• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Тамыз, 2023

Ақтөбелік велосаяхатшы Арқаға жетті

263 рет
көрсетілді

Ақтөбеден ұзақ жолға шыққан ардагер велошабандоз Арқаға келді. Бар ғұмырын теміржол бойында өткізген Жұмабай Отарғалиев елімізді аралап жүр. Велосипедті тақымдағанына алты жыл болыпты. Содан бері 20 мың шақырымнан аса жол жүріп өткен. Зейнетке шыға салысымен велосипед алып, құрметті еңбек демалысында ел аралап, жер көруді мақсаты еткен Жұмабай ақсақалдың жасы 75-те.

Ақсақал өзінің жасы туралы: «Мен – 69-дан енді астым» деп әзілдейді. Ар­дагер велошабандоз еліміздің біршама бөлігін велосипедпен жүріп өтіпті. Құдай қуат бер­се, небәрі екі айдың ішінде бү­кіл ел аумағын аралаймын деп отыр.

– Мен шамамен осы жолы 6 мың шақырымды басып өттім. Орал, Ақтөбе, Жезқазған, Қы­зыл­орда, Түркістан, Тараз, Өске­мен, Семей қалаларында болдым. Енді Қарағандыдан кейін Ас­тана, Көкшетау, Петропавл, Қос­танай, Ақтөбе қалаларына ба­рып, сапарды Атыраумен аяқ­тай­мын деп ойлап отырмын. Күніне қанша шақырым жүріп өтетінімді дәл айту қиын. Менің межем – жергілікті теміржол стансалары. Бір теміржол стансасынан екіншісіне жалғайтын жолды қадағалаймын, – дейді Ж.Отарғалиев.

Бұл жолғы сапарын велошабандоз Бейбарыс сұлтанның – 800, Астана қаласының – 25 жылдығына арнапты.

– 2017 жылы алғаш рет велосипедпен Шалқардан Ақтөбеге дейін бардым. Бұл, шамамен, 350 шақырым. Ол аралықты мен 4-5 күнде жүріп өттім. 2018 жылы Ақтөбеден шығып, Атырауға бар­дым. Көліктерді ұнатпаймын. Қайда барсам да, менің негізгі тұлпарым, айнымас серігім – велосипед. Мен оған энергиядан өзге ештеңе жұмсамаймын. Моторлы көлік сатып алсаң, оның машақаты көп, майын ауыстыру керек дегендей. Шығыны да аз емес. Енді алдағы сапарым – Жамбыл даласы. Ондағы миссиямды Шу – Мойынтының қосылғанына 70 жыл толуына арнағым келеді, – дейді қария. Сөйтіп, ендігі бағытын Тараз – Түркісіб, Шу – Сарышаған, Мойынты бағыты бойынша өзгертетінін айтты.

Жұмабай ақсақал Ақтөбедегі «Velo pulse» велокомандасына қо­сылып, олармен бірге қала бойын­ша түрлі шараларға қатысып, сая­хат та жасайды. Арқаға ат басын тіреген ақсақалды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы құрметпен күтіп алып, сәт сапар тілеп шығарып салды.

 

Қарағанды облысы