• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 16 Тамыз, 2023

Рубль құлдыраса, теңгені жел шайқай ма?

677 рет
көрсетілді

Долларға қатысты рубль бағамы 2022 жылдың наурызынан бері алғаш рет 100 рубльден асып түсіп, мини-рекорд орнатты. Еуро бағамы 110 рубльден жоғары кетті. Айырбас бағамы Ресей Орталық банкінің төл валютаны тежеп ұстауға тырысқан әрекетіне бағынатын емес. Бұл біздің теңгеге және ел экономикасына қандай да бір әсерін тигізуі мүмкін бе? Жалпы, валютамызға қысым көрсететін басқа қандай факторлар бар, ондай жағдайда теңге өзін қалай ұстауы мүмкін?

«Рубльдің әлсіреуіне байланысты түрлі пікір бар. Оның тез және ұзақ мерзімді емес әлсіреуі Қазақстан экономикасы үшін әзірге тәуекел тудырмайды. Қысқамерзімді құлдырау қаржы ойыншылары үшін қан­дай да бір құралдарды сату, сатып алудың жедел мүмкіндігі болуы мүмкін. Айтарлықтай тәуекел тудыруы үшін біз бір тоқ­сан­дық горизонттағы әлсіреуін бақылауымыз керек. Ұзақмерзімді әлсіз рубль әуелі импорттық ши­кізат пен жабдықтаушыларға тәуелді болып отырған ресейлік өндірушілерге соққы болып тиеді. Егер олар әрі қарай жұмыс істей алса, сонда ғана ұқсас өнімдер ассортиментін өндірумен айналысатын қазақстандық компания­лар үшін тәуекел туа бастайды. Рубльдің қазіргі құлдырауын Орталық банк мөлшерлемені көтеру және телефондық интервенция (қадағалаушы банктерге қоңырау шалып, дүрбелең тудырмауға шақырады) арқылы қатаң түрде тоқтата алады», дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов.

Оның айтуынша, рубль қазіргі мәніне қарағанда нығаяды деп абайлап болжам жасауға болады, алайда қазіргі күшіне қайтіп оралуы неғайбіл.

«Санкциялардың алдағы уа­қыт­тағы әсері рубльді біртіндеп әлсірете түседі. Соның салдарынан ресейлік компаниялар баяу өзгеретін жұмыс шарттарына бейімделуге көшеді. Өндірушілер – бизнестің ең консервативті сегменті, сондықтан олар жеткізу тізбегін кезең-кезеңімен қалпына келтіреді. Егер Орталық банк мөлшерлемені көтерсе, онда рубль­дің долларға қатысты ба­ға­мы 85-90 болып, нығайып шыға келеді. Ал біздің Үкімет өз нарығын қорғау үшін шаралар пакетін әзірлеуі керек», дейді сарапшы.

Tengenomikа сарап­шы­ла­ры­ның айтуынша, рубльдің құл­дырауы Ресеймен қалыптасқан тығыз сауда қатынасына байланысты біздің валютаға әжептәуір қысым көрсетеді.

«Санкцияға қарамастан Қа­зақ­стан Ресеймен сауда жасауын тоқтатқан жоқ. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша Ресеймен тауар айналымы біздің сыртқы саудамыздың 18,8 па­йызын құрады. 10,5 млрд доллар деңгейінде. Бұл ретте РФ-ға экспорт үлесі – 12,8 пайыз. Ал импорт – 26,7 пайыз. РФ-дан импорт біраз төмендеді. Атап айтқанда, 2021 жылғы 42,5 пайыз деңгейінен төмен түсті, бірақ әлі де айтарлықтай күйде қалып отыр. Дегенмен былтырдан бері теңгенің рубльден сәтті ірге ажыратқанын айтып өту керек. Осыған байланысты рубльмен кросс-бағам динамикасы да күрделі өзгеріске ұшырады», дейді мамандар.

Олардың қорытуынша, елі­мізде тұтынушылық инфля­ция­­ның ақпандағы 21,3 пайыздан шілдеде 14 пайызға дейін баяу­лауы аясында жүргізіліп жат­қан ақша-несие саясатына да қысым болуы мүмкін (базалық мөл­шер­леме – жылдық 16,75 пайыз).

«Біздің экономикамыздағы қазіргі дезинфляциялық (инфля­ция­ның баяулауы – ред.) жағ­дайда жақын келешекте ақша-несие саясаты жұмсартылуы мүмкін. Бұл да сыртқы инвесторлар үшін теңгелей активтердің тартымдылығына әсерін тигізеді. Өз кезегінде теңгелей актив кірістілігінің аздаған төмендеуі де доллар-теңге айырбас бағамына қысым жасай алуға қабілетті. Жалпы алғанда, Ұлттық банк пен квазимемлекеттік сектордың бюджетке аударымдар үшін шетел валютасын қор биржасында сату және міндетті сату шеңберінде жанама қолдау көрсетуіне қара­мас­тан, ұлттық валютамыз үшін жағдай қиын болып көрінеді. Айтпақшы, квазимемлекеттік сек­торда валюталық түсімдерді мін­детті түрде сату талабы шілде айынан бастап 30 пайызға дейін төмендетілді», деп дерек келтіре өтеді Tengenomika.

Ұлттық банктің әзірге рубль­дің бұл құлдырауына қатысты позициясы айқын емес. Егер Орталық банк қабылдайтын қа­таң шараларға қарамастан рубль әлсіреуді жалғастыратын болса, онда біртіндеп 1 доллар 120-125 рубль деңгейіне жетуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайда біз қайтеміз? Қазір 1 рубль – 4,68 теңге. Егер осыны өзгеріссіз қалдырсақ, онда арзан рубль Қазақстан экономикасын жайпап кетуі ықтимал. Ал егер 1 рубльді 5 теңге тұратындай етіп, төл валютамызды әлсіретер болсақ, онда бағаның одан әрі өсіміне жол ашып алу тәуекелі туындайды.

Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, долларға қатысты рубль бағамының 100-ден асуы, теңгеге қатысты рубль бағамының 5-ке жақындауына байланысты тиісті шаралар қабылдана бастауы қажет.

«4,50 болып тұрған рубльге қатысты бірдеңе істеу керек. Оны әдеттегі 5,50-ге дейін көтеру үшін теңгені 550-ге дейін әлсіретуге тура келер еді (егер рубль 1 долларға 100 деңгейінде тұрса). Бұл да 4,50 сияқты экономика үшін де, халық үшін де зиянды. Ал егер рубль кенеттен 110-ға шығып кетсе ше? Біз оның құлдырауының ізінен қуа алмаймыз ғой. 470-ке дейін нақты шағын түзету және сол кезде рубль 4,70 болады. Бірақ проблема мұнымен де шешілмейді. Бұған экономикадан тыс қадағалау шараларын қосақтауға тура келеді – ішкі нарықты және өндірушіні қорғау үшін атышулы импорттық шектеулер. Алайда нарықты қорғау тұтынушыларға автоматты түрде соққы жасап, инфляцияны жоғары қарай көтеріп жібереді. Жалпы алғанда, қарапайым ше­шім жоқ, тек күрделі сұрақтар ғана бар», дейді А.Чукин.

Әдетте Ресей рублінің арзандауы ең бірінші кезекте қазақ өндірушілері үшін қауіп тудыратын. Өйткені рубльдің арзандауы ресейлік тауарлардың арзандауына әкеліп соғады және РФ-дан бері қарай арзан импорт ағыла бастайды. Бұл өз кезегінде отандық өндірушілердің тауарын екінші планға ығыстырып, тұтынушылар арзан орыс тауарына жүгіреді. Бірақ сарапшылар сөзінен ұққаны­мыз, біздің өндірушілердің алаң­дауы­на әлі ерте. Алаңдау үшін рубль ұзақмерзімді әлсіреу кезе­ңі­не өтуге тиіс.

Сарапшылар болжағандай, Ресей Орталық банкі рубль девальвациясын тежеу үшін кезектен тыс отырыс өткізіп, 15 тамыз күні мөлшерлемені 350 базалық тармаққа, 8,5 пайыздан 12 пайызға дейін көтеруге шешім қабылдады. Мұндай шешімнің қабылдануы баға тұрақтылығы үшін тәуекелдерді шектеу мақса­тында деп түсіндірілген.

«Бір жағынан Орталық банк рубль бағамының тұрақтылығы үшін мөлшерлемені көтереді, бірақ екінші жағынан Ресей экономикасында жылдық тұтыну­шылық инфляцияның жеделдеуі байқалады. Бұл шілденің қоры­тын­дысы бойынша 4,3 пайызға дейін өсті (маусымда 3,25 па­йыз болған). Дегенмен бір қызығы, 8,5 пайыз болған негізгі мөл­шер­леме тіпті инфляция болжамды дәлізге дейін көтерілсе де оң нақты көрсеткіш береді. Сондықтан біздің ойымызша, қазіргі шешім монетарлық органдар тарапынан жағдайды жалпы бағаламауды көрсетеді», дейді Tengenomika сарапшылары.

Ресейде мөлшерлеменің көте­­рілуіне қарамастан, рубль әл­сі­реуін жалғастырып жатыр. Мөл­шерлемені көтеру туралы мә­лімдемеден кейін 95-ке дейін нығайған рубль түс қайта әлсірей бастаған. 15 тамыз, сағат 12.25-тегі жағдай бойынша 1 доллар 97,9176 рубльге бағаланды.