Нұра ауданының кәсіпкері Гүлзада Маханбетова әлеуметтік осал топқа жататын бес отбасының балаларына мектепке қажетті керек-жарағын әперді. Мұндай шарапатты шаруа ауданда жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы аясында өтіп тұрады. Кәсіпкер бастап берген челленджді басқа да ақжүрек азаматтар әрі қарай жалғауда.
Кəсіпкерлер аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кəмелетке толмаған жасөспірімдерге материалдық көмек көрсетуге ниетті. Биыл челленджді бірінші болып кəсіпкер Гүлзада Маханбетова ашып берді. Ол бес отбасының балаларына мектепке керек-жарағын алып берген. Мұнымен бірге азық-түлік пен көкөніс себеттерін қоса табыстап қуантқан.
– Өзім – көпбалалы анамын. Менің бес балам бар. Оларды кейде мектепке дайындау қаншалықты қиын шаруа екенін бір адамдай білемін. Сондықтан жыл сайын көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға барынша көмектесуге тырысамын. Осы арқылы аудан кəсіпкерлерін мұндай игілікті бастамадан қапы қалмауға əрі аталған қайырымдылық челленджін жалғауға шақырамын. Біз ынтымағымызды нығайтып, аса мұқтаж жандарға көмектесе алатынымызды түйсінетін уақыт келді. Біздің мақсатымыз – мүмкіндігімізше көп отбасын қамту, – дейді Гүлзада.
Акцияны Нұра ауданының кəсіпкерлік бөлімі де қолдады. Челлендж жергілікті кəсіпкерлер арасында қызу қолдау тапты. Олар игі бастаманы əрі қарай жалғастыруға дайын.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы