Экономиканың өркендеуіне, тұрғындар тұрмысының жақсаруына ықпал ететін бірнеше сала бар. Әсіресе құрылыс индустриясының алар орны айрықша екені даусыз. Ал құрыш қолды құрылысшылардың қолтаңбасы шаһарларға сән берген сәулетті тұрғын үйлер мен мәдени, әлеуметтік мақсаттағы нысандардан анық байқалады.
Мәселен, Атырау облысында 2000 жылдан бері құрылыс индустриясы қарқын алып отыр. Мұнайлы шаһарда бірнеше шағын ауданда тұрғын үй бой түзеді. Тек облыс орталығы ғана емес, аудандар мен шалғайдағы ауылдарда да мектептер, мәдениет үйлері мен медицина нысандары көптеп пайдалануға беріліп келеді.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, 2025 жылға дейін 35 денсаулық сақтау нысанын салу жоспары бар. Оның ішінде осы жылдың соңына дейін 10 медициналық нысанды пайдалануға беру көзделіп отыр.
«Құрманғазы ауданындағы Алтыншы, Шағырлы, Жасталап, Егінқұдық ауылдарында медициналық нысанды салуға дайындық басталды. Қазір арнайы бөлінген учаскелерде топырақ төгу жұмыстары жүріп жатыр. Ал Махамбет ауданының Талдыкөл ауылындағы тозығы жеткен дәрігерлік амбулатория ғимаратын бұзу қолға алынды. Орнына заманауи ғимарат салынады. Тұрғындар Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Жылыой ауданында орталық аурухана, Атырау қаласының маңындағы Береке, Дамбы ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның игілігін көре бастайды», дейді Ж.Бисембиев.
Әкім орынбасарының дерегіне сүйенсек, келесі жылы дәл осындай 25 нысанның құрылысы аяқталады. Жаңа нысандар арасында 7 медициналық пункт, 6 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Атырау қаласында үш қосалқы пункті бар жедел медициналық жәрдем стансасы үшін жаңа ғимарат бой көтереді.
Сонымен қатар биыл 7 мектеп пен 1 жапсаржайдың құрылысын аяқтау жоспарланған. Сөйтіп, жалпы саны 6 450 орынға шақталған жаңа мектептер оқушыларды қабылдайды. Қолданысқа берілетін жаңа мектептердің бесеуі Атырау қаласының аумағында орналасқан. Нақтылай айтқанда, Нұрсая, Сарыарқа шағын аудандарындағы Binom мектептері, Мағжан Жұмабаев атындағы мектептің жаңа ғимараты, Жаңаталап және Ақжар ауылында, Махамбет ауданында құрылысы аяқталатын білім ордасы, Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы мектептің жапсаржайы пайдалануға тапсырылады. Ал келесі жылы 18 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 9 білім ордасы «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынады.
Міне, осындай әлеуметтік маңызы зор нысандардың бәрінде құрылысшылардың маңдай тері, құрыш қолының қолтаңбасы, бір сөзбен айтқанда, қажырлы еңбегі бары даусыз. Бір қарағанда ақ қағазға жобасы сызылған түрлі ғимараттың іргетасын құйып, тасын қалау, сылап-сырлау оңай көрінуі мүмкін. Бірақ өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын құрылысшылар үшін олай емес. Әр істің өз қиындығы болатыны секілді, ғимаратты тұрғызуда жобадан ауытқымау қажет. Сол себептен тас қалаушылар да, сылақшылар да әр күнгі ісінің нәтижесіне екі шұқып, бір қарайды.
Мәселен, «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС бас директоры Нұрбола Әбдірасыловтың айтуынша, былтырдан бері Атырау қаласының «Бірлік-2» шағын ауданындағы 600 орындық мектептің құрылысы салынып жатыр. Білім ордасының нысанын 2024 жылғы қыркүйекке дейін пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Аталған серіктестік құрылысшылары бұған қоса Тасқала, Еркінқала елді мекендерінде де мектептердің құрылысын жүргізуді қолға алған.
Ал «БатысСтройСервисАтырау» ЖШС-ның 150-ге жуық құрылысшысы 8 нысанның құрылысын сапалы жүргізуді мақсат етіп отыр. Серіктестіктің учаске шебері Еркебұлан Есеновтің айтуына қарағанда, салынып жатқан нысандар әлеуметтік сала үшін аса қажет. Өйткені тұрғындар балтыры сыздап, басы ауырса, аурухана дәрігерлеріне жүгінеді. Рухани азық алу үшін мәдениет үйлеріне барады. Ал спорт кешендері саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортқа ден қойғандардың ұдайы бас қосатын нысанына айналады.
«Біздің құрылысшылар бригадалары әр нысанның сапалы салынуына баса мән береді. Ұжымда құрылыс саласында толымды тәжірибесі қалыптасқан мамандар жинақталған. Тас қалаушылар, сылақшылар жұмысын жауапкершілікпен атқарады», деді Е.Есенов.
Атырауда құрылыс индустриясына мол үлес қосып жүрген құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында тас қалаушылар мен сылақшылардың сайысы өтті. Оған құрылыс компанияларынан 7 команда қатысып, шеберлігін ортаға салды. Құрылысшылар бәсекесіне облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Рүстем Махабаев, сарапшы Талғат Бисенов пен техникалық қадағалаушы Қанат Ермұханов қазылық етті.
«Ел аумағындағы бой көтерген әр тұрғын үйде, әр ғимаратта, әлеуметтік нысанда құрыш қолды құрылысшылардың қолтаңбасы бар. Құрылыс индустриясын дамытуға үлес қосып жүрген құрылысшыларға да, салаға жауапты мамандарға да үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені бәріміз түрлі мақсаттағы ғимараттар мен тұрғын үйлер құрылысын салып қана қоймай, онда жұмыс істейтін, тұратын адамдардың өмірі үшін жауап береміз. Сол себептен құрылысшылардың тәжірибесін шыңдау, бір-бірімен тәжірибе алмасуына сайыстың ықпалы зор болады», деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, мұндай сайыс осымен екінші рет өткізіліп отыр. Алғаш рет 2019 жылы өткізілген. Бұл сайыс құрылысшылардың біліктілігін арттыруға ықпал етеді.
«Бұл сайысқа қатысушылардың жұмысын бағалауға құрылыс саласындағы білікті мамандар шақырылды. Олар сайыскерлердің еңбек қауіпсіздігін сақтау деңгейіне, кірпішті қалау тәсіліне, тік және көлденең тігісті сақтауына, сыртқы және ішкі верстің түзулігіне, сылақты тегіс жүргізуге, жалпы жұмыстың сапасына бағасын берді», дейді Н.Құсайынов.
Құрылысшылар сайысына қазылық еткен мамандар шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Сылақшылар арасынан бірінші жүлдені «Сұңқар құрылыс» ЖШС бригадасы еншіледі. Ал «ARSM» мен «БатысАльянсСтрой» ЖШС сылақшылары екінші және үшінші жүлдені жеңіп алды.
Тас қалаушылар шеберлігін бір-бірінен асыруға тырысты. Сайыстың бірінші жүлдесі «TSG Construction» ЖШС командасына берілді. «БатысСтройСервис» бен «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС тас қалаушылары екінші және үшінші жүлдені өзара бөлісті.
Сондай-ақ шағын футболдан турнирге құрылысшылардан құралған 15 команда қатысты. Турнирде бірінші орынды облыстық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және энергетика басқармасының командасы, екінші орынды «Сала», үшінші орынды «BI Group» ЖШС командасы иеленді. Жасыл алаңда жоғары шеберлік көрсеткен бірнеше ойыншы аталымдар бойынша жүлделерге ие болды. Арслан Құтфуллин – «Үздік ойыншы», Әл-Фараби Қойбағаров – «Үздік шабуылшы», Жанбота Нығметов – «Үздік сұрмерген», Айдарбек Зиноллаев – «Үздік қақпашы», Тұрлан Айтбаев «Үздік қорғаушы» атанды.
Атырау облысы