• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Тамыз, 2023

Менмендік стихиясы

295 рет
көрсетілді

Мына өмірде адамдар арасында мейірімділік, бауырмалдық, қарапайымдылық, жанашырлық, бір-бірін қолдау деген азайып, бұлыңғырланып бара жатқандай. Олардың орындарын менмен, өзімбілгіш, тәкаппар, қатігез, дүние қуған, тек пайда тауып, ақша жинауды мақсат еткен тойымсыз жандар басып бара жатқандай сезімде боламын. Неге бұлай болды? Қазіргі қоғам адамзатты қайда алып барар екен?

Бірде соғыс ардагері, жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновпен сұхбаттасқан Ахат Жақсыбаев:

– Қасеке, өмірде жек көретін нәр­сеңіз не? – деп сұрақ қояды. Сонда ержүрек қарт партизан іркілместен:

– Ең жек көретін нәрсем – менмендік. Менмендік адамды меңіреу етеді. Ал меңіреулік түбіңе жетеді, – депті.

Иә, ой таразысынан өткіз­сек, шынында да адамның бойын­дағы бір қасиетсіздік – мен­мен­дік, тәкаппарлық, өзімбі­лем­дік екен. Оны мына мың құ­был­ған сайқымазақ дүниеден күнде болмаса да көріп жүрміз. Әсіресе бұл жағымсыз қасиет өзіміздің қазақтар арасында жиі ұшырасатыны рас. Неге? Ол қанмен берілетін қасиет пе? «Қалтасы қалыңдаған» байшыкеш, қызметі өскен адам уақыт өтпей-ақ айналған ащы шектей өзгеріп, өркөкіректеніп, танауы желбиіп, кеудесіне нан пісіп, маңғазданып шыға келетіні несі? Ой, сұмдық-ай! Орыс халқында «Егер кісіні сынамақ болсаң, оған қызмет бер» деген сөз бар. Қызмет дәре­жесі сәл өссе, кекірейіп, оқтау жұтқандай паңданып «хан­ға сәлем бермейтіндер» аз емес-ау, мына қы­зылды-жасылды дүниеде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік қыз­мет жеке бастың бақ-дәулетін арт­тыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында ай­рық­ша жауапкершілік арқалау» деген сөзін естен шығарып, қызмет бабын пайдаланып баю жолына түсіп, дәрежесін табыс көзіне айналдырып, түкірігі жерге түспей, сөйтіп бірте-бірте құлқынның құлына айналатын басшылардың айналамызда көп екені қынжылтады. «Мен», «мен» дей берме, Меңдеп өлер­сің», немесе «Жақсыны мақ­тасаң, сақтанады, Жаманды мақтасаң, қомданады», «Өзім білем» деген өрге баспас». «Үш нәрсе адамды бақытсыздыққа ұшы­ратады: сараңдық, қо­мағай­лық және менмендік». Міне, бұл дана, өткір сөздерді атам заманнан бабаларымыз айтып, ұрпағымыздың құ­­лағына сіңіріп кеткен. Ал орыс жазушысы Антон Чехов «Еш­қашан, ешбір жағдайда өзіңнің дандайсуыңа да, мен­мендікке салынуыңа да жол берме» депті. Ойлап отыр­сақ, қазіргі билік иелері арасында менмендік басым болып бара жатқандай болады да тұрады.

Менмендік адамның өзін бас­қадан артық санап, бақ пен байлықты, билікті көтере алмай, ақымақтық пен тәкәппарлыққа салынуынан көрінеді. Менмен адам өзімшіл болып, басқа адам­дардың көзқарасымен, ой-пікірімен санаспай, тек өз мүддесін ғана ойлаумен өмір сүреді. Бір сөзбен айтқанда, мен­мендік адамды тура жолға жетелемейтіні белгілі, кері­сін­ше оны ертелі-кеш орға жы­ғады, абыройдан айырады, бақыт­сыздыққа ұрындырады.

«Ұлық болсаң, кішік бол» деген қанатты сөз бар. «Ұлық» – кісі­нің бойындағы қара­па­йым­дылық жақсы қасиет. Әри­не, қарапайым боламын, кішік боламын деп кісіліктен жұрдай болу, қарабайыр болу да қауіпті. Мі­незсіз, тым ретсіз қарапа­йым­дылық адамды бейшара­лық­қа, мүсәпірлікке айналдырады. Ол адамды ынжық, күйрегіш етеді. Жақын-жуығы, тіпті өзіне жақын бала-шағасы мен әйелі де оны менсінбей, пікірін елемей, қауқарсыз, үнсіз бейшара пендеге айналдырып жібереді. Демек «кішік» болудың да өз жөні бар. Ал жөнсіз кішік болсаң, жол жағасы – аяқ астындағы қауқарсыз бір түп шиге ұқсап кетесің. Ондай шиге ары өткен, бері өткен ит те сариды, көрінген мал таптайды... Сөйтіп, ол келе-келе мүжіліп жоғала береді, бірте-бірте мүлдем жоқ болады, ізі де қалмайды. Қорынышты, аянышты...

Өмір жолында, қызмет бабында кімдермен кездесіп, кім­дер­мен әңгіме құрып, кім­дер­мен дәмдес-тұздас болмай­сың? Әркімнің өз орны, кәсібі, ойы, мінезі бар. Біреуінің бойынан адам­гершіліктің, жақсылықтың, ізеттіліктің, имандылықтың ізі байқалып тұрса, екіншісінен тәкап­пар­лық, кекірттік, кесірлік, тоңмойындық, өркөкіректік, мен­мендік бетіне шығып, ай­қай­лап тұрады. Оларға не дерсің?..

Бірде шәкірті ұстазынан сұ­рай­ды:

– Ұстаз, өмірдің мәні неде?

– Кімнің өмірі? – деп таңдана сұрағына сұрақпен жауап берді ұстазы. Шәкірті сәл ойланып ба­рып:

– Жалпы, адам өмірінің... Ұстазы терең күрсінді де:

– Бұл сұраққа кім жауап бере алады? – деп басқа студенттерден сұрады.

Бірі:

– Бәлкім, өмірдің мәні махаббатта шығар...

– Жаман жауап емес, деді ұстазы, – бірақ ондаған жыл өмі­рім бекер өтпеді деп айту үшін бір ғана махаббат жеткіліксіз секілді.

– Меніңше, өмірдің мәні соңыңнан із қалдырып кету. Мә­селен, сіз, Ұстазым!..

– Егер сені дұрыс танымайтын болсам, жай ғана жағымпазданып тұр деп ойлар едім.

– Сонда көп адам бекер өмір сүріп жатыр деп есептейсің бе? – бірі осылай деп еді, енді бір студент:

– Өмірдің мәні осы мәнді іздеу шығар, мүмкін.

– Қане, қане, – деп қызыға түсті ұстазы: – ойыңды ашып айтшы, неге олай дедің?

– Біз осы сұрақты талқылап отыр­мыз, демек, жауабын дөп басып айту мүмкін емес. Екін­шіден, дұрыс жауабын таптым деген күннің өзінде ол жауапқа қарсы шығатын адам бәрібір табылады. Осылай бүкіл өміріміз осы өмірдің мәнін іздеумен өтеді.

– Сонда өмірдің мәні...

– Өмір сүру, – деді шәкірті.

Осымен сабақ та аяқталды. Әркім осы ойды арқалап, аудиториядан шыға берді. Осы жолдарды оқып отырып мен де ойға қалдым: «Ия, өмірдің мәні неде? Белшесінен жиған байлығы ма, әлде халқымен бірге болып, оның суығына тоңып, жылуын бөлісіп, елге деген қамқорлығы, басқаларға жасаған жақсылығы ма?..». Санаға салмақ салар сұрақ аз емес.

Тәкаппарлық нақты же­тіс­тік­тер мен жеңістерден кейін немесе керемет қабілеттер ая­сында жиі кездесетін «жұл­дызды аурудың» көрінісі болуы мүм­кін. Дегенмен, әр адамның ерекше екендігі ұмы­тылады, әркім талантты музыкант, актер, спортшы немесе бай адам бола алады. Со­нымен қатар, бір адамның жетістігіне қанша адам үлес қосқанын есте сақтап, оны түсіну керек. Мәселен, актер биік мансабын өзі жасады ма? Оның жетістігіне мектепте, үйірмелерде және университетте сабақ бергендер, қолдау көр­сетіп, көмектесіп, соңында оның жұмысын жақсы көріп, бағалаушылар да үлесін қосты емес пе?..

Қоғамда барлық адамдар туған­­нан бастап өзара араласады. Үйдегі электр энергиясы көп­теген қарапайым жұмыс­шы­лардың жұмысының нәти­жесі, ал кейбір менмен адамдар оны қолданып, осы еңбегі ауыр жұмысшыларды менсінбей жатады. Сіз айналаңыздағы жандарды белгілі бір іс-әре­кеттері үшін сүйе немесе құр­меттей ал­майсыз. Оған қоса сіз өзіңізді бүкіл адамзаттан жо­ғары қоя алмай­тыныңыз да шындық.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

ТАРАЗ