Статистика көрсеткендей, АИТВ жұқтырғандардың 30%-ы бұл аурумен ауыратынын білмей жүре береді. Мұндай жағдайда аурудың қозып, ЖИТС-ке айналу қаупі жоғары. Сондай-ақ дертінен бейхабар адамдар басқаларға да қауіп төндіреді. Бұл қатердің алдын алатын амал – АИТВ инфекциясын анықтайтын экспресс әдіс.
Адамның иммун тапшылығы вирусын анықтауға арналған экспресс-тесттердің дамуы төрт сатыдан өтті. Алғашқы сатысында реагенттер сезімталдығы төмен болды және тек 1-вирусқа антиденелерді анықтай алды. Бұл ретте қандағы антиденелерді анықтау инфекция жұқтырғаннан 63 күннен кейін мүмкін болды. Екінші сатысында химиялық заттар аса сезімтал болды, бірақ АИТВ-1 және АИТВ-2 антиденелері 42 күннен кейін анықталды. Үшінші сатысында әртүрлі иммуноглобулиндерді (G және M кластары) және ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік туды. Ал төртінші сатысында тест жүйелері одан сайын жетілдіріліп, антиденелерді де, антигендерді де анықтай алатын болды. Бұл сынақтардың сезімталдығы кем дегенде 98%-ды құрайды, яғни АИТВ инфекциясын жұқтырған алғашқы күндерден-ақ анықтауға болады.
Зертханалар мен клиникаларда қолданылатын ең кең тараған, АИТВ инфекциясын жоғары дәлдікпен жылдам анықтайтын тест «Onsite HIV ag/ab4» деп аталады. Бұл тесттің нәтижелері былай шығуы мүмкін:
– Сынақ жолағында қызыл сызық (C белгіленген) болмаса немесе бұл өте әлсіз болса, онда «Ag» немесе «Ab» деп белгіленген жолақтарға қарамастан, тандау нәтижесі «Анықталмаған» болып шығады. Мұндайда тестті қайта тапсыру керек;
– Сынақ жолағында ашық және анық көрінетін қызыл жолақ көрсетілсе және «Ag» немесе «Ab» деп белгіленген жолақтар болмаса, нәтиже – «Теріс» болып шыққаны. Яғни АИТВ-инфекциясының белгілері жоқ;
– Егер сынақ жолағында ашық және анық көрінетін қызыл сызықты (С белгісі) көрсетсе және қызыл немесе сұр-қызыл «Ag» немесе «Ab» деген белгіленген жолақтардың кез келгенінде көрінсе, онда сынақ нәтижесі «Оң» дегенді білдіреді.
АИТВ диагнозын қою үшін тек жедел тест нәтижелерін пайдалану мүмкін емес. Бұл үшін АИТВ-инфекция орталығында тест тапсыру арқылы қосымша тексерулер қажет. Осы талдаудың нәтижесінде дерт анықталған жағдайда дәрігер антиретровирустық терапияны тағайындайды, иммунитет тапшылығының дәрежесін бағалайды және науқастың динамикалық мониторингін жүргізеді.
Жалпы, дәрігердің ұсыныстарын қаперге алып, AРВ препараттарын қабылдау режімін ұстанған жөн. Бұл – АИТВ-инфекциясы бар ағзаның күйін бақылаудың және вирустың жыныстық серіктеске берілуін болдырмаудың жалғыз жолы.
Майра МОШКАЛОВА,
АИТВ инфекциясының
алдын алу орталығы
сенім пунктінің медбикесі