Деннің саулығынан асқан байлық жоқ. Бірінші байлықтың қадірін біліп, бұқаралық спортты серік ететіндер көбейіп келеді. Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Дастанбек Қоспановтың айтуынша, қазір 227 мыңнан аса тұрғын спортпен тұрақты шұғылданады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өскен.
«Облыста 2025 жылға дейін бұқаралық спортпен тұрақты айналысушылар санын 50%-ға арттыру жоспарланып отыр. Қазір кәсіби мақсатта ашылған 9 спорт клубы жұмыс істейді. Мұнда жаттығушылар қатары 4 276-ға жетті. Ұлттық спорт, баскетбол, волейбол, су спорты клубтары жекешелендірілді. Ал хоккей мен футбол, бокс клубтары сенімгерлікпен басқаруға берілді», дейді Дастанбек Қоспанов.
Оның мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері бұқаралық спортты дамыту мақсатында 800-ден аса спорттық іс-шара ұйымдастырылған. Оған 150 мыңнан астам адам қатысыпты. Ауылдарда 560 іс-шара өтіп, 110 мыңнан аса тұрғын қамтылған. Облыста 1000 адамға шаққанда тұрғындарды спорт инфрақұрылымымен қамту деңгейі 38,2%-ды құрап отыр. Енді 2027 жылға дейін 26 спорт кешені салынып, бұл көрсеткішті 40%-дан асыру жоспарланған.
Қазір Атырау облысында 1 217 спорт нысаны бар. Биыл Исатай ауданының Тұщықұдық ауылында спорт кешені пайдалануға берілген. Бұған қоса, 8 спорт нысанының құрылысы салынып жатыр. Ал 4 нысанды қайта жаңғырту қолға алынған. Тағы екі спорт нысанын салу көзделген. Оның бірі – дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты. Екіншісі – Жаңаталап ауылында бой көтеретін спорт кешені.
Жақында Атырауда дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты ашылды. Мектеп-интернаттың директоры Қайрат Досқалиевтің айтуынша, білім ордасына 150 бала қабылданады. Бұл оқу орнында оқушылар еркін күрес, бокс, дзюдо, таэквондо секілді олимпиадалық спорт түрлері бойынша жаттығады.
Жауқазын жастарды олимпиадалық спорт түрлеріне баулитын мектеп-интернаттың әзірге жеке ғимараты жоқ. Алайда спорттық бағыттағы білім ордасынан тәлім алғысы келетін оқушы көп. Сондай мақсатпен құжат тапсырғанның бірі – Бекзат Мұстағалиев. Махамбет ауданында тұратын жас өрен 6 жылдан бері дзюдоны серік еткен.
«Біз бұл мектеп-интернаттың ашылуын асыға күттік. Өзім таңдаған спорт түрінен шеберлік шыңдап, Олимпиада чемпионы болуға ұмтыламын. Өйткені мұнда біліктілік арттыру үшін мол мүмкіндік бар», дейді Бекзат Мұстағалиев.
Балаларының спортпен айналысқанын қалайтын ата-аналардың қатарында Махамбет ауданының Сарайшық ауылында тұратын Қадырбек Шаймарданов та бар. Оның да немересі дзюдоны жақсы көреді. Сол себептен, жаңа оқу ордасында білім алғысы келеді.
«Ауыл балалары Атырау қаласындағы дзюдо клубына келіп, жаттығып жүр еді. Қалаға қатынау үшін балалар уақыт жоғалтады. Оның үстіне жолда жүру шаршатады. Енді жаңа мектеп-интернат ашылғанын естіп, немеремді ертіп әкелдім. Қазір оларды Олимпия ойындарына дайындауға мүмкіндік жасалып отыр», дейді Қ.Шаймарданов.
Еркін күрестен әлем чемпионы Талғат Сырбаздың пікірінше, спортқа ден қойған әр бала қиындыққа төзімді болғаны жөн. Өйткені бұл сала төзімділікті, еңбекқорлықты қажет етеді.
«Олимпиада, әлем чемпиондарының дені ауылдан шығады. Мен де ауылда өстім. Ауылда жаттығып жүріп, әлем чемпионы болдым. Енді ауыл балаларының олимпиадалық спорт түрлеріне дайындайтын мектеп-интернатта шыңдалатынына қуанып тұрмын. Бұл – жасөспірімдерге берілген үлкен мүмкіндік. Жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, чемпион атануы үшін шыдамды әрі еңбекқор болғанын қалар едім», дейді Талғат Сырбаз.
Атырау облысы