Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Еуразия көшпенділерінің мәдениеті: дәуірлер, есімдер, оқиғалар» атты ғылыми-танымдық кездесу өтіп, тағылымды шараға алыс-жақын шетелден келген ғалымдар мен археологтар, музей саласының жетекші мамандары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көшпенділер өркениетінің өзегіне айналған көне мұраларды көздің қарашығындай сақтап, оны келер ұрпаққа қаз-қалпында аманаттау жауапты жұмыс. Әр жәдігердің тасасында жатқан терең сыр мен тарихи тағылымды ғылыми тұрғыдан зерделеу ісі де музейші ғалымдарға үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.
Көне жәдігерлердің көмбесін ашып қалсаңыз – тарих сөйлейді. Кешегі сақ, ғұн дәуірлерінен бүгінге жеткен құнды материалдар әлем назарын аударарлықтай айрықша мәнге ие. Тек оған лайықты мән беріп, көшпелі көрмелердің желісін кеңейту қажет. Себебі бұл әлемдік мәдениетте әлдеқашан қалыптасқан игі үрдіс.
Еуропадағы ең ескі музейлердің ондығына кіретін Венгрия Ұлттық музейінің директоры Л. Шимон Ласло өзі басқаратын музейде 3 миллионнан астам маңызды жәдігер сақталғанын, 200 жылдан астам тарихы бар тағылым ордасында тұрған әр материал өткен мен бүгінді байланыстыратын рухани көпір екенін жеткізді.
«Музейдегі әр жәдігер адамзат тарихының таразысы. Оны бағалау, қадірлеу маңызды іс. Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейді аса қымбат тарихи материалдар жинақталған бірегей орын деп білеміз. Мұндағы өткен заманнан сыр шертетін алтын бұйымдар көшпелілер мәдениетінің бай мұрасы ғана емес, зергерлік өнердің сол замандардағы биік өрісін көрсетеді. Мажарстандағы біздің ұлттық музейдің қабырғасында да осыған ұқсас дүниелер бар. Мәдениеттерді жақындастыру, рухани достық орнату мақсатында музейлер арасында бірлескен көрмелер ұйымдастырып, өзара тәжірибе алмасу оң нәтижесін береді», - деп есептеймін дейді Л. Шимон Ласло.
Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова аталған шара Еуропадағы түркі өркениетінің орталығы саналатын Мажарстан этнографиялық музейлерімен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында өтіп отырғанын айтады.
– Меморандум аясында тақырыптық көрмелер ұйымдастыру, ортақ ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, Орталық музейдің қор сақтаушы және қалпына келтіруші мамандарының іс-тәжірибе алмасуы туралы келісілген болатын. Бүгінгі жаңа мүмкіндіктер дәуірінде әлем музейлерімен әріптестік байланыс орнатудың маңызы зор. Бұл ұлтымызды, терең тарихымызды жаһанға танытудың жарқын жолы. Осыған дейін музейлер арасындағы әріптестік байланыстың арқасында Кейкі батыр, Әбілхайыр ханның Қазақстандық музейлер қорындағы материалдарына зерттеу жүргізіліп, реконструкциялары жасалған болатын. Аталған жұмыстың қорытындысын музейіміздің экспозициялық залдарынан тамашалай аласыздар, – дейді Рашида Харипова.
Басқосуда музей ісін заманауи мүмкіндіктерге сай жетілдіру, музей мамандарының біліктілігін арттыру, ғылыми зерттеу өрісін одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Мажарстандық археолог Вера Ухри Майерек, көне жәдігерлерді зерттеу барысында түбі бір түркі халықтарын, одан қалды әлем елдерін бір-бірімен байланыстыратын тарихи мұралар ашыла беретінін айтады. Бұл өз кезегінде халықтар достығын нығайтып, мәдени тұтастықты тереңдетуге сеп болмақ.