Қарағандыда кеншілердің даңқын өлеңмен аспандатқан «Кенді өлке – Қарағанды» атты республикалық мүшәйра дүркіреп өтті. Өлең додасын Қарағанды қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Жүлдегерлер Кеншілер шаһарының орталық саябағындағы сахнада марапатталып, жырларын оқыды.
Мүшәйраға республика бойынша 18 бен 45 жас аралығындағы қырықтан аса ақын өлең жолдаған. Қазылардың ұйғарымымен осылардың ішінен 9 ақын іріктеліп, жүлдеге лайық деп танылды. Алқа құрамында ақын, Мемлекеттік Абай атындағы сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, ақын Бауыржан Бабажанұлы, жазушы, этнограф Төрехан Майбас, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқаш болды. Ақын, Мемлекеттік Абай атындағы сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы төрағалық етті.
Мүшәйраның шарты бойынша ақындар Қарағандыға, кеншілерге өлең арнады. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы бұл жолғы мүшәйраға түскен өлеңдердің деңгейі жоғары екенін атап өтті.
– Бұл жолы екі ақынға бірінші орынды беруді ұйғардық. Өйткені келіп түскен өлеңдердің деңгейі жоғары. Жақсы өлеңге жақсы жүлде бергенді жөн санадық. Өз бағасын алуға тиіс. Жүлдегерлерді анықтау оңай болмады. Мүшәйраны өткізудегі мақсат – кенді өлке Қарағандының топырағында өткен тарихи оқиғалар мен тұлғалар тағылымын дәріптеу, өлең өзегіне айналдыру һәм кеншілер өмірін жырға қосып, еңбек жолын насихаттау, – дейді Ж.Жаңқашұлы.
Бұл мүшәйрада екі ақынға бірінші орын берілді. Атырау қаласынан келген Әлия Дәулетбаева мен теміртаулық Әділет Шөпенге бұйырды. Қос қаламгерге 700 мың теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орын ақын, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Жәнібек Әлиманға бұйырды. Үшінші орынды Астанадан келген Ұларбек Дәлейұлы мен алматылық Асылан Тілеген бөлісті. Ынталандыру сыйлығына Салтанат Қайырбек, Ерік Нарын, Дәулет Жадырасын, Таңсәуле Әгенқызы ие болды.
Әуелде ақындар үшін 6 жүлде ғана тағайындалыпты. Қазылардың шешімімен тағы қосымша 3 жүлде қосылған. Әкімдіктен бөлінген қаражаттан бөлек демеушілерден де қолдау болған. Ұйымдастырушылар Нұргелді Омархановқа, Бекзат Қомарұлына және «Exim Artis» компаниясына алғыс білдірді.
Кеш барысында Арқаның танымал әншілері Медет Осатаев, Арайлым Жүкенова, Саян Бөдес, Нияз Қанафия, Нұрбек Шабан әннен шашу шашты.
Қарағанды облысы