• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 05 Қыркүйек, 2023

Еуропаны азат етушілер сапында

325 рет
көрсетілді

Әкем Бектай Әшірбекұлы Әбсаттаров Екінші дүние­жүзілік соғыста толарсақтан саз кешіп, қарша бораған оққа қарсы тұрған. Ол кездейсоқ жарылып жатқан мина алаңы­нан жанын шүберекке түйіп өтіп, жаңбырдай жауған снарядтар мен бомбалардан да аман қалыпты. Ол соғыс қасіреті туралы көп айт­пайтын, сұрақ қойған адам­ға естімеген сияқты кейіп танытатын. Менің көрген қия­ме­тімді ұрпағым көрмесін дегені шығар..

Барлауда

Соғыс басталған жылы әкем Қар­сақбай мыс қорыту зауытында жұмыс iстеп жүреді. Жасы 18-ге толмай өз еркімен сұранып, майданға аттанады. Ол «Елімді, жерімді қорғау – менің міндетім» деп түйді.

Соғыстың алғашқы күндері май­данның алдыңғы шебінде 353-пу­­леметтiк-артилериялық ба­тальонның жаяу әскер химиялық барлау взводы құрамында ұрысқа кіреді... Тереңдігі белуардан келе­тін окоп қазып, күздің ызғарлы түнінде батпаққа батып, су кешіп түні бойы жауды аңдиды. Окоптың іші таң атқанша кеудесіне дейін суға толып қалады. Окоптан басын сәл көтерсе, оққа ұшады. Әкеміз осылай түн қатып, мұз жастанған. Неміс басқыншыларына қарсы жау тылында да соғысады. Сондай бір барлау тапсырмасын орындау үшін Эльман көлінің жанындағы Старый Руссо қаласының түбінде жолсызбен, ми батпақты кешіп, үш жауын­гер майдан шебін кесіп өтіп, жау тылында мина қойылған қақпаннан өтеді. Немістер сол мезетте оларды байқап қалып, пулеметтен, минаметтен оқ жаудырады. Алды – оқ боран, арты – мина алаңы. Жауынгерлер жанқиярлықпен алға ұмтылады. Әкем оқ тиіп құлаған кезде аяқ астындағы мина да қоса жарылады. Ауыр жараланып, ес-түссіз қалған әкемді қару­ластары далада орналасқан ар­мия­лық госпитальға жеткiзедi. Содан соң оны Кострома қаласына ат­­тан­­дырыпты. Жарақатының тым ауы­р­лығын ескеріп, Чусовой қала­сына жөнелтедi. Денеге қадалған көп­теген мина жарықшағын алу қиынға соғады, темірдің қанша жарықшағы денеге дарыса, сонша рет етін кесіп, ота жасалады. Тек өкпеге қадалған оқ жарқыншағын ғана алу мүмкін болмайды. Сол оқ соғыстан кейін де әкемнің кеу­десінде сақталып, бір­ге жер қой­нына кетті... Әкемнің дене­сінде еті тілім-тілім кесіліп алын­ған оқтың ойық орнынан сау жер жоқ еді, оны көзіміз көрді... Үш айлық ұзақ емделуден соң денесі қырық жамау сарбаз 19-жаттығушы танкi полкінің мектебіне жiберiледi де, оны Т-34 танкiнiң зеңбiрек командирі лауазымында белгіленген уақытынан бұрын үздік бiтiреді...

 

Отқа оранған доға

Әкем Курск доғасында танкілер бетпе-бет тірескен ең ірі қанды шай­қастың бел ортасында болады. Прохоровка селосы маңында екі жақтан мың жарымға жуық танк қатысқан қанды қырғында шойын танкілердің өзі шоқтай бал­қып, оттай жанады. Үш күн, үш түн қа­та­­рынан оқ бораған қара тү­нек­тің астында от жалындаған қия­мет­ті басынан өткереді... Танк снаряд атқан сайын оның іші қалың тү­тін­ге толып, экипаждың тыныс алуы қиындай түседі. Отқа оранған дала әлем-тапырық. Аспан айналып жерге түскендей. Қалың өрт, еш­теңе көрінбейтін қою қара түтін. Танкілердің гүрілі мен жарылған бомбаның дүрсілі құлақ жарады. Жан-жақты бағдарлау мүмкін емес. Әкем таза ауа жұтайын деп танкінің жоғарғы люк қақпағын ашып, басын сәл қылтитқаны сол еді, құлақтың түбінен шың еткен қатты соққы жарылыстан есі танып, ішке құлап түседі. Есін жиып қараса, жаудың снаряды танкінің жоғарғы люгін жұлып әкеткен екен. Егер қас-қағым сәт кешіккенде ажал құшатын еді.

Қаптаған жаудың қалың танкі­ле­рінің ішінен зеңбірегімен көз­деуге оқ бойына ыңғайланып зымырап келе жатқан «Тигрді» көреді. Әттең снаряд жоқ. Соғыс заңы – тек сен бірінші қимылдауың керек, әйтпесе құрыдың! Әкеміз дереу шешім қабылдайды, орманнан шыға келіп, қатты жылдамдықпен неміс танкісін бүйірден соғып, аударып тастайды... Соңғы күшін жинап, жанып жатқан танкіден әзер шығып үлгереді. Құлақ тұндырар қатты соққыдан контузия алады, одан кейін не болғаны белгісіз. Есін жиған кезде санитарлық бөлім­де жатқанын біледі...

Курск қырғынынан аман шық­­қан соң, әкеміз Т-34 танкісі­мен Украи­на жерiндегi Жи­то­мир, Черновица, Каменец-По­дольск, Бердишев, Козя­тин қала­ларын азат етуге қаты­са­ды. Поль­шаның астанасы Варша­ваны бас­қы­ншы­лардан босатады. Гдыня, Данцег қалаларының тү­бін­дегі, Фри­дри­хефельде, Карл­хорст, Бир­кен­бер­дер қалаларындағы өліс­пей беріс­пейтін қорғаныстағы фа­шис­тер­ді  талқандауға да қатысқан.

 

Сандомир бекінісін бұзу

Кеңес әскерінің Польшаны азат етіп, Германияға шабуыл жасауы­на стратегиялық жол ашатын Висла өзенінің жағасында Сандомир бекіні­сінде жаудың ірі қорғанысын бұзу үшін үш күн, үш түнге созылған қан­ды шайқастың ішінде әкем со­ғыс­қан танк бригадасы да болды. Немістердің оқ ататын зеңбірек нүк­телерін анықтап барлау үшін әкем бастаған үш танкіні «қармаққа жем салған сияқты» алдын ала алға май­дан шебіне жібереді. Олар жан-жақ­тан зеңбіректердің атқылап жау­дырған оқ боранының  өтінде әдейі бөгеліп, өлімге саналы түрде бас иіп, жаудың назарын өздеріне аударады. Бір кезде танкіге снаряд тиіп, лапылдап отқа орана бастайды. Экипаждың радист атқышы мен механик жүргізушісі де оққа ұшады. Қатты жарақат алған әкем бар күшін салып, жанып жатқан танкіден сыртқа шығады. Үстіндегі лаулап жанған киімін сабалап сөндіріп, бір­ша­ма жерге барып, есінен танып құлайды... Есін бір жиған кезде немістердің даусын естиді. Олар майдан алаңында қозғалуға шамасы жоқ, жа­раланған жауынгерлердің тірі жатқандарына оқ атып жүр екен. Ендігі кезек әкемдікі... Әке­міз қолына «лимонка» гранатын алып, сақинасын ағытып, оны бар­ма­ғымен қысып ұстап, кеудесіне басып, «Жаныма таянып келсе, өзімді де, оларды да бірге қосып жарып жіберемін» деген оймен олар­дың келуін күтіп жатады... Көз алдына туған ауылы, әкесі, ше­шесі, бауырлары елестеп «қош бол елім, жерім, туысқандарым...» деп жарық дүниемен қош айты­сып жатып, әбден қансырап, қал­жыра­ған әкем есінен танып, көзі ілініп кетеді... Қанша уақыт жат­қаны белгісіз, кеудесіне қатты батып кеткен гранаттан ауырсы­нып оянады. Көзін ашса, айнала қап-қараңғы, тым-тырыс, алыс­тан атылған оқтың тырсылы еміс-еміс естіледі, немістер көрін­бейді. Кеудесіне қатты батқан грана­та­ның сақинасы ағытулы екені есіне түседі, сақинаны орны­на қай­тадан бекітеді. «Есімді біл­ме­ген күйде байқамай кеудеме бас­қан сақина ілген бармағыммен бірге ала­қанымды ашып жіберсем, немістен бұйырмаған оқсыз-ақ өз гранатаммен бірге жарылып кететін едім ғой...» деген ойдан қатты шошып, жалма-жан есін жиып алады.

«Енді не де болса жау тылы­нан шығу керек» деген ойға келе­ді. Майдан шебі алыс емес еке­нін еміс-еміс атылып жатқан пуле­меттің дыбысынан болжайды. «Ендеше, сол атылып жатқан оқ­тың дыбысы бағытына қарай жүру керек» деп бауырымен ең­бектей жөнеледі. Майдан шебіне жақындаған кезде, айналаны бір сәтке жарық қылып жіберетін атылған ракетаның жарқы­лынан немістердің пулеметтері орна­тылған төбешік нүктелерінің қалай орналасқанын байқап қалады. Қолында ешқандай қаруы жоқ, жалғыз гранатасы ғана бар. Ойы – «Қалай да жау шебінің артқы жағы­нан білдіртпей өту керек...». Бір-­­бі­рі­не тым жақын орналасқан екі пу­лемет нүктесінің арасынан өтсе, біреуі болмаса, екіншісі міндетті түрде бәрібір байқап қалуы мүм­кін. Не істеу керек? «Пулемет нүктесінің біреуінің үстінен шабуылдап өту керек»­ деп шешім қабыл­дайды. Сөйтіп, жүгірген бойы неміс пулеметшілерінің арты­нан білдірмей келіп, қолын­дағы жалғыз гранатасын пулемет нүк­тесін көздеп лақтырып жібереді. Гр­аната жарылған кезде алға қарай бар күшін салып жүгіре жө­неледі. Қанша уақыт жүгір­гені белгісіз, қансырап, әбден әлі құ­рыған әкем қараңғыдағы жанталаста сүрініп кетіп, құлап түседі... Біраз уақыттан соң, көзін ептеп ашады, көпке дейін қандай күйде екенін түсіне алмай жатады... Таң атып, айнала жарық бола бас­та­ған кез секілді. Есін жиып, жан-жаққа қарайды. Майдан шебінен аман-есен өткеніне көзі жетеді... Кеңес әскерлерінің майдан шебіне қарай бет алып, «уралап» шабуылға шық­қанын көреді... Ептеп қозғалып, қан­ға малынған денесін сүйретіп, келесі күні өзінің әскери бөлімін тауып алады. Бөлім штабына келсе, әкемді «ерлікпен қаза тапты» деп еліне «қара қағаз» жіберейін деп жатыр екен...

 

Жеңіс жауынгері

Әкем Берлинге шабуыл жасау кезінде атақты қолбасшы гене­рал М.Е.Катуков басқарған 1-гвардиялық танк әскерінің құрамында немістің астанасына ең алғаш­қы басып кіргендердің қа­тарын­да болады. Бұл енді ең соңғы шешуші шайқас! Жау өліспей беріспейтінін көрсетті.

«Берлинге кіргеннен бас­тап, оның әрбір көшесі үшін ең ауыр шайқас басталды. Шабуыл майданының шебі империялық канцелярия мен Рейхстагтан алыс емес «Тиргарен» паркіне тірелетін Вильгельмштрассе көшесі арқы­лы өтіп жатты. Танкілерге фаустат­қыштар кедергі жасады, немістер канализациялық құдықта немесе үйдің жертөлесінде отырып алып-ақ көшеге шыққан танкілерді ата бастады. Қай жаққа қарау керек екеніңді білмейсің, үйлердің терезелерінен немесе есіктерінен фаустатқыштар танкілерімізге оқ жаудырды. Танкілер жанып жатты. ...Танкінің ішінде отқа оранасың, сыртта оқ боран түтеп тұр. Оқ пен оттың арасында бір ғана таңдау – тек алға ұмтылу, Рейхстагқа табан тіреп, жеңіс туын желбірету... Біз де фаустатқыштар отырған жерлерді аямай атқылаймыз. Тіпті танкіде экипаждың біреуін ғана қалдырып, жаяу әскер шекпенін жамылып, автоматпен, гранатпен қаруланып, көпқабатты үйлердің жер­төлесіндегі фаустатқыштарды іздейміз. Үйлердің терезесінен атқыштар көрініп қалса болды, танк зеңбірегімен шрафнельді және жарқыншақ снарядты жауды­рамыз. Бұрын бір снаряд­ты неміс­тердің бір топ жаяу әс­кері­не жұм­сасақ, енді оны бір фаустат­қышқа жұмсауға тура келді. Үй­лер­дің терезелерін атқылап отырып, Бер­линнің көшелерімен күн са­йын жүз қадам ғана жылжимыз... Көше ішіндегі ауыр шайқастарда тан­кілеріміздің осылайша шабуылдары іркіліс жасап отырды... Біздің танкіміз Рейхстагтың іргесіне ке­ліп тірелген кезде екі жақ та бір-бі­ріне үздіксіз оқ жаудыруын бір мезет те тоқтатқан жоқ. ...Танкі­нің радиоқабылдағышы ар­қылы 2 мамыр күні таңертең армия қолбасшысының оқ атуды дереу тоқтату туралы бұй­рығын тыңдадық. Бұл қуанышты хабар еді. Әбден қажыған жауынгерлер мен офицерлер мәз болып, бір-бірін құшақтауға ұмтылды. Әркім әрқалай пистолеттен, винтовкадан, автоматтан, зеңбіректен аспанға оқ атқылап, бас киімдерін жоғары лақтырып жатты. Жеңістің құрметіне салют аттық. Жау жеңілгенін мойындап, біржола берілді. Берлин от болып жанып жатты...» – деп әкем жан досы, ардагер журналист Сүтемген Бүкіровке айтып берген екен.

Майданда көрсеткен ерлігі үшін гвардия сержанты – әкем Бек­тай Әбсаттаров екі «Қызыл Жұлдыз», «III дәрежелі Даңқ», «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «І дәре­желі Отан соғысы» ордендері, «Гер­манияны жеңгені үшін», «Вар­шаваны азат еткені үшін», «Бер­линді алғаны үшін», «Шайқастағы еңбегі үшін» әскери медальдермен  марапатталған.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің саусақпен санарлықтайы ғана қалды. Жүрегі елім деп соққан менің әкем де бүгін бұл өмірде жоқ, биыл оның өмірге келгеніне 100 жыл толады. Майдангер әкелердің ерлігін оқып-білу – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Менің де әкемнің ерлік істері, еліміздің өркендеуіне қосқан ерен еңбегі  туралы өнегелі әңгімелерді бүгінгі ұрпақтың білгені абзал.

 

Мүталап ӘБСАТТАРОВ,

мемлекеттік қызмет саласының ардагері