• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Тамыз, 2023

Торқалы тойдан тәбәрік

425 рет
көрсетілді

Сарыарқаның алтын қақпасы атанған, Арқа мен Жетісудың арасын жалғап жатқан Сарышаған кентіне 70 жыл толды. Ынтымағы жарасқан, ырыс-берекесі тасыған ауыл халқы мерейлі жылды торқалы той өткізіп атап өтті. Бұл тойда елге шарапаты тиетін игілікті іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, ауылдың ең биік жотасынан сәні келіскен саябақ ашылды. Ауыл жастарына арналған волейбол мен баскетбол алаңы бой көтерді. Теміржол вокзалындағы жаңадан ашылған мұражайда жолаушылар түрлі жәдігерлермен таныса алады. Мешіт жанындағы діни сауат ашу орталығы мен асхана ауылға жанашыр азаматтардың атсалысуымен салынып отыр.

Тарихы мұражайда сайрап тұр

Сарышағанды былайғы жұрт станса ретінде жақсы таниды. Бұл елді мекен Сарыарқаның алтын қақпасы іспетті. Олай дейтініміз, кент үстінен 16 бағыт бойынша 46 пойыз және «Алматы-Екатеринбург» тасжолы өтеді. Яғни маңызды көлік торабы. Күніне мыңдаған жолаушы, жүздеген техника ат шалдырады. Іргедегі Балқаш пен Приозерск қаласының тұрғындары осындағы вокзал арқылы пойызға отырады. Айтпақшы, вокзал 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 262,7 млн теңге қаражатқа жаңадан салынған еді. Мұндағы халықтың дені жол бойында еңбек етеді. Ауыл халқы, әсіресе, теміржол саласының ардагерлері ұйымдаса келе, мерейлі жыл қарсаңында мұражай ашуды ұйғарыпты. 1953 жылдан бергі уақытта станса ретінде танылған Сарышағанның тарихы осылайша ойға алған мұражайда қайта түрленіп, жаңғырды. Шарапатты шаралардың алғашқысы – осы.

Тойға жиналған жұртшылық вокзалдың екінші қабатындағы мұражайдың ашылу салтанатына куә болды. Мұражайдағы экспонаттардың көбі – теміржол саласына маңдай тері сіңген ардагерлердің ертеде қолданған құрал-жабдықтары. Онымен қоса станса тарихынан сыр шертетін мұрағат құжаттары да – осында. Үздік теміржолшылардың алған марапат қағаздары, төсбелгілері де – енді музей төрінде. Мұражайды ашуға себепкер болғандардың бірі Әбдірахман Оспанов әлі де музей қорын түрлі экспонаттарға толтырамыз дейді. Ауылдан қанат қағып кеткен азаматтар осы шаруаны естіп, қоңырау шалып, аталарының, әкелерінің қызметте қолданған құралдарын табыстауға ниеті барын жеткізіп жатыр екен. Осылайша, теміржол мұражайының есігі айқара ашылды. Енді жолаушылар да экспонаттарды тамашалап, станса тарихынан мағлұмат алады. «Ауыл азаматтарының осы бір ойға алған дүниесі ертеңге қалған із болды», дейді сырттан келген меймандар.

 

Жастарға тарту-таралғы

Мұражайдың ашылу салтанатынан соң меймандар Шыңға өрлеу саябағына қарай бет алды. Ауылдың көл жағына қарай, дөң­нің үстіне салынған саябақтың сәні келісіп-ақ тұр. Ауылды осы биік­тен көресіз. Көкше көлге де көз тастайсыз. Мұнда ешқандай бюд­жеттен ақша жұмсалмаған. Мек­теп бітіргеніне 40 жыл тол­ған түлек­тердің жастарға тартуы екен. 1965 жылы туған ауыл азамат­тары осыны ерте ойлап, қам жас­аған. Арнайы кенттің 70 жыл­дық тойына үлгерсек деген ниеті­не, міне, абыроймен жетіп отыр. Саябақтың ішіне көшет, гүл отыр­ғызып, жайқалтып қойыпты. Бал­қаш жолбарысының, киіктің, бүр­кіт мен самұрық құстың да тасмүсіні – осында. Саябақтың көркін ашып тұр. Саябаққа шамамен 30 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Мүсіндерді Астанадағы шебер Бектұр Жан­дар­бекұлына арнайы тапсырыс беріп, соқтырыпты.

– Былтыр наурыз айында орнын белгілеп, қазығын қаққанбыз. Бала кезімізде осы қырда шана, шаңғы теуіп өстік. Көлге қарап, тамсана­тынбыз. Содан ақылдаса, ауыл хал­қы кешкілік серуен құрып, дема­латын саябақ салайық деп шеш­тік. Достарымыз бірден қолдады. Ас­танадағы архитектор Арай­лым Әбдірахманқызына сызбасын жа­сат­тық. Әбден пысықтап, құ­рылыс жұмыстарына кірістік. Со­ның нәтижесінде осындай жи­нақы саябақ салынды, – дейді шарапатты іске атсалысқан Шынтас Мұқашев.

Ауыл халқы көтеріңкі көңіл күймен әрі қарай баскетбол мен волейбол алаңына қарай жол тартты. Енді ауыл жастары су жаңа алаңда бір мез­гіл доп ойнап, жаттығады. Зама­науи алаңның құрылысына бюд­жеттен 14 млн 240 мың теңге бө­лінген. Алаң Теміржол көшесінен салын­ған. Кент әкімі Әнуар Тойым­беков жастардың спортқа деген қы­зығу­шылығы зор екенін айтады.

 

Сауат ашу орталығы ашылды

Түс ауа тойға жиылған жұрт мешітке қарай қадам басты. Жұмадағы оқылған дұғаға қол жайды. Мешіт жанынан жаңа ашылған асхананың төріне жайғасты. Меймандарға арнайы дәм берілді. Бұған қоса жаңа ғимараттың екінші қабатында діни сауат ашу орталығы жұмыс істейтін болды. Жаңа ғимараттың құрылысына ауылдың әр өкілі атсалысыпты. Құрылыстың негізі бөлігін, қабырғасын ауыл азаматы, кәсіпкер Аят Нұрсейітов көтеріп берген. Құрылыстың басы-қасында жүрген Оралбай Мақановқа да елдің ықыласы ерекше. Ал 1991 жылғы жігіттер ғимараттың терезелерін салуды мойнына алған. Шамамен 2 млн теңгеге жуық қаражат жұм­салыпты. Ауыл азаматы Жасұлан Кенжеқараев барлық терезені тегін салып берген. 1996 жылғы жігіттер де сауаптан құр қалмалық деп төбені қаптап беріпті. Бөлме есіктерін 1997 жылғылар алып, оны Жарбол мен Атабек есімді жігіттер тегін орнатқан. Сыртқы есікті 1999 жылғылар салса, кіреберістегі есікке 2000 жылғы азаматтар демеушілік жасаған. Ал ауылдағы ақжаулықты аналар жиналып, мешіт асханасының ыдыс-аяғын, керек жабдығын алып беріпті.

Мешітті 2021 жылы ауылдың қадірлі ақсақалы, белгілі профессор Әмір Сембеков өз қаражатына салып берген. Ауыл халқының басқа да жұмыстарға септігі тиіпті. Сыйымдылығы – 200 адам. Асханасына 250 адам сияды. Енді кент халқы құран оқытып, осы жерде ас береді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Естай Әбдіғали жаңа ашыл­ған діни орталыққа Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масының найб мүфтиі, белгілі исламтанушы Ершат Оңғаровтың «Қасиетті Құран: мағынасы мен түсініктемелері» атты 10 кітабын, басқа да мүфтияттың келісімімен жарық көрген түрлі тақырыпты қамтыған 50 кітапты табыс етті.

 

Той алаңындағы дүбір

Келесі күні ауыл халқы той алаңын бетке алды. Көкше көлдің жағасында ақшаңқан ақ боз үйлер тізбектей тігілген. Мей­ман­дарға арнайы дәм берілді. Алғашқы құттықтау сөзін ал­ған Ақтоғай ауданының әкімі Рус­лан Кенжебеков сарыша­ған­дықтарды мерейлі мерекемен құттықтады. Одан соң ардагер теміржолшыларға Алғыс хат табыстады. Тойға арнайы шақырылған құрметті қонақтар да жылы лебізін білдірді.

Айтыскер ақындар Мақсат Аханов пен Дидар Қамиевтің жырдан шашқан шашуы көптің көңілінен шықты. Қос ақын Сарышағанның мерейлі жылын, тарихын, салмағын жырларына арқау етті. Түс ауа әнші Наркенже Серікбаеваның жеке концертін тамашалады.

Жас балуандардың белдесуі де тартысты өтті. Әр өңірден келген жас жеткіншектердің жеңіске деген құлшынысына көпшілік сүйсінді. Бұған қоса жиналған қауым қолкүрестен күш сынасты.

Тойдың дүбірге бөленетін тұсы – аламан бәйге. Бұл сайыс­та сарышағандық атбегі Бек­­бо­лат Шалғынбаевтың Ханторы сәйгүлігі 31 шақырымда шаша­сына шаң жұқтырмай келді. Осылайша, бабы келіскен, бағы жанған тұлпар иесі сужаңа «Лада-Гранта» көлігінің кілтіне ие болды. Жан-жақтан келген тайлар 5 шақырымға шапты. Бұл бәйгеден Ұзын­ағаштан келген атбегі Ға­лым­­жан Оңдасынұлының Қар­лығаш тайы топ жарып келді. Астындағы атының бабын та­уып, желдей жүйткіп шауып кел­ген шабандоз мотоцикл мініп қайтты.

Осылайша, Қарағандыдан шалғай жатқан Сарышаған кентінің 70 жылдық тойы екі күн бойы дүбірге бөленді. Мұның бәрі ауыл халқының ымыра-бірлігімен өтіп отыр. Сөз жоқ, осындай ақеділ ағайынның барында кенттің шаруасы алға басары сөзсіз.

 

Қарағанды облысы