• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Өндіріс 17 Тамыз, 2023

Май өндірушілердің мұңы

348 рет
көрсетілді

Майлы дақылдар өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы жаңа маусымда күнбағыс өнімділігі 30-40%-ға төмендейтінін болжайды. Оған қоса бұл үдеріс шикізатты елеулі көлемде экспорттау аясында байқалып отыр. Әдетте мұндай динамика елде шикізаттың тапшылығына, тиісінше өнімнің қымбаттауына әкеледі.

Негізгі тұқым өндірушілер ‒ Ук­раи­на мен Ресейдегі көрсеткіштердің төмендеуін ескере отырып, күнбағыс өнімінің әлемде шамамен 7-8 млн тоннаға төмендеуіне байланысты алдағы маусымда әлемдік нарықта май бағасы күрт өсуі мүмкін. Бұл ретте ішкі нарықта өз тұқымының болмауы халықтың күнбағыс майына деген қажеттілігін қамтамасыз ету, импорттық инфляция­мен күресу және республика ішіндегі май өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мүмкін болмайтын жағдайлар туғызады. Майлы дақылдар өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының басшысы Ядыкар Ибрагимовтің айтуынша, егер отандық өндірушілер үшін шикізат тапшылығы күшейе түссе, зауыттардағы өткізу бағасы екі есеге дейін өсуі, яғни литріне қазіргі 480-550 теңгеден 800-900 теңгеге жетуі мүмкін.

Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарына жүргізілген мониторинг бойынша биыл ел нарығының 60%-ын күнбағыс тұқымымен қам­та­масыз ететін өңірлерде құрғақ­шы­лық байқалды. Бұл 1,5-2 айға созылатын вегетациялық кезеңде жаңбыр жаумағандығына байланысты. Сондай-ақ осы кезеңде орташа температураның жоғарылауы байқалды. Сондықтан жаңа маусымда кейбір аймақтарда күнбағыс өнімділігі төмендейді. Нәтижесінде, биыл елімізде күнбағыстың жалпы жиналуы 850 мың тоннадан аспайды. Қауымдастық төра­ғасының мәлім­де­уін­ше, ресми статис­тика іс жүзіндегі нақты көрсеткіштен алшақ.

«2022 жылы күнбағыс тұқымының жалпы өнімі 1,3 млн тоннаға бағаланды. Ал біздің есебіміз бойынша бұл көр­сеткіш 1,02 млн тоннадан аспады. Сондай-ақ тұқым қоры бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйеніп келтірген сандар да іс жүзіндегіден өзгеше. Мәселен, осы жылдың шіл­десіндегі ресми деректер бойынша Қазақстанда мұндай шикізаттың қал­дығы 500 мың тоннадан асады. Біздің деректеріміз бойынша бұл көрсеткіш – шамамен 260 мың тонна. Яғни бұл жердегі айырмашылық 40%-дан асады. Біз Ұлттық статистика бюросынан өз деректерімізді олардікімен салыстыру үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерінің байланыстарын беруін сұрадық. Бірақ олар бұл құпия ақпарат деп, жауап беруден бас тартты. Неге бұл ақпарат май өндірушілерден жасырын ұсталуы керек?» дейді Я.Ибрагимов.

Оның айтуынша, бұрмаланған статис­тика агроөнеркәсіптік кешенде сауатты және салмақты шешімдер қа­­­был­данбайтынын білдіреді. Елдің азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей бай­ланысты мәселелерді талдауда көз­бояу­шылық болмауға тиістігін ескерткен қауымдастық өкілдері Ұлттық статис­тик­а бюросының деректерді талдау әдіс­те­месін түзетуді ұсынды.

Qazaq Astyq Group компаниясының коммерциялық директоры Александр Буженицаның мәлімдеуінше, шикізат тапшылығы биыл май өндіретін әрбір зауытта орын алды. Кеден органдары декларацияларының, ресми статистиканың деректері бойынша, маусымның басында (2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың маусымына дейін) елімізден 250 мың тоннадан аса күнбағыс тұқымы әкетілді. Өйткені Қазақстан ‒ Орталық Азиядағы шикізатты шектеусіз, квотасыз әкетуге болатын жалғыз ел. Сондай-ақ бізде елден тұқым шығаруды шектеу үшін экспорттық баж салығы өте төмен, яғни 20%, бірақ тоннасына кемінде 100 еуро. Мысалы, Ресейде мұндай баж 50%, бірақ тоннасына кемінде 320 доллар. «Күнбағыс тұқымы негізінен Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қытайға экспортталады. Бұл елдер бізден шикізат сатып алу перспективасымен жаппай зауыттар салып жатыр. Ал өз зауыттарымызға қажетті көлемде шикізат жетіспеуде», дейді ол.

Отандық майлы дақылдарды өңдеу­шілер май зауыттарының қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіру үшін ҚҚС қайтару бөлігінде өзгерістер енгізу қажеттігін мәлімдеді. Елдегі ірі май зауыттарының бірі «Шымкентмай» АҚ бас бухгалтері Төлеген Айтбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта қолданыстағы ҚҚС қайтару ережелері экспортқа бағдарланған май кәсіпорындарының қаржылық тұрақтылығын айтарлықтай нашарлатады.

«Мысалы, қолданыстағы ҚҚС қай­тару ережелері аясында май зауыт­тарында бірнеше жыл бойы ҚҚС-дан асып кеткен соманы қайтару мүмкіндігі жоқ. Өйткені салық органдары ҚҚС-дан асып кетуді қайтаруға өтініш берген кезде қалыптастыратын «Пирамида» сараптамалық есебі өтініш берушінің тікелей жеткізушілерінің ғана емес, сонымен қатар екінші, үшінші және одан кейінгі деңгейдегі жеткізушілердің де бұзушылықтарын тексереді. Нәтижесінде, Мемлекеттік кіріс комитетінде біздің кәсіпорынның шоттарындағы 3 млрд теңгеден аса қаражат қатып қалды. Бұл соманы ЕДБ қаражатын тарту есебінен өтеуіміз керек. Банктер біз үшін қарыз лимиттерін үнемі арттыра алмайтындықтан, зауыт қызметін тоқтата тұру қаупі бар», дейді Т.Айтбаев.

Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер адал салық төлеушілер жосықсыз салық төлеушілерге арналған шоттар бойынша төлейтін жағдайды қалыптан тыс деп санайды. Ал салық органдары ҚҚС бойынша бұзушылықтарды әкімшілендірудің, анықтап, жоюдың орнына өздері үшін ыңғайлы заңға бағынатын салық тө­леу­шілерге ҚҚС сомасынан асып кетпеу нұсқасын таңдайды. Қазіргі уа­қытта Қазақстанның май-тоңмай кә­сіпорындарына 9 млрд теңгеге ҚҚС өтелмеген.

Сол секілді мамандар Қазақстаннан Қытайға өсімдік майларын экспорттау жоспарларын бөлудің қолданыстағы жүйесі тиімсіз екенін алға тартады. Мысалы, цистерналарды Қытайға жөнелту үшін артық жоспарлар жасалады (кейбір компаниялар тауары немесе сатып алушысы жоқ өтініш береді). Мәлімделген үлкен көлемдер Достық – Алашанькоу шекара өткелінде қабылдау мүмкіндігінен асып түседі, осыған байланысты ҚТЖ өкілдері қол режімінде әрбір компаниядан вагондар санын азайтады. Нәтижесінде, тауарлары мен сатып алушылары бар адал экспорттаушылар өз көлемін жө­­нелте алмайды. Ал жай ғана жос­пар құрған компаниялар жеткізілім жа­са­май-ақ слоттар алады. Көбінесе бұл жос­парларды өндірушілер емес, алыпсатар трейдерлер иеленіп кетеді де, адал кәсіпкерлер шығынға ұшырайды. Мәселен, ҚТЖ деректеріне сәйкес осы жылдың қаңтарынан мамырына дейін барлық мәлімделген көлемнен (7 071) 38% цистерналарға (2 680) арналған жос­пар келісілді. Нәтижесінде, май цис­тер­на­ларының тек 30%-ы (803) жүктелді.

Маусымаралық кезеңде ішкі нарықта отандық құс фабрикалары мен мал шаруашылығы үшін күнбағыс майы мен азығын тасымалдау жоспарларын келісу бойынша қолдаудың болмауы да кедергі келтіреді. Осы проблемаларды шешу үшін мамандар Қытай бағытында өсімдік майларын экспорттауға арналған жоспарларды объективті бөлуді, май өнімдерін ішкі тасымалдауға арналған жоспарларды келісуді, сондай-ақ отан­дық құс фабрикалары мен мал шар­уа­шылығы кәсіпорындары үшін майлар мен жоғары ақуызды жемшөптерді тасымалдауға арналған вагондарды беру кезінде басымдықты сақтауды ұсынды. «Көмір, кен және металдар сияқты тауарлар экспортқа тез, еш қиындықсыз жіберіледі. Ал май өнімдері көбіне шектеліп жатады. Барлық сала бірдей қолжетімділікке ие болуы керек», дейді қайта өңдеушілер.

Май өнеркәсібі құлдыраса, бұл іргелес салалардың дамуына теріс әсер етеді. Құс фабрикалары, кондитерлік өнімдер, жемшөп зауыттары, сүт-тауар фермалары зардап шегіп, импортқа тәуелділік артады. Күнбағыс майына ғана емес, байланысты салалардың өнімдеріне де баға тұрақсызданады. Сондықтан ағымдағы жағдайда одан әрі даму бағытын дұрыс таңдау және ең болмаса орта мерзімді кезеңде саланың жұмыс істеуі үшін тұрақты және түсінікті жағдайларды қамтамасыз ету маңызды.

Соңғы жаңалықтар