Елімізде коммуналдық желілері әбден тозған төрт облыс болса, соның бірі – Қарағанды облысы. Екібастұздағы былтырғы апаттан кейін жылу желілерін жаңарту жұмыстары жандана бастады. Әйтпегенде, алты ай қысты өткеретін Қарағанды, оның ішінде құбырларының тозығы әбден жеткен Теміртау Екібастұздың кебін киеді екен. Кеңес дәуірінен бері келе жатқан жылу желілері жаңартылмаса, қыстан қалтырап шығуымыз әбден мүмкін де еді...
Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов осылай дейді. Биыл жылыту маусымына дайындық барысында облыс әкімдігінде арнайы штаб ұйымдастырылып, оның құрамына тиісті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың қызметкерлері кірген. Атқарылуға тиіс іс-шаралар кестемен жүргізіліп, қатаң қадағалауға алынған. Енді, кестеден кешіккендердің қиқаңын ешкім көтермейді. Себебі алда Арқада алты ай жатар қыс келе жатыр.
– Биылғы жылыту маусымына 96 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа жылу-электр орталықтары, жылу көздері мен жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 24 млрд теңгеге артық екенін айту керек. Қаржыландыру көздері әртүрлі. Бірінші республикалық және облыстық бюджеттен бөлінді. Екіншіден, жылу-электр орталықтарын ұстап отырған монополистердің өз қаржылары да бар, – дейді Ербол Уәлиұлы.
Бөлінген қаржының біраз бөлігі жылу желілерін алмастыруға жіберіледі. Ол үшін 34 млрд теңге қарастырылған. Ал 96 млрд теңгенің 13 млрд-сы жылу-электр орталықтарының өзіндегі жұмыстарға жұмсалады.
Жалпы, облыста жеті жылу-электр орталығы бар. Қарағанды – 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланың ішіндегі ең көп жылу-электр орталығы бар жалғыз өңір. Онымен қоса 660 автономды жылыту жүйесі бар. Олар әлеуметтік маңызы бар нысандарды, атап айтқанда, мектептер мен балабақшаларды, ауруханаларды, спорт және мәдени нысандарды жылытады. Басқарма басшысы биыл осы нысандарға да қаражат бөлінгенін айтады. «Облыстағы 660 автономды жылу жүйелеріне 1 млрд 600 млн теңге бөлінді», дейді ол.
Жалпы, биылғы бөлінген қаржы көлемі қаншалықты қомақты болса, атқарылатын жұмыста соған сай, тіпті одан да көп екенін жеткізді. Ақшаны барынша тозып тұрған бөлікке бөліп, оңтайлы жұмсап, аз шығынмен шығу тағы бар. Мәселен, Ербол Уәлиұлы 96 млрд теңгенің 34 млрд-сы жылу қуатын тасымалдауға бөлінетінін айтады. Электр жүйесін тасымалдау үшін 16 млрд қарастырылған.
– Жылыту маусымына дайындық жұмыстары әртүрлі. Оған күрделі және ағымдық жұмыстар кіреді. Одан бөлек, су және кәріз құбырларын жөндеуге де 21 млрд теңге бөлінді. Газдандыру да тыс қалған жоқ. Мәселен, жалпы бөлінген 96 млрд теңгенің 6,37 млрд-сы – осы салада, – дейді Е.Уәлиұлы.
Қарағанды облысында 5 743 көпқабатты тұрғын үй бар. Күн суытқанға дейін оның бәрін сақадай сай ету керек. Сәйкесінше, басқарма басшысы дайындық жұмыстарын бірлесе атқарып жатқанын атап өтті. Мәселен, қала әкімдіктерінің құзырына кіретіні – дайындық жұмыстары, жылуды тасымалдау. Әрі қарайғы шаруа – тұрғындардың міндеті. Атап айтқанда, ПИК-тер мен МИБ-тердің жұмысы басталады. Олар өздеріне қарасты үйлердегі жүйені қысқа дайындайды.
– Бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Кесте бойынша жұмыстардың 79 пайызы орындалды. Жылыту маусымына дейін әлі 1,5 ай бар. Оған дейін жұмыстарды толық орындап бітіреміз, – дейді Е.Төлеуов.
Айтпақшы, жылыту маусымына дайындыққа көмір түсіру де кіретінін ескере кету керек. Қазір облыстағы жеті жылу-электр орталығы көмірмен жабдықтаумен қызу айналысып жатыр. Себебі күзден көктемге дейін орталықтар 6 млн 500 мың тонна көмір жағады. Қазір бары – 1 млн 100 мың тонна. «Әр стансада 20 күндік көмір қалдығының қоры болуы керек», дейді басқарма басшысы.
Дайындық қызу жүріп жатқанымен, мынандай да мәселе бар: Теміртаудағы жылу-электр орталығына ие болып отырған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның кежегесі кейін тартып, тағы да жұмыс кестесін бұзып отыр.
– Өткен жылғы қысты қандай дайындықпен қарсы алғанымызды білеміз. Соған байланысты бұл бағытта дайындық жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Теміртау қысты алты қазандықпен бастау керек деген мақсат қойдық. Сондықтан жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жұмысты кесте бойынша жүргіземіз. Жұмыстар – облыс әкімінің жеке бақылауында, – дейді Е.Уәлиұлы.
Жасыратыны жоқ, теміртаулық тұрғындар отыз жыл бойы құбырлардың ауыстырылмағанына наразы. Басқарма басшысы жылу-электр орталығына «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ие болса, жылуды тасымалдайтын жалғыз монополист «Оқжетпес» ЖШС екенін айтады.
– 2017 жылы ғана кәсіпорын қала әкімдігінің балансына өтті. Сол кезден бүгінге дейін жобалар қарастырылып келеді. Алдымен, экономикалық негіздеме жүргізілді. Жұмыстың бұл кезеңінде жобаның орындылығы мен тиімділігі қарастырылып, техникалық және ұйымдастырушылық шешімдер, есеп айырысу-сметалық, бағалау және басқа да көрсеткіштерді қамтитын есеп айырысу-талдау құжаттары қаралды. Содан соң жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Оған кемі 1,5 жыл керек. Бүгінде Теміртауда 6 үлкен жоба жүзеге асырылып жатыр. Бірінші кезекте жылу желілерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз. Бәрі бірден бола қалмайды. Жұмыстар жыл сайын жүргізіледі. Биыл 5 млрд теңгеге 11 шақырым магистралдық жылу желілері ауыстырылады, – деді Е.Төлеуов.
Қарағанды облысы