«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде». Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ана тіліміз хақындағы пікірі. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтқан елдің басшысы мұндай күрделі әрі нәзік мәселеде халықты дүрліктіретін, қоғамды жікке бөлетін популистердің жетегінде кетпеуді ескертті.
«Балаңды қазақша оқыт!»
Қазақ елінде тұрып, «балаңды қазақша оқыт» деп үгіттеу – ар алдында да, ел алдында да қорланумен тең. Бірақ қанша ауыр болса да, біз бетпе-бет келіп отырған бүгінгінің шындығы. Өйткені баласын қазақша оқытудан қашатын қаракөздеріміз арамызда әлі де көп. Қазіргі күні тіл мамандары мен жанашырлары қазақ мектептеріндегі білім сапасының жоғары екенін, қазақша оқыған баланың болашағы жарқын болатынын айтып келеді. Солардың бірі – қоғам белсендісі Тұрар Шәкен. Ол қазақ тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттауды мақсат тұтып, бірнеше жоба ұйымдастырып, балабақшалар мен мектептерде оқушылармен, олардың ата-аналарымен кездесулер өткізіп жүр. Өзі құрған «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы ретінде «Өнегелі ата-ана – өрелі ұрпақ», «Qazaq alemi», «Балаңды қазақша оқыт» авторлық жобаларын қолға алып, отбасылық және ұлттық рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу арқылы жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру үшін көптеген іс-шара ұйымдастырып келеді. Оның жұмыстарының ең басты мұраты – ана тілінде сөйлейтін ұрпақ өсіруге үлес қосу.
– «Қара шаңырақ» ұлттық жобасының аясында сана-сезімі қалыптасқан, елдік мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды ұштастырып, қазақы тәлім-тәрбиені бойына сіңірген заманауи толық кемел тұлғаны тәрбиелеуді, мемлекеттік идеологияның негізі болатын «Бір ел – бір тіл» идеясын насихаттауды көздейміз. Осы мақсатта өткен жылы «Qazaq alemi» орталығын құрып, жемісті жұмыс жүргіздік, – дейді ол.
Оның айтуынша, «Qazaq alemi» – қазақ халқының тілін, мәдениетін, дәстүрін еркін форматта «жұмсақ күш» арқылы үйретіп, танытып, насихаттайтын жоба. Ол мемлекет құраушы ұлттың құндылықтары арқылы еліміздегі этностық топтардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру, тілдің қолдану аясын халықаралық деңгейге шығаруды мақсат тұтады. Сондай-ақ қоғам белсендісі осы жобаның заңды жалғасы ретінде биыл Астана қаласы Тіл басқармасының қолдауымен «Балаңды қазақша оқыт» жобасы аясында елордамыздың балабақшаларында кездесулер өткізді. «Біз балабақшада ата-аналардың қатысуымен өткен іс-шараларымызға Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаеваны, белгілі тіл жанашыры Аятжан Ахметжанұлын, белгілі театр актерларын, өзге де мамандарды шақырып, баланы қазақша оқытудың артықшылықтары жөнінде айттық. Осы іс-шаралардан кейін баласын орыс сыныбына берейін деп жүрген көптеген ата-ана ойын өзгертіп, қазақ мектебін таңдап жатыр», дейді Тұрар Шәкен.
Кітап оқу – тіл үйренудің басты тетігі
Қазақ «ана тілі» деп бекер айтпаса керек. Өйткені бала анасының тілінде сөйлейді. Келешек ұрпағымыздың өз тілін біліп өсуі үшін бүгінгі аналарымыздың өзге тілде шүлдірлемегені маңызды. Осы орайда елордамызда жас аналар арасында қазақша кітап оқу клубын ұйымдастырып, қазақ тілінде сөйлеуді насихаттап жүрген Арайлым Мұстақованың еңбегін айта кеткен орынды. Ол құрбысы екеуі бірігіп «Шолпы» атты қазақ тілді кітап клубын ашқан. Мақсат – тұлға ретінде дамуға, дүниетанымды кеңейтуге септігі тиетін, ұлттық нақышы жоғалмаған орта қалыптастыру.
– Клубымыздың «Шолпы» деп аталуы тегін емес. Қазақтың салт-дәстүрінде бұл бұйымды таққан кезде қыздар арқаны тік ұстап, бойды да, ойды да түзеген. Біздің мақсатымыз да – ұлттық құндылықтарды насихаттай отыра дамитын, кітап оқитын орта құру. Ойды түзеу, ұлттық ділімізге сай рухани даму, – дейді ол.
Бұл клубтың құрылғанына 5 айдан енді асса да, қазір құрамында 45 оқырман бар. Олар – мектепті енді аяқтаған жас қыздар және жас аналар. Алдымен барлығы тәрбиелік мәні бар кітапты таңдайды, сосын оны барлығы үйлерінде бастан-аяқ оқиды. Кейін бір күнді белгілеп, барлығы жиналып, кітаптан ойға тоқыған құндылықтарымен бөлісіп, өзара талқыға салады.
– Осы күнге дейін 5 кездесуіміз өтті. Әзірге 8 кітап оқыдық. Біздің алдымызға қойған өлшем: оқитын кітабымыз міндетті түрде қазақ тілінде, авторы қазақ болуы шарт. Кітап мазмұнында қазақы тәрбие, ұлттық дәстүр көріністері болуы керек. Сосын кітапты талдау кезінде ол жерде айтылған ұлттық құндылықтарды бүгінгі өмірде қалай қолданамыз, тарих пен дәстүр сабақтастығын қалай жүзеге асырамыз деген сұрақтарға жауап іздейміз, – дейді Арайлым.
Ол «Шолпы» клубының арқасында жас аналар арасында жағымды өзгерістер де болып жатқанын айтады. Мәселен, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын оқығаннан кейін аналар балаларына ертегі айта бастаған. «Бұл кітап тұнып тұрған қазақы философияға негізделген. Балаларға ертегі айтудың қаншалықты маңызды екенін, «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам» деген ойды жеткізген бұл еңбек біз үшін үлкен сабақ болды», дейді кейіпкеріміз.
Сонымен қатар, олардың қатарында бұрын орыстілді кітап оқу клубтарынан келіп қосылып, қазақша сөйлей бастаған жас аналар да көп екен. «Бастапқыда олар қазақ тіліне шорқақ болғандықтан, кітапты талқылауға көп араласпай, ұялып үндемей отыратын. Біз оларға мақсатымыз кімнің қазақ тілін жақсырақ білетіндігін көрсетіп жарысу емес, керісінше бірігіп қазақ тілінде сөйлеуді жетілдіру, кітаптар арқылы сөздік қорымызды толықтырып, қазақ тілінде әдемі сөйлеуді үйрену екендігін түсіндірдік. Содан кейін қыздар өздерін еркін ұстап, барынша ойларын қазақ тілінде жеткізе бастады. Басында орысша сөздерді көп қосатын, қазір қазақша әдемі сөйлеуді үйренді. Шыны керек, қазақ тіліне деген махаббаттары ашылғаны сонша, клубтан тыс уақытта да қазақша сөйлеп жүргендерін байқадық. Бұл біз үшін үлкен жетістік», – дейді Арайлым.
Айта кетсек, жуырда «Шолпы» клубы Лариса Алдабергенқызы басшылық ететін Халықаралық Қазақ тілі қоғамына мүше ретінде қабылданған. Қазір Астана қаласының көшелерінде тіл мәртебесі үшін жүргізіліп жатқан «Көрнекі» атты жобасына атсалысып келеді.
Қазақ тілі жайлы фактчек
Мағжан атамыздың «Мен жастарға сенемін» деген ұран сөзін бүгін де ауыз толтырып айтуға болады. Өйткені, басқа саланы былай қойғанда, ана тілінің көсегесі көгеруін көксейтін жастар өсіп келеді. Олар тілдің дамуына үлес қосатын түрлі креативті жобаларды іске асырып жүр. Соның бірі – инстаграм мен YouTube-те тілтану және тілге фактчек жасау бағытындағы «Қазақ бабыл» парақшасы мен арнасын жүргізіп жатқан Бибарыс Сейтақ есімді жас маман.
Назарбаев университетінде тіл (лингвистика) мамандығын оқыған ол: «Тілдер, олардың табиғаты туралы ғылыми, терең, жан-жақты жиған білімім бар болғасын, оны ортаға салғым келіп, команда жинап, парақша аштық. Тілдерге, тіл саясатына, соның ішінде, әрине, бірінші кезек мемлекеттік тілге деген сауатты көзқарас қалыптастыруды көздеймін» дейді.
– Тіл туралы жаңсақ пікір, алыпқашпа әңгіме көп. Гуманитарлық ғылымдарды ғылым емес деп елемегендіктен бе, әлде кей адам расында менмендікке сонша салынғаны ма, тілтануда ешқандай кәсіби, ғылыми дайындығы, дипломы жоқ біреулердің тілдер туралы, сөздер жайында «жаңалық ашып» жататынын жиі көреміз. Біреулер «әйел» сөзін сөгеді, біреулер «қазақ тілі ғылымға жарамайды» деп адасады, енді біреулер «Алматының атауы – Алма-Ата» деп айды аспанға шығарады. Бұндай қауесетке ғылыми, дәлелді фактчек керек – оны тілтанушылар жасай алады, – дейді жас маман.
Оның айтуынша, бүгінде қоғамда нақты қалай әрі қашан қазақ тілі барлық салада доминант тіл болуы керек деген мәселеге түрлі көзқарас бар. «Геосаясаттағы соңғы жайттар әйгілеп бергендей, қазақ тілінің үстемдік құруы – намыс не бір ұстаным мәселесі ғана емес, шын мәнінде ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұны көпшілік түсініп келеді, бірақ неғұрлым тезірек түсінсе, соғұрлым жақсы» дейді.
Бибарыс Сейтақтың әлеуметтік желі арқылы тілтану бағытында жасап жатқан жұмыстары шынымен назар аударарлық. «Жас келсе – іске» демекші, кейінгі толқын өкілдерінің жаһандану тасқынына жұтылып кетпей, ұлттық танымды кеңейтуге, мемлекеттік тілдің дамуына өз үлестерін қосып жатуы – ертеңіміздің жарқын екенін білдірсе керек.