенше демеушілік жасап жүрмін. Атқарған жұмыстарымның барлығына 100 млн теңгенің шамасында қаражат жұмсаппын. Шыны керек, аз тірлік тындырған жоқпын. Алайда өңір билігі тарапынан мақтау қағаз да алып көрмеппін. Кейде санада еңбегімізді елеп қойса деген ой да қылаң береді», дейді ол.
Құрамажем өндіру ісін қолға алған Ж.Сартаев алдағы уақытта жұмысын жандандыра түсуге ниетті. Ол жұмысшы күшін арттыру арқылы өнім көлемін ұлғайтуға құлшынып отыр.