Осы көктемде Алматыдағы №58 орта мектептің ұстазы Самал Бопырбаева «Оқушыларға арнап драма үйірмесін ашсақ деген жоспарымыз бар, соған үлес қоссаңыздар», деп хабарлама жазған еді. Сөйтіп, алғаш рет бұл мектептің де табалдырығын аттадық. Оның ерекше білім ордасы екенін кейін білдік.
Университеттің студенттік театрында өнер көрсеткеніміз болмаса, арнайы кәсіби білім бізде қайдан болсын. Соған қарамастан тәуекел деп іске кірістік. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөпірімдер театрында қойылған «Болмаған балалық шақ» спектаклін бала деңгейіне лайықтап сахналауға қызығушылық туды. Актерлік құрамды жасақтау үшін ұсыныс тастаған ұстаздың жетекшілігіндегі 8 «А» сыныбына бардық. Бала біткеннің бәрі қойылымға сұранып-ақ тұр. Таңғаларлығы, сыныптағы 26 оқушы түгелдей «Ұлан» газетіне жазылған әрі белсенді авторлары да бар. Ынта-талаптарына қарап, 22 оқушыны іріктеп алдық. Қойылым ойдағыдай шықты. Өнерге бейім балалардың табандылығына, тапқырлығына тәнті болдық. Қазір студенттік театр да санаулы-ақ. Мектеп ұжымының ендігі мақсаты – оқушылар театрын қалалық деңгейге көтеріп, сапалы қойылымдар ұсыну. Бір сөзбен айтқанда, баланың эстетикалық талғамын қалыптастырып, өнерге деген құштарлығын арттыруда театр өнерінің орны маңызды екенін көрсетуге аса мән беріп отыр.
№58 мектеп туралы сіз бен біз біле бермейтін қызықты дерек көп. Қаланың қақ ортасында орналасқан мектеп оқушыларының таза қазақша сөйлейтіні еріксіз таңғалдырды. Мектеп ғимараты өткен ғасырдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Басшылықтың айтуынша, жақын арада күрделі жөндеу жұмысы басталмақ. Аталған білім ордасы – Алматы қаласындағы ХХ ғасырдың 70-80-жылдарынан хабар беретін ретро стильдегі мектептердің бірегейі. Осындай ескі стиль де жанға жылу сыйлайтындай. Бірнеше әншінің бейнебаяны дәл осы мектепте түсірілгенін айта кеткен жөн. Аядай ғана мектептің оқушысы мен ұстазы да жан-жақты ізденімпаз. Мысалы, орыс тілі пәнінің мұғалімі Сәуле Асылбекова оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруда романс жанрын пайдаланады.
– Жалпыға білім беретін мектептерде бұрынғымен салыстырғанда, үйірме сағаты, вариативті сағаттар жоқ деуге болады. Ата-анасы таңнан кешке дейін жұмыс істейтін оқушылардың қосымша сабақтарға баруға мүмкіндігі болмай жатады. Оқушы 45 минутта бір пәнді толық игере алмайды. Ата-ана баласының бір сабақта математика, физика, химия, ағылшын тілі және Қазақстан тарихы пәндерін толық түсіне алмай, қиналып жататынын жиі айтып, көмек сұрайды. Сол себепті мектептерге вариативті, компонентті сағат сандары көбейтілсе, түстен кейінгі уақытта қосымша сабақтар ұйымдастырылса дейміз. Жақында оқушыларға арналған «DamuBala» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Егер вариативті компонент болмаса, неліктен сондай мемлекеттік бағдарламалар жұмысын жүзеге асыруды мектеп әкімшілігінің қолына бермеске, – дейді №58 мектептің директоры Шынар Ұтжанова.
Тарих пәнінің мұғалімі Самал Бопырбаева да бұл мәселенің оқушыларға қиын соғатынын жасырмады. «Қарапайым мектептерде оқушыларға арналған үйірмеге сағат бөлінбегендіктен, ата-ананың көбі баласы үшін ақылы орталықтың көмегіне жүгінеді немесе мектепке сырттан мамандар іздейміз. Ақылы негізде болса да, балалардың игілігі үшін еңбектеніп жүрген ата-ананың барына қуанамыз. Оқушылар сабақ нәтижесін түрлі сайыс-байқауларда, іс-шараларда көрсетіп, өздерін дәлелдеп-ақ жүр. Карантин кезінде де жұмысымызды тоқтатқан емеспіз. Мысалы, әл-Фараби университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жидегүл Әбдіжәділқызымен байланыс орнатып, оқушыларымыз эссе жазу өнерін қашықтан оқу арқылы игеріп шықты. Сауатты жазу, сөз мәдениеті – баланың бүгіні мен келешегі үшін керек өнер», дейді білікті ұстаз.
Расымен-ақ білім беру саласындағы бұл мәселе талай оқушының қанатын қырқып, алға жылжуына тұсау болғаны белгілі. Дегенмен мектептің жанашыр түлектері көмек қолын созып жүргенін айта кеткеніміз абзал. Белгілі кәсіпкер Мейірбек Жұмабеков жақында ғана мектептегі «Ұлан» газетінің авторларына арналған «Қоршаған әлем балалар көзімен» атты тақтаның ашылуына қаржылай қолдау танытты. Аталған білім орнында бұдан бөлек елге танымал тұлғалармен әңгіме-сұхбат жиі өтеді.
С.Бопырбаева мектепте домбыра мен би үйірмесінен басқа секциялар жұмыс істемейтіндіктен, шығармашылық үйірмелер ашып, оны бір орталыққа бағындыруды талайдан ойға алған екен. Оқушыларды сайысқа дайындаймын деген ойдан үйірме, одан орталық ашу идеясы туған. Орталықты мектеп түлегі, театр актері Әділ Ахметовтің есімімен атапты. Тарих пәнінің мұғалімі болса да, мектептегі әр оқушының қабілетін байқап, бағыт беруге тырысатын Самал ұстаздың басты қағидасы – қоғамға пайдалы болу. С.Бопырбаева мектеп ұстаздарының жеке дамуына да көңіл бөліп, ақысыз-пұлсыз йога сабағын өткізіп жүр.
– Алматы қаласындағы алғашқы қазақтілді йога мектебінің негізін қалаушы Жұлдыз Қайыпжанның шәкіртімін. Сол кісінің йога курсын оқып, жаттығуларын жасап үйренген соң, әріптестеріме аптасына үш рет жұмыс уақытынан кейін сабақ өткізуді қолға алдым. Кей ұстаздар бала-шағасын да ертіп келеді. Ұстаздар таңнан кешке дейін жұмыс үстелінде отырады, егде тартқан мұғалімдердің аяқ-қолы қақсап, омыртқа-белі ауырады. Дене қозғалысының аздығынан пайда болатын аурулардың алдын алу, емдеу үшін йоганың пайдасы зор. Әріптестерімнің денсаулығына, көңіл күйіне әсерін байқап жүрміз. Балалар йогасын дамытып, қосымша сабақтар ұйымдастыру да ойда бар, – дейді Самал апай.
Киелі шаңырақтың тіршілігімен танысып, мектеп аспазы, инженер-технолог Гулия Болатханқызының жылқы етінен дайындаған тағамдарынан да дәм таттық. Аспаз жылқы етінің пайдасы туралы шеберлік сағаттарын өткізіп жүр. Маманның мақсаты – бастауыш сынып оқушыларына арналған мәзірге жылқы етінен дайындалған ұлттық тағамдарды енгізу.
– Білім басқармасының бекіткен мәзірінде ұлттық тағамдар мен сүт тағамдары атымен жоқ. Балалар көбіне ұн тағамын, тоқаш-бәлішті ұнатады. Оны сүт тағамдарымен араластырып беруге болады. Жалпы, мектеп ас мәзірі қысқы және жазғы деп екіге бөлінеді. Мәзірдің де екі түрін әзірлеуге болады емес пе? Бір оқу жылына жасалған мәзірді қайталай берсек, бала одан жалығып кетеді. Ал жоғары сыныпқа арналған еркін мәзірге қуырдақ, нансалма, сорпа секілді ұлттық тағамдарды әзірлеп қосып жүрміз. Жылқы етінің пайдасын, диеталық тағам екенін білеміз. Сондықтан бастауыш сынып мәзіріне жылқы етінен дайындалған тағамдар қосқанымыз жөн, – дейді тәжірибелі маман.
Оның айтуынша, қазір мектеп аспаздарының біліктілігін арттыру курстары тек ақылы түрде өтеді. Бұған екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Аспаз заман талабына сай шеберлігін арттырмаса, нәтижелі өнімнің болмайтыны анық. Сондай-ақ жас мамандар тапшы екенін де атап өтті. «Жыл сайын оқу орындарын қаншама технолог-маман бітіріп шығады. Өкінішке қарай, жастардың қайда кетіп жатқанын түсінбейсің. Жас технологтерді мектеп асханасына жіберсе, жаңашылдыққа да бет бұрар едік», дейді кадр мәселесіне алаңдаулы аспаз.
Болам деген баланың бетін қақпай, белін буып жүрген, жаңашылдыққа ұмтылған ұжымның бүгінгі бағыт-бағдары, аяқ алысы осындай.
Айсұлу СЪЕЗХАН,
Абай атындағы ҚазҰПУ
4-курс студенті