Президент Жолдауынан білім саласына қатысты негізгі үш мәселені ойға түйдім. Олар: біріншіден, мектеп жасынан суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, екіншіден, балалардың қаржылық сауатын арттыру, үшіншіден, білім ошақтарында қауіпсіздік пен жауапкершілікті күшейту.
Бұл бағыттарда, әрине, бұрыннан жұмыс жүргізіліп келеді. Алайда бұл жұмыстарды жаңа уақыт талаптарына сай жетілдіру керек. Мемлекет басшысы «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз», деп атап өтті.
Кейінгі уақытта балалар арасындағы зорлық-зомбылық проблемасы қоғамды алаңдатып жүргенін білесіздер. Біз өз тарапымыздан буллинг жағдайын болдырмау үшін фин тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Ол елде «Киви» деген бағдарлама қабылданған. Кейінгі он жылдың ішінде аталған бағдарламаның арқасында Финляндияда буллинг бірнеше есе төмендеген. Біз бұл тәжірибені өзіміздің білім саласында қолдану жағын пысықтап, зерделеп жатырмыз.
Айта кетсек, бағдарлама мектеп әкімшілігі мен ата-ана арасындағы әріптестікті күшейту арқылы буллингке ұшыраған балаларды тығырықтан алып шығуға бағытталған. Оның ішінде мектептегі психологиялық жұмысты күшейту бағыты да бар. Бүгінгі таңда осы психологиялық жұмыстар бойынша да мектептерде нақты іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде педагог-психологтердің біліктілігін арттыру, олардың жұмыс істейтін бағдарламаларын жаңғырту, сонымен қатар әр өңірде психологтерге арналған орталықтар құру секілді бастамалар бар.
Ғани БЕЙСЕМБАЕВ,
Оқу-ағарту министрі