«Қазақстан» шахтасындағы қайғы дүйім елдің қабырғасын қайыстырды. Қарағандыдағы «Алтын ғасыр» галереясында таяуда аталған шахтада қаза болған бес кеншіні еске алуға арналған «Жер астындағы сансыз метр...» деген атаумен көрме ашылды.
27 туынды қойылған шағын экспозияның мән-мазмұны мынадай: көмір үшін өмірін арнаған кеншілердің қажырлы қайратын, еселі еңбегін елге жеткізу. Галерея басшысы Бибігүл Есполова биыл, 30 жылдан кейін қарағандылық суретшілер жер астына түсіп, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасының нөлдік көкжиегінде көмір өндірілетін №3 учаскедегі лавада болғанын атап өтті. «Шахтер – ең қауіпті мамандықтың бірі. Кеншілер өзіне беймәлім жерлерге аяқ басады, тау жыныстарын жарып жібереді, кен балғасымен жұмыс істейді, жол салады. Олардың жұмысы – нәтижеге жету, ұңғымалау, лаваға түсу. Кеншілер жұмысында романтика жоқ: шексіз қараңғы жерасты туннельдері арқылы қозғалған, берік тіректері бар, физикалық зор күш жұмсайтын бейне көз алдыңа келеді», дейді Б.Есполова.
«Өз еңбектерінде авторлар шахтаны тірі организм ретінде көрсетті: зор, қорқынышты, ауыр мінезді, бірақ адамға бағынған. Олар осы алыптың ішіне еніп, мүлдем басқа әлемді көре алды», дейді өз пікірін білдірген ұйымдастырушылардың бірі Татьяна Әбілова.
Шахтаға екі бірдей суретші тобы түскен. Бірінші топ биыл көктемде, екіншісі жазда жер астындағы өмірді өз көздерімен көрген. Алғашқылардың қатарында Владимир Троценко, Айдархан Қалмаханов, Таңсық Мәжитова, Галина Коломенская және басқа авторлар бар. Марьяна Макеева екінші топта болған. Ол өзінің әсеріменен осылай бөлісті. «190 қабатты үйдің тереңдігінде, жер қойнауында, әлемдегі ең қауіпті шахталардың бірінде көргендерім ұзақ уақыт бойы жадымнан өшпес. Ізгілендіру, цифрландыру, жасанды интеллект, криптовалюта кезеңінде жер астында, тас қараңғыда, тар жерде, шаңда және шуда ең ауыр жұмыс жасап жатқан адамдардың қаһарман еңбегі әркімге ой салмай ма?! Бұл жұмыс құдды қарапайым еңбек адамдарының жерге тағзым еткені секілді», дейді Марьяна.
«Бұрын суретшілер шахталарға тұрақты түрде түсетін және көрмелерде еңбек адамына, оның ішінде, кенші бейнеленген портреттерге басты орын берілетін. Осыдан кейін 30 жылдық үзіліс болды. Шахтаға түсіп, жер астындағы тіршілікті көрген әсерімізден осындай картиналар туды», деп атап өтті Владимир Проценко. Владимирдің «Шахтер Николай Романовскийдің портреті» атты туындысы көрмеге қойылды. Суретші өзінің кейіпкерін бірінші топпен шахтаға түскенде кездестірген.
Көрмедегі шығармалар бірнеше стильде: интерьер жұмыстары, ұлттық тақырыптағы жұмыстар, шахталары бар сәндік пейзаждар, сонымен қатар заманауи кенептер. «Менің атам 1930 жылдары осында келіп, шахталарды жобалаған, ал әкем өмір бойы тау-кен саласында жұмыс істеген. Ол «Шахтер даңқы» орденінің толық кавалері. Мен үшін шахтаға түсу бұрын-соңды болмаған ерекше әсер қалдырды», дейді Галина.
Айта кетейік, «Алтын ғасыр» галереясындағы «Жер астындағы сансыз метр...» көрмесі 4 қыркүйекке дейін жалғасады.
Қарағанды облысы