Айналасы он күн өтті, өткендегі «Қазақстан» шахтасындағы апатты жағдайдан кейін тағы да «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясына тиесілі «Саран» шахтасынан өрт шықты. Кеншілер аман. Ал алпауыт компания қауіпсіздік шараларына келгенде әлі де қамсыз, алаңсыз секілді...
Компанияның баспасөз қызметі аталған шахтадан тілсіз жау түнде шыққанын, арнайы құтқару тобы жедел қимылдап, жер астындағы кеншілерді аман-есен алып шыққанын хабарлады.
«27 тамыз күні сағат 01.55-те «Саран» шахтасынан өрт шығып, апатты жою жоспары енгізілді. Өрт сөндірілді. Барлық жұмысшы жер бетіне шықты. Зардап шеккендер жоқ, себептері мен мән-жайы анықталып жатыр», деп мәлімдеді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметі.
Өрт орын алған түні Саран шахтасында 187 адам жұмыс істеп жатқан. Төрт кенші кеншарда болған. Бүгінде өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Тілсіз жау сол күні сағат 04.00-де ауыздықталған.
Өткен жексенбі кеншілер күні еді. Бірақ бұл мереке биыл сән-салтанатыменен аталып өтпеді. «Қазақстан» шахтасындағы қайғылы жағдайға байланысты облыс әкімдігі өңірдегі салтанатты іс-шараларды тоқтатқан еді.
Қарағанды облысы