Экономикасы неғұрлым дамыған елде еңбек жағдайымен қорғалмаған жұмысшылардың саны аз. Халықаралық еңбек ұйымы жүргізген талдау еңбек заңын сақтамай, өздері үшін қолайсыз жағдайларда жұмыс істейтіндердің үлесі адам дамуының индексіне тікелей байланысты болатынын байқатқан.
Әлемдік үрдісті талдағанда АҚШ, Жапония, Канада сияқты экономикасы дамыған елдерде және көптеген мойны озық Еуропа елінде халық бейресми жұмыстың әуселесінен барынша алшақ. Көрсеткіш 20-49% аралығында өзгеретін екінші деңгей көршілес Ресей, Түркия, Бразилия және басқа да Оңтүстік Америка елдеріне қатысты. Ал Қазақстан Қытай, Украина, Беларусь, Үндістанмен тең дәрежеде үшінші топқа кірді. Соңғы кездері республикамызда әлеуметтік пакетсіз, демалыссыз, сақтандырусыз және басқа да еңбек кепілдіктерінсіз жұмыс істейтін адамдардың үлесі 13,6%-дан 12,8%-ға біршама төмендегенімен, сандық тұрғыдан алғанда айырмашылық аса сезілмейді. Былтыр бейресми жұмыспен қамтылған ел тұрғындарының жартысына жуығы (барлығы 532,3 мың адам) оңтүстік өңірден тіркелді. Сондай-ақ Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарының әрқайсысында 113 мыңнан аса азамат осындай еңбек жағдайында жұмыс істеп келген. Маңғыстау облысында 7,8 мың жұмысшының әлеуметтік пакеті жоқ.
Бейресми жұмысқа бой ұрғандар санының ептеп азаюына көлеңкелі экономиканың төмендеуі де әсер етуі мүмкін. Қаржы министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда оның ІЖӨ-дегі үлесі 27%-дан 19,75%-ға дейін төмендеген. Сарапшылардың пікірінше, еліміздің бейресми секторында жұмыс істейтіндердің үлесі іс жүзінде экономикалық белсенді халықтың 40%-45%-ын құрауы мүмкін. Сондай-ақ халықаралық еңбек ұйымы сарапшылары 2019 жылғы бағалауында бізді бейресми жұмыспен қамту деңгейі 50%-74% дәлізде тұрған елдердің қатарына жатқызған. Ал Ұлттық статистика бюросының ресми дерегінше, 2019 жылы бейресми жұмыспен айналысатындар 13,7% болған. Әрине, бұл көрсеткіш 50%-74% диапазонынан өте алыс.
Ауыл шаруашылығы әлі де бейресми жұмыспен қамтылғандар көп сала болып қалуына қарамастан, былтыр онда жұмысшылар саны 653,7 мыңнан 577,3 мыңға дейін (76,4 мың адамға) айтарлықтай төмендеген. Бұған республикадағы өңіраралық көші-қон үдерісі де әсер етуі мүмкін деп есептейді сарапшылар. Әдетте ауыл халқы жұмыс іздеп үлкен қалаларға барады. Сөйтіп, көбіне олар бейресми сектордан жұмыс іздейді. Статистика құрылыс, өнеркәсіп, қызмет көрсету және көлік сияқты «қалалық» секторлардағы бейресми жұмысшылар санының артқанын көрсетеді. Бұл гипотезаны бейресми жұмыспен қамтылған жұмыс орындарының жай-күйі туралы деректер де растайды. 2022 жылы учаскелерінде көкөніс егіп, мал ұстауды негізгі жұмысы санайтындар 13,5%-ға аз болды. Яғни 2021 жылы 437,6 мың адам болса, 2022 жылы көрсеткіш 378,3 мың. Сонымен бірге шаруа қожалықтарында жалдамалы жұмыс істейтіндер де азайды.
Осылайша, бейресми жұмыспен қамту ауылдан бірте-бірте қалалық форматқа көше бастады. 2022 жылы тіркелген кәсіпорындарда жалдамалы әлеуметтік пакетсіз жұмыс істегендер (12,2%-ға) немесе азаматтық-құқықтық келісімшартқа отырғандар (49,9%-ға) көп болды. Мұндай жұмысшылар қатарында, мысалы, ірі агрегаторларда жұмыс істейтін такси жүргізушілері немесе жеткізу қызметтерінің курьерлері бар. Олардың да, басқалардың да кірісі көрсетілетін қызметтердің көлеміне және цифрлық қызметтер белгілеген пайызға байланысты. Бұл салада жұмысшылармен еңбек кепілдіктерінің талаптарын белгілейтін еңбек шарты жасалмайды.
Әлеуметтік кепілдіксіз жұмыс істейтін отандастарымыздың қатарында университет немесе колледж дипломы бар адамдар көбейе бастағанын цифрлар растайды. Мәселен, былтыр бейресми жұмыспен қамтылған жоғары білімі бар азаматтар саны бірден 20,2%-ға, орта кәсіптік білімі барлар 7,8%-ға ұлғайыпты. Сонымен барлығы 812,9 мыңнан аса осындай азаматтардың бейресми жұмыспен қамтылғандардың жалпы санындағы үлесі 70,6% болып отыр.