Халықтың өмір сүру деңгейін айқындайтын бір өлшем қауіпсіз де жайлы ортаны қалыптастыру болса керек. Алайда апатты және тозығы жеткен үйлер проблемасы жұртшылықты талайдан толғандырып келеді. Қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігі күмәнді үйлерде бірнеше мың адам тұратынын ескерсек, тұрғындардың тынышын қашырған мәселені тездетіп шешу қажет.
Тұрғын үйді жөндеу ‒ біреудің қалауы емес, кезек күттірмейтін қажеттілік. Тірек құрылымның, іргетастың, қабырғалардың елеулі деформациясы пайда болған сәттен үй апатты жағдайда және тұруға жарамсыз. Сол секілді тозу деңгейі жоғары, яғни 65-70 пайызға дейін баратын үйлер тиісті жөндеуден өтіп, кейіннен үнемі техникалық бақылауда болуға тиіс. Бұл ретте елімізде тұрғын үй қорын жаңарту бойынша атқарылар шаруа ауқымды. Республикамызда апатты тұрғын үй жағдайы кейбір жақсартуларға қарамастан, айтарлықтай күрделі болып қалып отыр. Мәселен, өткен жылдың соңында елде 2 мыңға жуық апатты тұрғын үй болған. Онда 29 мыңнан аса халық тұрады. Оның өзінде ресми деректерде Алматы қаласы, сондай-ақ Маңғыстау және Жамбыл облыстары бойынша былтырғы мәліметтер көрсетілмеген. Оған себеп ‒ бұл өңірлердегі үйлерді апатты деп тану жөніндегі комиссияның отырысы өтпеген. Атырау облысында – 379, Ақмола облысында 202 апатты үй тіркелген. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында – 175, Абай облысында – 127, Астана қаласында 206 апатты үй бар.
Қазір де тозығы жеткен, жақын арада апатты үйлердің қатарына қосылып, төтенше күйге ауысатын үйлердің жеке статистикасы жоқ. Бірақ тұрғын үйлердің салынған жылына жүргізілген талдау жағдайдың мәз емес екенін байқатады. Мәселен, өткен жылдың соңындағы дерек бойынша үйлердің 30%-ы немесе 746,9 мыңы 1970 жылға дейін салынған, яғни бұл үйлердің тұрғызылғанына жарты ғасырдан асқан. Мұндай жағдайда ғимаратты жөндеу мәселесі бірінші орынға шығады. Мысалы, Алматыда 1930-1975 жылдары аралығында салынып, бүгінде пайдалану мерзімі өтіп кеткен 1,4 мыңнан аса екі қабатты үй бар. Жартысынан көбі Түрксіб, Бостандық, Жетісу аудандарында орналасқан мұндай үйлерде 60 мыңнан аса халық тұрады. Реновация бағдарламасын жүзеге асыруға өкілетті ұйым «Алматы» ӘКК» АҚ жұмысының нәтижесінде қаланың Әуезов, Жетісу және Түрксіб аудандарында 17 тұрғын үй салынып жатыр. Жалпы аумағы 2,1 мың шаршы метр болатын 59 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бағдарлама іске аса басталғалы 374 отбасы қоныстанған. Алматыдағы реновация бағдарламасы аясында 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 42 апатты үй (322 пәтер) сүрілген.
Тұрғын үй реновациясы ‒ уақыты біткен ғимараттарды барлық заманауи талаптармен салынған жаңаларына ауыстыру үдерісі. Реновация туралы шешім қабылдау кезінде ғимараттардың ауданы, тозу деңгейі, маңайда әлеуметтік нысандардың болуы ескеріледі. Үкіметтің жоспарына сәйкес, 2029 жылға дейін республикада 1 500 үй сүрілуге тиіс. Осылайша 40 мың меншік иесінің пәтер мәселесі шешілмек. Олардың басым бөлігі – сүрілуге жататын тізімге енген ескі үйлер. Өкілетті органдар әзірлеген Алматы қаласының 2023-2030 жылдарға арналған тұрғын үйді реновациялау бағдарламасының жаңартылған жобасы азаматтардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, негізгі жаңарту 1920 жылы және одан кейін салынған тұрғын үйі бар қаланың тарихи бөлігінде өтетіндіктен, бірінші кезекте қолдауды қажет ететіндерге назар аударылады. «Алматының тұрғын үй қорын жаңартудың 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын дайындау бойынша бірнеше итерация жасалды. Біз ескі тұрғын үйді бұзып қана қоймай, қандай жайлы қалалық орта құратынымыз туралы мәселені тұжырымдамалық түрде өзгертеміз», дейді шаһар басшысы.
Сол секілді Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес көшіру және бұзу Астананың апатты үйлер орналасқан барлық ауданында жүзеге асырылады. Бұл негізінен Байқоңыр және Сарыарқа аудандарына қатысты. Биыл көктемде елорда тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Жеңіс Қасымбек апатты және ескірген үйлердің тұрғындары үшін үш жыл ішінде 2,5-3 мың пәтер салу жоспарланғанын мәлімдеді.
Жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын қабылдап, оны іске асырудың тетіктері мен өлшемдерін, оның ішінде өтеу тәртібі мен шарттарын белгілейді. Жөндеуге жататын тұрғын үй-жайлардың меншік иелеріне ауданы бойынша баламалы, бірақ кемінде бір бөлмелі жаңа пәтерлер беріледі. Жөндеуге жататын нысандардың тізбесін жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй қорының құрылыс конструкцияларының тозуын, олардың пайдалану талаптарына сәйкестігін, сондай-ақ үй-жайлар иелерінің пікірлерін ескере отырып айқындайды. Тұрғын үй қорын жаңарту жобаларын қаржыландыру жергілікті бюджет және өзге де көздерден ‒ жеке инвестициялар, оның ішінде МЖӘ тетіктері, ЕДБ қарыздары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты, жобаны іске асыру барысында тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатудан түсетін кірістер есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. Жергілікті атқарушы органдар апатты немесе тозығы жеткен тұрғын үйлер сүрілген жерде әлеуметтік несиелік тұрғын үй салуды қамтамасыз етеді. Тозығы жеткен тұрғын үйлерді сүру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Дегенмен ғимараттар мен нысандардың техникалық жағдайын бағалаудың белгілі бір стандарттары бар. Осы саладағы сарапшы-мамандар бізде техникалық жағдай 60 пайыз деңгейінде болса, үйлерді бұзып, қайта салу көзделетінін, ал дамыған елдерде мұндай тәсілге сақтықпен қарайтынын айтады. Мысалы, үйдің шатыры ауыстыруды қажет еткенімен, қабырғалары мен тірек құрылымдары әлі берік болуы мүмкін. Ескі тұрғын үйді бұзу және жаңасын салу бағдарламалары шетелде 60-жылдары етек жайған. Ал кейінгі 20 жыл ішінде дамыған елдер тұрғын үйді жаңғырту, яғни ескі ғимараттарды қалпына келтіріп, оларды мүмкіндігінше сақтау үрдісіне бет бұрған. Бұл ретте мамандар қазіргі Еуропа ескі де тарихи ғимараттарымен ерекшеленетінін мысалға келтіреді. Бұл экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімдірек. Сондай-ақ бұл бағдарлама үшін кешенді негіздеме болуы керек. Мысалы, АҚШ-та үйді сүру қажеттігі, немесе қалдыру мүмкіндігі 12 критерийді қамтитын бекітілген көрсеткішпен анықталады. Ал Қытайда – тіпті 24 критерий. Ұлыбританияда шатырдың, еденнің, қабырғалардың қандай жағдайда екені 15 критериймен есептеледі. Яғни үйді бұзудың жан-жақты сарапталған, мұқият ойластырылған себебі, өлшемшарты болуы қажет. Сондықтан тұрғын үйді жаңарту тұжырымдамасын байыптап, бізде барлығын бұзу мен жаңасын салу экономикалық тұрғыдан қаншалықты дұрыс екенін таразылаған жөн. Бюджет ‒ шын мәнінде салық төлеушілердің қаржысы. Яғни барлық бастаманың ауыртпалығы халықтың мойнына түседі.
Әрине, әр елдің өзіне тән ерекшеліктері, соған сәйкес тұрғын үй қорын жаңартудың өзіндік бағдарламалары мен әдістері бар. Біз де халықаралық тәжірибеге сүйенумен қатар, халықтың шынайы қажеттілігі мен мүддесінен туындайтын мәселелерді мұқият ой елегінен өткізуге тиіспіз. Бұл жерде ең маңыздысы ‒ тозығы жеткен және лайықты өмір сүруге жарамсыз тұрғын үй проблемасы халықтың өмір сүру деңгейіне кері әсер ететінін ескеру.