Желдей жүйткіген жүйріктің жүгенімен алысу үшін әрине, үлкен жүрек керек. Әсіресе аламандағы дүбірде тұлпар топ жару үшін шабандоздың тақымы тастай, жігері қылыш, білегі құрыш болуы әсте, маңызды. Былайша айтқанда, қазанаттың бабын атбегі тапса, бағын шабандоз бала жағады. Елдің аузында жүрген Арқадағы Мейір Нұрболатов деген шабандоз тақымдаған тұлпарға Жаратқанның нұры түсер ме дерсіз? Түкіріп қоялық, аламан бәйгенің үнемі алдында келеді. Өзі шынашақтай болып-ап, асауға ауыздық салғанын көргенде «мына жігіт жүрегін жұтып алған ба?» деген ойда қаласыз…
Атсүйер қауымның есінде шығар, Ақтау қаласындағы былтырғы маусымжабар аламан бәйгесі. Бас жүлдеге «Нива» көлігі тігіліп, 30-40 ат қиқулап шапқанда Қобылан Таңатаровтың «Айкүрең» тұлпары соңғы айналымда мәреге сәл қалғанда сүрініп кетіп, ажал құшқаны. Сол «Айкүреңнің» үстінде осы Мейір болған еді. Аяқ астынан болған жайтқа абдыраған жоқ. Көзінің мөлт еткен жасын қайыс қамшымен сүртіп, аттың басынан жүгенін шешіп алып, мәреге жаяу жүгіріп келген еді. Бұл оқиға көпшіліктің жүрегін елжіреткен-тін. Әлеуметтік желіге осы сәт таспаланған видео тарап, атсүйер қауым Мейірге ерекше мейірленген-тін. Міне, сол қаршадай бала қазір Қарағандыдағы атақты атбегі Ербол Жәкештің командасында.
15 жастағы шабандоз баланың қанжығасында 10-15 аламанның автокөлігі, 20-30 топ бәйгенің бағалы жүлдесі бар. Бұл баланың тақымы Қарағандының ғана емес, елдегі небір жүйріктің жұлдызын жаққан. Мейір 2018 жылдан бастап, бәйгеге шаба бастаған. Міне, үш жылдан бері үлкен дүбірлерге қатысып, қанжығасын қомақты жүлделермен қампайтып жүр. Оның бірі – 2020 жылы Астанада өткен Президент кубогі. 30 қаралы арғымақ арасынан «Бақторы» атпен бас бәйгені алғанын жеке атап та өту керек. Дәл сол жылы «Сомбалақ» атты тұлпармен бас жүлдеге тігілген «Лада гранта» автокөлігін де қанжығалаған.
Осыдан кейін Мейір ат қосқан елдің аузында жүрді. 2022 жылы Еркіндік ауылының тумасы, Арқаның атақты атбегілерінің бірі Ербол Жәкештің «Үміт», «Ажара» сынды шашасына шаң жұқпаған жүйріктерімен Мейір бәйгеден оқ бойы озық келіп жүрді. Содан бері шабандоз бала Ербол Тұрсынұлының командасында бірнеше бәйгеде атқа шабады.
– Мейір өз баламдай болып кетті. Маңайымдағы атбегілерге ылғи айтарым – шабандоз баланы дұрыстап тәрбиелеу керек. Ат үстіндегі бала құстың қауырсынындай жеңіл болса, оның мінезі мен көңіл күйі де дәл сондай болуы шарт. Бұл кезде балаға да, атқа да жігер керек. Кезінде жыраулар жауға шабар алдында батырларын жігерлендіріп, жыр арнап, қайрап, арқаландырған. Осының әсерінен батырлар рухтанып олар алмаған қамал қалмаған. Сол сияқты балаға саналы сөз айтып, бап тәрбиесі мен бақ тәрбиесін жүрегіне жеткізе түсіндіру керек. Сонда ғана ол астындағы атқа ие бола алады, – дейді Арқа атбегісі Е.Тұрсынұлы.
Былтырғы Президент кубогі да алдына қара салмай келген «Қамбар» сәйгүлікті де Мейір тізгіндеген еді. Қарағандыда өткен Сайдалы баба асында да «Тайвань» деген тұлпармен «Джип» автокөлігін ұтқан да осы бала батыр.
Жә, жүлдені тізе беру мақсат емес. Мейірдің тақымына тиген тұлпар аламаннан жүлдесіз қалмағанын атсүйер ағайын жақсы біледі.
– Әрине, кейде топ бәйге, аламан бәйгеде алғашында тосырқау, сәл қобалжу болады. Бірақ бірде-бір бәйгемде менің атым қатарымнан осалдау немесе өзіме сенімімді жоғалту деген болған жоқ. Бәйгеге қатысқанда тек өзіме және астымдағы аттың қабілет-қауқарына сенемін. Оған сенімім кәміл әрі ақталады да, – дейді Мейір шабандоздың өзі.
Бәйгеге тегін бала шаппайды. Дүбірдің көрермендері, жанкүйерлері айналымның көмбе жақ тұсында тұрып, көп дүниені көздері шала бермейді. Ал бәйгедегі нағыз жанталас та, бақталас та тек ат пен шабандозға ғана аян. Бірін-бірі сабау, жол кесу, қысу, ығыстыру секілді түрлі әрекеттерге қарсы кезігеді. Осындай да сағы сынбаған, қаны тулаған шабандоз ғана тақымындағы тұлпарының шашасына шаң жұқтырмайды. Атын аспандатқан сәтін жоғарыда айта кеткенбіз. Мақала түйініне тағы тіркете кетелік, жүген жетектеп мәреге жеткен кезін. Біздің Мейірдің мерейін тасытып тұрғаны — әлбетте, таудай жігері, жаужүрек мінезі.
Қарағанды облысы