• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Заң 30 Тамыз, 2023

Тұрақты даму кепілі

329 рет
көрсетілді

Бүгін ел Конституциясы өзінің 28 жылдығын ерекше жағдайда, яғни былтыр маусым айындағы жалпыхалықтық референдум нәтижесінде жаңар­тылған нұс­қасымен атап өтіп жатыр. Конституцияның жаңа редакция­сы қо­ғам мен мем­лекетті одан әрі жаңғыртуға қажетті құқықтық негізді қа­лады. Бұл – саяси өзге­рістер, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін күшей­ту және адам құқық­тарын қорғау.

Конституциялық реформаның бас­ты міндеті – нақты көппартиялылықты бекітуге қосымша жағдай жасау, Пре­зи­дент сайлауына қойылатын талап пен тәсілді қайта қарау, Парламент Мә­жі­лісінің сайла­уын демократияландыру, облыстардың, республикалық ма­ңызы бар қалалардың және елор­да­ның әкімдерін тағайындау кезінде кандидатуралардың баламалығын енгізу, Парламенттің рөлі мен мәртебесін арт­тыру, Үкіметтің жауапкершілігін кү­шейту, өлім жазасын жою, Адам құқық­тары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәр­те­бесі мен міндетін нығайту.

Бұл ретте Конституциялық соттың құ­рылуын ерекше атап көрсету қажет.

Мемлекет басшысы: «Конституциялық сот Әділетті Қазақстанның айнасы болады десек, артық айтқандық емес» деп атап өтті. Президенттің бұл сөзі жа­ңа­дан құрылған конституциялық бақы­лау органының қызметіне үлкен жауап­кер­ші­лік жүктейтіні сөзсіз.

Жұмысын биыл 1 қаңтардан бастаған Конституциялық сотқа өткен сегіз айда 4 мыңға жуық азамат шағымданған. Оның 90%-ы Конституциялық заңда белгіленген талапқа сай келмегендіктен, өтініш беру­ші­лерге барлық кемшілік түзетіліп, өті­ніш талапқа сәйкес келтірілгеннен ке­йін қайта жүгіну құқығы түсіндірілді.

Бүгінгі күні Конституциялық сот судья­лары 23 іс бойынша қорытынды ше­­­шім шығарды, оның 18-і азаматтардың өті­ніштері бойынша, Президенттің – 3, Пар­­ламент депутаттарының – 1, мем­ле­­­кеттік орган өкілінің бір өтініші қа­рал­ды. Азаматтардың өтініші бойынша 30-дан астам құқықтық норманың конс­ти­­туциялығы қаралып, оның 5-еуі конс­ти­туциялық емес деп танылды, 12-сі Конституциялық сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкестігі айқындалды.

Өтініш иелері көбіне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың, Әкім­­шілік құқық бұзушылық туралы ко­­декстің, сот жүйесі саласындағы заң­наманың және Жоғарғы соттың норма­тив­тік қаулыларының нормаларына қа­тыс­ты дау айтқан.

Президенттің өтініші бойынша Пар­ла­мент 2023 жылы 16 наурызда қа­был­даған және Мемлекет басшы­сы­на 2023 жылы 24 наурызда қол қоюға ұсынылған Әлеуметтік кодекс және оған ілеспе заң­­намалық актілер – «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының кейбір конс­ти­ту­ция­лық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заң, «Қазақстан Рес­публикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне әлеуметтік қамсыз­дан­­дыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң­дар­дың Конституцияға сәйкестігі қарал­ды.

Бұл құжаттарды Негізгі заңға сәйкес деп тани отырып, Конституциялық сот Үкі­­меттің назарын аталған актілер қол­да­­­нысқа енгізілгенге дейін жоюы қа­жет жеке­леген кемшілікке аударды. Олар әлеу­меттік қорғау туралы заң­на­ма­ға, Үкі­мет пен уәкілетті органның өкі­лет­­тік­­терін бекіту туралы, әлеуметтік қор­­­ғау саласындағы құқық пен бостан­дық­­­ты кем­сітуге жол бермеу туралы, кейбір жәр­дем­ақылар мен төлемдерді та­­ғайын­­дауға жүгіну мерзімдеріне, олар­дың мөл­ше­рін айқындау тәсілдеріне, төлемдерді тоқтата тұру немесе бас тарту үшін негіздерге қатысты.

Алдын ала конституциялық бақылау тәр­тібімен «Қазақстан Республикасының кей­бір конституциялық заңдарына Қазақ­стан Республикасының әкімшілік рефор­масы мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен то­лықтырулар енгізу туралы» конс­титу­циялық заңының және «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкім­шілік реформасы мәселесі бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының Конституцияға сәй­кес­­тігіне тексеру жүзеге асырылды. Кон­с­­титуциялық соттың 2023 жылы 8 сәуір­­дегі №7 қабылданған нормативтік қаулы­сында «Үкімет-орталық атқарушы органдар-жергілікті атқарушы органдар» мем­лекеттік басқару деңгейлері арасын­дағы өкілеттіктерді ажырату жөнін­дегі тәсіл­­дердің жеткіліксіз пысықталғанын көр­сетті.

Конституциялық сот Конституцияның 68-бабында белгіленген Үкімет мүшеле­рі­нің дербес жауапкершілігін ескере отырып, мемлекеттік саясатты қалыптас­ты­ру­ға қатысатын атқарушы мемлекеттік органдар арасында өкілеттіктерді бөлу кезінде Үкімет, орталық және жергілікті атқа­рушы органдар арасындағы осы сала­дағы деңгейді, мақсатты, міндет пен өкі­леттікті нақты ажырату қажет екенін көрсетті.

Үкіметке Парламенттің биылғы сессия аяқталғанға дейін Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, заң жобаларын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу ұсынылды.

Президенттің олигополия мен непо­тиз­мге қарсы күрес бағыты берік. «Эко­номиканың негізгі салаларындағы оли­го­полияның тарихи үстемдігі нарық пен салалардың дамуын тежейді. Бұл жағдайды заңнамалық және практикалық тұрғыдан батыл өзгертетін боламыз», деді бұл жайында Мемлекет басшысы. Президенттің ұсынысы бойынша Конституцияға бір адамның билігін мо­но­полиялауға жол бермеу бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Оған сәйкес «Бір адам бір реттен артық Президент болып сайлана алмайды» (Конституцияның 42-бабы 5-тармағы); «Президент өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс» (Конституцияның 43-бабы 3-тар­мағы); «Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квази­мемлекеттік сектор субъектілері бас­шыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ» (Конституцияның 43-бабы 4-тармағы).

Бір топ Парламент депутатының өтініші бойынша қабылданған 2023 жылы 10 қаңтардағы №2 нормативтік қаулы­сын­да Конституциялық сот «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңның күшін жою деп тану жөнінде ресми түсі­н­іктеме берді. Конституциялық сот «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасының дербестендірілген конс­титуциялық заңының және Респуб­ли­каның Тұңғыш Президенті туралы Конституцияда басқа да ескертулердің болуының конституциялық-құқықтық негіздерін алып тастаған 2022 жылы 5 шілдедегі республикалық референдум өткізілгеннен кейін осы заңның қол­да­ныс­тағы заңнамада сақталуы Конс­ти­ту­­цияның жаңартылған редакция­сы­мен ке­ліспейді деп пайымдады.

Осыған байланысты Конституциялық сот «2022 жылы 5 шілдедегі республикалық ре­ферендумда айтылған Қазақстан хал­қы­ның еркіне сүйене отырып, Конс­ти­туциядан 46-баптың 4-тармағын және басқа да нормаларды алып тастау тура­лы, қазіргі уақытта Конституцияда Қа­зақ­стан Республикасының консти­ту­ция­лық заңын сақтау үшін құқықтық негіз жоқ деп танылсын. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті – Елбасы Қа­зақ­стан Республикасының қолданыс­та­ғы құқығында, осыған байланысты ол күші жойылды деп танылуға жатады», деп қаулы етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі жұмысқа бастамашылық танытты. Президент: «Біздің мақсатымыз – айқын. Халықтан ұрланған активтерді елге қайтарып, әділдік орнатуымыз керек», деп атап өтті.

Конституциялық сот Президенттің өтінішін ашық отырыста қарастырып, 2023 жылы 20 және 29 маусымда Пар­ла­мент қабылдаған және Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынған «Заңсыз ием­де­нілген активтерді мемлекетке қай­та­ру туралы» заңның; «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының конс­титуциялық заңына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» конс­ти­ту­циялық заңның; «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қа­зақ­стан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу тура­лы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қа­зақ­стан Республикасының Кодек­сіне (Салық кодексі) толықтыру ен­гізу тура­лы» заңдарды Конституцияға сәйкес ке­ле­ді деп таныды.

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің өті­ніші бойынша «Қазақстан Респуб­ли­касы Конституциясының 4-бабының нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты ресми түсіндіру тура­лы» Конституциялық Кеңестің 2009 жылы 5 қарашадағы №6 нормативтік қау­лы­сы­ның жекелеген ережелеріне түсі­нік­теме берілді.

Конституциялық сот Республика қа­тысушысы болып саналатын ха­лық­ара­лық ұйымдар мен олардың орган­да­ры­ның шешімдерін қабылдау және күшіне ену тәртібі осы мемлекеттер деңгейінде жоғары органның даулы мәселені қарау мүмкіндігімен ұлттық мүд­делердің толық есепке алынуын қам­тамасыз етуге тиіс екендігіне назар аударды.

Жүргізілген конституциялық реформалар азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарының конституциялық ке­піл­дік кешенін едәуір күшейтті. Бұл ретте, азаматтардың Конституциялық сотқа тікелей жүгіне отырып, қолданыстағы заңнаманың Ата Заңымызға сәйкестігін тексеру туралы талабы конституциялық бақылау органының ерекшелігі екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ мұндай құ­қық­тарға Бас прокурор мен Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл де ие.

Конституциялық сот қызметіне кі­ріскелі жекелеген нормативтік-құқық­тық актілерде елеулі олқылық­тың бар екенін анықтады. Мұны қарастырылған көп азаматтың өтініштерінің ішінен екеуін мысал ретінде келтіруге болады.

2014 жылы 3 шілдедегі Қылмыстық кодекстің мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау, сатып алу, өткізу, сақтау, сондай-ақ олардың шығу тегінің заңдылығымен рас­талған құжаттарсыз мұнайды қайта өңдеу үшін жауапкершілікті белгі­лей­­тін 197-бабының (2023 жылы 18 мамырдағы №14 нормативтік қаулы) конститу­ция­лы­лы­ғына тексеру жүргізілді. Көрсетілген құжат­тардың, қол сұғушылық объекті­сі­нің және іс-әрекеттің жазалану шегі­нің заң­на­малық тұрғыдан нақты анықта­ма­сының жоқтығын, заңдардың басқа нормаларымен бәсекелестігін атап өтіп, Конституциялық сот қылмыстық заңның даулы ережелеріне түсінік берді.

Кодекстің осы бабының диспозиция­сында біз адамның аталған әрекеттерді жасауының заңдылығын көрсететін заң­на­мада реттелген құжаттар туралы айтып отырмыз. Қылмыстық заңның нор­ма­лары айқындық, сенімділік және біржақтылық талаптарына барынша жауап беруге тиіс, ал бланкеттік тұрғыда олардың эле­мент­те­рін баяндау тиісті нормативтік-құ­қық­­тық актілерде нақты ашылуы керек.

Конституциялық тексеруде «Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылы 18 қарашадағы заңның 13-бабының, 2014 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ко­дек­стің 154-бабының жекелеген нормалары қарастырылды.

Конституциялық сот «Сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң­­ның 13-бабын, егер мұндай шектеу конс­титуциялық құрылысты қорғау, қоғам­дық тәртіпті, адам құқықтары мен бос­тандықтарын, халықтың денсаулығы мен иманын сақ­тау мақса­ттарына негіз­дел­месе, мем­лекеттік функ­цияларды орын­­дауға уә­кілеттік берілген адамдарға те­ңес­ті­рілген адамдардың кәсіпкерлік қыз­­мет бостандығы құқығын шектеуді белгілеу бө­лігінде Конституцияның 26-ба­бының 4-тармағына және 39-бабы­ның 1-тарма­ғы­на сәйкес келмейді деп таныды.

Сондай-ақ Конституциялық сот Әкім­­­шілік құқық бұзушылық туралы кодекс­­­­тің 154-бабын «Осы бапта көз­дел­ген іс-әрекетті жасағаны үшін әкім­ші­лік жауап­тылық кәсіпкерлік қыз­метті жүзеге асы­руға тыйым салу заң­мен бел­гіленген жағдайларда туындайды» деген түсін­дір­меде Конституцияның 26-бабы­ның 4-тармағына сәйкес келеді деп қаулы етті.

Қазіргі таңда судьялар 20-дан аса өті­ніш негізінде заңдар мен басқа да нор­ма­тивтік-құқықтық акті ережелерінің Конс­ти­ту­цияға сәйкестігін тексеріп жа­тыр. Келіп түскен қалған жүзден аса өтініш судьялардың алдын ала зерде­ле­уінде немесе «Конституциялық сот туралы» конс­титуциялық заң бойынша талап­тар­ға сәй­кестігін тексеру сатысында.

Жаңартылған Конституция жаһандық және аймақтық сын-қатердің талаптарына жауап беретінін және елде болып жатқан саяси трансформация үдерістерінің негі­зі ре­тінде қызмет ететінін мойындау керек. Тұрақтылық, бірізділік, жүйе­лі­лік жағ­дайында заңнамалық, ғы­лыми және практикалық сипаттағы шаралар кеше­нін іске асыру арқылы Негізгі заң­ның жа­­сампаздық әлеуетін нығайтуды жал­ғас­­тыру қажет.

Конституцияның үстемдігі елдің тұ­­­рақ­ты дамуының кепілі болып қала бе­­­реді. Өйткені Ата Заңның әр бабы әр­кім­нің қадір-қасиетін, бостандығы мен әділдігін заңнамалық әрі тәжірибелік тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Еркін ОҢҒАРБАЕВ,

Конституциялық сот судьясы,

заң ғылымдарының докторы, профессор