Еліміздегі бұрынғы суперпрезиденттік басқару кезеңінде көптеген түйінді мәселенің шешілу-шешілмеуі бір-ақ адамға – Мемлекет басшысына байланысты болғаны мәлім. Ал нормативтік құқықтық актілердің Ата заңға сәйкестігін қарау Конституциялық кеңестің міндеті болғанымен, қарапайым азаматтардың оған жүгінуіне мүмкіндік берілген жоқ. Бұл кереғарлық өткен жылғы бүкілхалықтық референдумда қолдау тапқан конституциялық реформа арқылы жойылып, адам құқықтарын қорғаумен нақты айналысатын Конституциялық сот құрылып, биыл іске кірісті
Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот құрудың қажеттілігі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады. Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды.
Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын», деген еді. Мемлекет басшысының осы пайымы оның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен өзектес екенін арада өткен уақыт айғақтап отыр.
Шынтуайтында, бұрынғы Конституциялық кеңеске қарапайым азаматтар түгіл, Парламенттің жекелеген депутаттары да тікелей жүгіне алмайтын. Олар қолданыстағы заңнамада Ата заңға қайшы келетін кемшіліктер ұшырасатындығын ашық айтып келгенімен, ондай сынға орталық атқарушы органдар басшыларының құлақ асқаны шамалы. Мысалы, бесінші және алтыншы шақырылымдағы Парламент депутаттары еліміздің ішкі істер органдары Қытайдан көшіп келген этностық қазақтардан Қазақстан азаматтығын алу үшін аспанасты елінен соттылығы туралы анықтама әкеліп тапсыруды талап ететіндігін талай рет сынап, Үкіметке тиісті ұсыныс жасағанымен, одан еш нәтиже шықпаған. Бұл мәселе тек тұңғыш Президент Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Қытайдан келген қандастар өтінішін орындау жөнінде Үкіметке тапсырма бергеннен кейін ғана оң шешімін тапты. Сондай-ақ 2014 жылы біздің елдің Үкіметі өз бастамасымен Моңғолиямен арадағы еңбек қатынастары жөніндегі екіжақты шарттың күшін жойғаннан кейін сол елден атажұртқа оралған егде жастағы қандастар зейнет демалысына шығарда күтпеген қиындыққа тап болған еді. Нақты айтқанда, олардың Моңғолияда жоғары оқу орнында оқыған, әскери қызмет атқарған және жұмыс істеген жылдары еңбек өтіліне енгізілмей, мүлдем зейнетақысыз қалып, мардымсыз жәрдемақымен күнелтулеріне тура келді. Осындай әділетсіздікті де Парламент депутаттары түзете алмай, оған Мемлекет басшысы тікелей араласқан соң ғана сең орнынан қозғалды. Соның өзінде де Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Моңғолиядан көшіп келген ағайындардың еңбек өтіліне аталған елде жұмыс істеген жылдарын ғана енгізіп, жоғары оқу орнында оқыған және әскери қызмет атқарған уақытын енгізбей тастады. Соның салдарынан олардың зейнетақысы едәуір кемітіліп есептелетін болды. Ал 2014 жылға дейін Моңғолиядан келген қандастар өзге Қазақстан азаматтарымен тең жағдайда зейнетақы алып келгенін ескерсек, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ұстанымымен келісу қиын. Енді мұндай бұра тартушылықтар туралы кез келген азамат Конституциялық сотқа тікелей шағымдана алады.
Қазір отандастарымыз өздеріне конституциялық реформа арқылы берілген қосымша құқықты пайдалануға құлшына кірісіп жатыр. Биылғы жыл басынан бері Конституциялық сотқа азаматтардан 3,5 мыңнан аса өтініш келіп түскені – соның айғағы. Осыған орай 30-дан аса құқықтық норманың Негізгі заңға сәйкестігі қаралып, оның 5-і конституциялық емес деп танылған. «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Конституциялық заңның 63-бабының 3-тармағына сәйкес конституциялық емес, оның ішінде адамның және азаматтың Ата заңда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де құқықтық актілердің, олардың жекелеген ережелерінің күші жойылады және Конституциялық сот шешім қабылдаған күннен немесе ол белгілеген күннен бастап қолданылмайды. Мұның өзі қабылдаған шешімдері орындауға міндетті емес, ұсынымдық сипатта ғана болған Конституциялық кеңеске қарағанда, Конституциялық соттың әлдеқайда пәрменді әрі халыққа жақын мемлекеттік органға айналып отырғанын айғақтайды.
Мысалы, Конституциялық сот биылғы ақпан айында Ержан Досмағамбетовтің Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 1-тармақшасын және 2-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қараған. Себебі Атырау қалалық сотының 2018 жылғы 28 ақпандағы шешімімен одан мемлекет кірісіне 129 639 381 теңге сомасында залал, 3 889 182 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндіріліп алынған. Оның материалдық қиын жағдайы мұнша соманы төлеуге мүмкіндік бермеген. Сондықтан ол қажетті қаражаттың болмауы өзін сот арқылы қорғалу құқығынан айырып отырғанын айта келіп, табысы аз азаматтардың республика соттарында өздерінің конституциялық құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі болуға тиіс деген пікір білдірген. Конституциялық сот Е.Досмағамбетовтің өтінішінде көтерілген мәселені жан-жақты қарай келе, 2023 жылғы 22 ақпандағы №3 нормативтік қаулысымен Салық кодексі 610-бабы 2-тармағының ережелері әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауы жөніндегі конституциялық құқыққа нұқсан келтіруге және оны шектеуге алып келетін «осындай даулар бойынша әкімшілік талап қою, талап арыз (арыз) берілген кезде» деген сөздер бөлігінде Конституцияның 13-бабының 2-тармағына және 14-бабына сәйкес келмейді деп таныды. Қолданыстағы заңнамадан мүліктік қиын жағдайда қалған азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз ететін құралдар (мемлекеттік баж мөлшерін азайту, оны төлеуден босату, төлеуді кейінге қалдыру, бөліп төлеу және басқалар) алып тасталғаннан кейін туындаған олқылық әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау жөніндегі конституциялық құқықты толық іске асыруға кедергі келтіреді деп есептеп, Үкіметті үш айдан кешіктірмей Парламент Мәжілісіне соттардағы мемлекеттік баж төлеу мәселелерін құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізуге міндеттеді.
Сондай-ақ Конституциялық сот биылғы маусымда Н. деген азаматтың өтініші бойынша Жоғарғы соттың «Соттардың бала асырап алу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы» 2016 жылғы 31 наурыздағы №2 нормативтік қаулысының 3-тармағы бесінші абзацының конституциялылығын тексеріп, оны Негізгі заңға сәйкес келмейді деп таныды. Сөйтіп, оңайлатылған тәртіппен бала асырап алу туралы сотқа арыз берген кезде молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысы болу міндеттілігі туралы қосымша императивтік талап конституциялық емес екендігі атап көрсетілді. Себебі соттар үшін мұндай қорытындының болмауы азаматтың арызын қараусыз қалдыруға негіз болып келді. Осы рәсім мемлекеттік органдар мен соттардың бала мүдделерін барынша қамтамасыз ету міндетіне сәйкес келмейді. Бұл – Қазақстан ратификациялаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы конвенциясының талабы.
Қазір Конституциялық сот тағы бір көкейкесті мәселені – Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтар көптен бері көтеріп келе жатқан «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның 13-бабының конституциялылығын тексеру үстінде.
Бір айта кететін жайт – биылғы 20 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысында жарияланған Конституциялық соттың «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауында атап өтілгеніндей, осы мемлекеттік органға келіп түскен өтініштердің 41 пайызы сот шешімдерімен келіспеуге қатысты болып шыққан. Алайда мұндай өтініштерді қарау Конституциялық соттың құзыретіне жатпайды. Арызданушылардың 26 пайызы ғана заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын тексеруді сұраған.
Түйіндей айтсақ, Конституциялық сот қазірдің өзінде Ата заңда айқындалған адам құқықтарына арашашы болып отыр деуге толық негіз бар.