• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Тамыз, 2023

Жемқорлық азаймай тұр...

365 рет
көрсетілді

Қазақ қоғамы қылмыс атаулыдан ада емес. Әсіресе отандық экономиканың өрге басуын тежейтін, тіпті тұрғындардың сеніміне селкеу түсіретін қылмыстың қауіптісі – сыбайлас жемқорлық. Жегі құртқа айналған қылмыстың бұл түрі шарпымаған сала қалмады. Бәрінде де жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың тәуекелі байқалып жүр.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің мәліметінше, жемқорлық тәуекелінің алдын алу үшін мемлекеттік сатып алу жоспарына мониторинг жүргізіліп келеді. Мәселен, денсаулық сақтау саласындағы мекемелердегі осындай жоспарға жүргізілген мониторингтің қорытындысымен соңғы екі жылда 81 млн теңгеден астам қаржы үнемделіп отыр.

«Геолог елді мекеніндегі емханада мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 30 медициналық креслоны сатып алу жоспары болған. Департаменттің ұсынысымен бұл емхананың жоспарынан 24 млн теңгеден астам қаржы үнемделді. Алайда денсаулық сақтау басқармасына қарасты кей ауруханалар кәсіпкерлерге қарызын толық қайтармай отыр. Қазір ауруханалардың 208 бизнес субъектісіне қарызының жалпы сомасы – 1 млрд 449 565 646 теңге», дейді Ерұлан Серікқалиев.

Оның айтуынша, елімізде 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы бекітіл­ген. Мұнда сыбайлас жемқорлық дерегі үшін­ бірінші басшының жауапкершілігі күшейтілген. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық деректері, пара беру, парақорлыққа делдалдық жасау, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға байланысты жауапкершілік қатаңдатылған.

Сыбайлас жемқорлықты жоюдың бір жолы – қылмыстың алдын алу. Осыған орай кейінгі жылдары жаңадан комплаенс-қызметі қолға алынды. Жемқорлықпен күрестің жаңа түрі тиімділігін байқатып отыр. Қазір өңірдегі квазимемлекеттік сектордың 308 нысанына комплаенс-қызметі енгізілген. Биыл аталған қызметтің офицерлері сыбайлас жемқорлық тәуекеліне 118 рет ішкі талдау жүргізуге тартылған.

«Комплаенс-қызметтің негізгі миссия­сы – мекеменің және қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы сақтауын қамтамасыз ету. Бұл қызмет адалдық стандартына негізделген қағиданы бақылауға арналып отыр. Мекеменің маманы ішкі талдау жүргізіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтайды. Мәселен, №2 облыстық аурухананың комплаенс-офицері жүргізген талдаудың нәтижесімен мемлекеттік сатып алу менеджерінің тарапынан заң бұзушылық анықталды. Бұл ауруханада мемлекеттік сатып алу бойынша 2021 жылы 67 млн теңге, ал былтыр 10 млн теңге бюджет қаражаты талан-таражға салынған. Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мем­лекеттік университетінің комплаенс-қыз­мет­керлері 8 құқық бұзушылықты анықтап отыр. Мұнда оқытушылардың «Платонус» жүйесі арқылы онлайн форматта студенттер атынан емтихан тапсырғаны, үлгерімі нашар студенттердің бағасын көтеру мақсатында мәжбүрлі түрде ақшалай сыйақы алу дерегі тіркелді», деп мәлім етті Е.Серікқалиев.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың тәуекел картасына енгізілген бірнеше сала бар. Мәселен, білім саласына жүргізілген мониторинг кезінде сот үкімдеріне зерделеу жүргізіліп, қылмыс жасау тәсілдерінің бірнеше түрі анықталған. Мәселен, сын мақалалар жарияламау үшін БАҚ өкілдеріне пара береді. Ал басшылар жақын туыстарын қарамағына жұмысқа қабылдайды. Мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша бюджет қаражатын ысырап етеді. Тіпті жұмыс істемейтін «өлі жандар» үшін жалақы аударады. Оқушыларды емтихан сынақтарынан өткізу, баланы бала­­бақшаға қабылдау процедурасында да сыбайлас жемқорлық тәуекелі байқалған.

«Биыл облыстағы білім беру мекемелерінің қызметіне, оның ішінде мемлекеттік бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануға, сондай-ақ еңбекақы төлеу жүйесіне сыртқы талдау жүргізілді. Талдау қорытындысына сәйкес бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелі байқалды. Атап айтқанда, 12 мектепте іс жүзінде жұмысқа шықпайтын 41 адамға негізсіз жалақы төлеу дерегі бар. Шығын көлемі – шамамен 90 миллион теңге. Бір адам 4-5 мекемеде бір уақытта жұмыс істеген. Кейбір білім беру мекемелерінің басшылары лауазымдық жалақыға қосымша жалақы алады. Қосымша білім беру кезінде білім алушылардан бірдей тарифтік төлем алынбаған. Тіпті арнайы педагогикалық білімі жоқ адамдардың жұмыс істегені анықталды», дейді Н.Жахин.

Ал облыстық ішкі мемлекеттік аудит­ департаменті басшысының орынбасары Жалғас Боқаевтың мәліметінше, мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталмауы қаржылық бұзушылыққа жол ашады. Биылғы 6 айда 47 аудиторлық іс-шараның қорытындысымен 827 млн теңгенің, камералық бақылау кезінде 25 млрд 816 млн теңгенің қаржы бұзушылығы анықталып отыр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар үш іс құқық қорғау органдарына жіберілген.

Мәселен, биыл қаңтарда Жылыой ауда­нындағы №2 орта мектепте 2018-2021 жылдары жұмыс істемейтін 2 адамның шотына 5 млн 119 мың 116 теңге бюджет қаржысы негізсіз аударылғаны анықталыпты. Аудит қорытындысымен негізсіз төленген бюджет қаражаты кері қайтарған.

Осыған ұқсас дерек Қосшағыл ауы­лын­да­ғы мәдениет үйінде де анықталып отыр. Мұн­да 2020-2021 жылдары 2 адаммен еңбек шарты жасалып, олардың шотына 992 мың 395 теңге аударылған. Алайда аудит кезінде атал­ған адамдардың мәдениет үйінде жұмыс істе­мегені дәлелденген.

Үшінші дерек – Құрманғазы ауданындағы Шортанбай ауылдық мәдениет үйіне қатыс­ты болып отыр. Мұнда жоспардан тыс­ жүргізілген аудиторлық іс-шаралар қоры­тын­дысымен есепшінің 2022 жылы өзінің банктегі картасына 13 млн 184 мың теңгені аударып алғаны анықталған. Есепші заңсыз иеленген қаржының 5 млн 650 мың теңгесін қайтарып беріпті.

Әрине кез келген қылмыстық әрекеттің өтеуі – жаза. Сот шешімімен мектеп директорына 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу, ал мәдениет үйінің директорына 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Шортанбай мәдениет үйінің есепшісіне 5 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. 

 

Атырау облысы