Елімізге, оның ішінде Атырау облысына жұмыс істеуге келетін шетелдіктер аз емес. Айшылық алыс елдерден кәсіп іздеген мигранттардың бір тобы мұнай-газ өнеркәсібіндегі түрлі жобада, көршілес мемлекеттердің екі қолға бір күрек ұстауды ар көрмейтін азаматтары құрылыс индустриясы мен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүр. Ал қазақ жастары өзге елдегі жобаларға жұмыс істеуге бара ма?
Өңір жастарының дені «Теңіз» кен орнындағы жобалаларға жұмысқа орналасуды көздейді. Өйткені мұнда тәуір жалақы алып, тәжірибе жинауға мүмкіндік мол. Кәсіби біліктілікті арттыратын курстары да бар. Аталған кен орнында табыс тапқан қазақстандық жастардың бір тобы шетелде жұмыс істеуге шақырту алған. Әрине, шетелде жұмысқа орналасу оңай емес. Әсіресе халықаралық деңгейдегі жобаларда тәжірибе жинағанын дәлелдейтін сертификат қажет.
Кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» ЖШС төрт жыл бұрын корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы аясында арнайы оқыту курсын ашқан. Содан бері 3 мыңға жуық жұмыссыз адам оқытылыпты. Қазір сол курста оқыған қазақ жастарының кейбірі Францияда, Испанияда, Уругвай мен Ресейде, Сауд Арабиясы және басқа елдердегі жобаларға жұмысқа орналасқан. Мәселен, бір топ қазақстандық жас жігіт Түркиядағы Мерсин қаласының маңында бой көтеріп жатқан атом электр стансасының құрылысында жұмыс істеп жүр. Олардың бәрі «Теңіз» кен орнындағы үшінші буын зауытының құрылысына қатысып, тәжірибе жинаған.
Соның бірі – Медет Дәуітов. Бұған дейін «Теңіз» кен орнындағы жобаның мердігер кәсіпорындарында жұмыс істеген. Жоба құрылысының аяқталуына байланысты қысқартуға іліккен. Жасы әлі отызға толмаған жас жігіт арнайы курсқа жазылып, төрт ай бойы аргонмен дәнекерлеуші мамандығын меңгерген. Досының көмегімен Түркиядағы атом стансасының құрылысына жұмысқа орналасқан.
«Атом электр стансасының құрылысында жұмыс істеу туралы ойлаған жоқ едім. Өйткені мен үшін шетелде жұмыс істеу – орындалуы қиын арманның бірі. Алайда «Теңізде» жинаған тәжірибем бар, оған арнайы курсты бітіргенім туралы сертификатымды алып, Түркия еліне жұмысқа келдім. Қазір атом электр стансасының құрылысына қолтаңбамды қалдырып жүрмін. Шетелде жұмыс істеудің артықшылығы көп. Біріншіден, тәжірибені толықтыра түсемін. Екіншіден, шет тілін меңгердім. Ең бастысы, өзге елдің тарихымен, мәдениетімен тереңірек танысып, таным көкжиегімді кеңейтуге мүмкіндік алдым», дейді Медет.
Өзге елдің аты – өзге ел. Күн райы да, табиғаты да, тіпті адамдарының мінез-құлқы да өзгеше болғандықтан, әр қадамды аңдап басуға тура келеді. М.Дәуітовтің айтуына қарағанда, түрік тілін білмегендіктен, бастапқыда қиындыққа кезіккен.
«Еліміздегі «Теңіз» кен орны көптеген адамға тәжірибе жинау, шет тілін меңгеру тұрғысында жаңа мүмкіндік ашқаны даусыз. Бірақ оны пайдалана алмағандар бар. Мәселен, кен орнында қауіпсіздік техникасын сақтаудың маңызын, жұмысқа жауапкершілікпен қарауды, әріптестерімізге қамқорлық танытуды үйрендік. Енді Түркияда соның жемісін көріп жүрміз. Мерсин қаласындағы атом электр стансасы жобасының қауіпсіздік ережелері «Теңіз» кен орнындағы талапқа ұқсайды», дейді М.Дәуітов.
Оның айтуына қарағанда, Мерсин шаһарында салынып жатқан атом электр стансасында төрт энергоблок бар. Оның әрқайсысында қуаты 1 200 МВт болатын реактор орнатылады. Атом электр стансасы жылына шамамен 35 млрд кВт энергия өндіреді. Жобаның құны – шамамен 20 млрд доллар.
Медет Қазақстанға күзде оралуды жоспарлап отыр. Әлемдік деңгейдегі жобада жинаған тәжірибесін еліміздің энергетика саласын дамытуға қолданып көрмек.
Атырау облысы