Мақаланың маңдайындағыдай – әңгіме Алексей Лех туралы. Дәл қазір Алексей басқа «Алексейлерден» бәсі биік болып тұр. Иә, мәселе – оның сөзінде. Ол неге таза қазақша сөйлейді? Не себепті қазақ мектебіне барады? Мемлекеттік тілді білмегендерді мәңгүрт санайды. Оқушыға бұл сындарлы ой қайдан келді, мақсаты не? Біз бүгін соны айтамыз.
Әсілі, өзге этнос өкілі ана тілімізде екі ауыз сөз құраса бір желпініп қаламыз. Бұл әнтек эйфория мемлекет жүйесінің бір желкеніне айналған. Ұлты басқа біреу қазақша сөйлесе сүйкімді көрінеді. Тіпті, мінберге шығарып, аяулы ана тіліміздің насихатшысы секілді бағалаймыз.
Мысалы, 11 жасар Алексей неге қазақ мектебіне барады? Осыны ойлаған адам бар ма? Орыс баласының қазақ сыныбында оқуы көзге оғаш көрінетіндей. Біртүрлі қабылдамай тұрасыз. Ал оның ата-анасы бұл қарекетке жайдан-жай бармаған, қоғамдағы үдеріске ілескені. Баласының болашағы үшін осындай қадам жасап отыр. Түсінесіз бе? Яки, түбі елімізде қазақ тіліне мұқтаждық туатынына сенеді.
– Мен отыз жыл мектепте мұғалім болып қызмет еттім. Сонда бір байқағаным тіл төңірегінде кеңес идеологиясы сіңірген қасаң қағида бірте-бірте тұйықталып келеді. Екі мыңыншы жылдардың басында орыс сыныбында оқитын қазақ балалары өте көп еді. Тіпті, бір сыныпта 23 қазақ баласы оқығанды да көрдім. Кейінгі жылдары бұл үдеріс азайды. Қазір көбі саналы түрде бас тартып жатыр. Орыс тіліне деген қызығушылық азайып, қайта ағылшын тілінде сөйлейтін қазақ балалары көбейіп келеді, – дейді Алексейдің анасы Анастасия Лех.
Ана жүрек әулие емес пе, қазақ тілінің даму бағытын аңғарып 5 жасар баласын қазақ мектебіне табыстайды. Әрине, басында әуре-сарсаңға түскенімен, уақыт өте Алексей қазақ тілін шебер меңгеріп алған. Ертең біздің Отанымызда мемлекеттік тілді білмеген ұлының келешектегі өмірі қалай өрбитінін бағалау мүмкін емес. Қазақ тілінде сөйлемесе қызметте өспеуі кәдік. Жалақысы жоғары жұмыстардың дені ана тілін білуді міндеттейді. Оның үстіне, бүгінде бүтін қоғам қазақ тілін сыйламағандардан теріс айналып жатыр. Демек, Анастасия ханымның шешімі орынды һәм құлаққа да жағымды естіледі. Бізді қызықтырғаны да осы.
Қараңыз, сенатор Геннадий Шиповских пен Мәжіліс депутаты Максим Рожиннің қоғам алдында жүзі жарық. Олардың саясаттағы ұстаған рөлі де мығым, халық қолдайды, басқасы да сондай болсын дейді. Өзге біреу Үкімет отырысында орысша тіл қатса, түйреп алады. Мәселен, жақында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осындай жағдайға тап болды. Ол халықтан ана тілін толық үйренуге алты ай уақыт беруін сұрады. Уәде – Құдайдың бір аты, егер министр уәдесінде тұрмаса әрі қарай жұмыс істеуіне халық мүмкіндік бермейді. Демек, «мемлекеттік тілді білу міндетті» деген заң қабылданбаса да, халық санасында бұл тағлымды тәртіп қоныстанып үлгерді.
– Абайдың, Мұқағалидың өлеңдерін жатқа білемін. Достарымның бәрі қазақ, біз бөлінбейміз, бірге ойнаймыз. Отбасымызда бәрі қазақша сөйлейді, сондықтан маған кез келген отандасыммен қарым-қатынасқа түсу жеңіл. Сабаққа анам көп көмектеседі, қазақ мектебіне барғанымды сол кісі қалады. Сондықтан кейде тапсырмаларды түсінбегенде көмектесіп, екеулеп ереже жаттаймыз. Болашақта еліме қызмет еткім келеді, – дейді Алексей.
Тіл білу – сол ұлтты тану, тамырымен біте қайнасу деген сөз. Яғни, қай тілде сөйлесеңіз сіздің әдетіңіз де, бүтін болмысыңыз да соған сай тіл қатады. Алексей тұратын Бақбақты ауылында 5 мыңға жуық адам бар. Оның 30 пайызы өзге этнос өкілдерінен құралған. Тоқсаныншы жылдардың басында орыс, корей, неміс, татар, ингуш, әзербайжан, шешен секілді бірнеше этнос аталған елді мекеннің құрамдас бөлігі ретінде әжептеуір билікке ие болған. Кейін қазақ қоғамы ұлттық ұстын қалыптастырды. Бүгінде Жамбыл орта мектебі екі тілде білім береді демесеңіз, дені қазақ тілінде сөйлейді. Кейбірі сөйлемесе де түсінеді. Содан да болар, әр түрлі этнос өкілдері мекендеген ауылда бәрі бір атаның балаларындай күн кешіп жатыр.
Қазір Ресейге, Кореяға, Германияға көшіп, сондағы ағайын-туысынан пана іздеген кейбір этнос өкілі елімізге қайта көшіп келіп жатыр. Себебін сұрасаңыз, өз елі бауырға оңайлықпен баспайды. Сондықтан қай тілде сөйлесеңіз де ығына жығылатын Қазақстаннан аяулы мекен жоқ. Мұны Алексейдің ата-анасы жақсы түйсініп отыр. Ұлтсыздықтың арғы жағында рухсыздық жатыр.
Біз өзгелерді қазақ тіліне мұқтаж етпей, ана тіліміздің байланыс аясын кеңейте алмаймыз. Қазақ тілін білген өзге этностарды төбеге көтергенімізбен, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да бәрі бірдей тілді меңгеріп кеткен жоқ. Демек, қазақша білмейтін өзге этнос өкілдері Алексейше ойламай, тілді үйренгенінен пайда жоқ. Қазақ тілі – елімізде өмір сүрудің жалғыз жолы болуы шарт. Қарыныңыз ашса қазақша сөйлеңіз, бай болғыңыз келсе қазақша сөйлеңіз. Қатарыңыздан қалмау үшін де қазақша ойланыңыз!
Жетісу облысы,
Балқаш ауданы