Балқаш қаласындағы Ақшағыл кентінде (Рембаза), Көкше теңіздің жағалауындағы «БалқашTourfest – 2023» фестивалі сән-салтанатымен өтті. Екі күнге созылған мәнді шара Балқаш туризмінің түлеуіне оң әсерін беруі керек. Көл жағасындағы ұйымдастырылған түрлі акция, ойын-сауық кештері мен мерекелік бағдарламалардың түпкі көздегені де – сол.
Фестиваль аясында кәсіпкерлерге арнайы орындар әзірленді. Мұнда олар өз өнімдерін саудалады. Ашық аспан астындағы асханада әзірленген түрлі тіл үйірер тағамдар көпшілікке ұсынылды. Бағалары да қолжетімді. Ұлттық сусындардан бөлек, «Тоқырауын» ауыз су өнімдерін өндіретін кәсіпорынның басшысы Зәуре Мерғазықызы фестивальға 3 тонна сусын әкеліпті. Бұған қоса «100 игі іс» акциясы аясында Балқаш қаласындағы «Халық банк» қызметкерлері Halyk Bank QR-коды арқылы төлем қызметін жасағандарға 1 теңгеге сусын сатты. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалды, инватакси қызмет көрсетті.
Мультфильм кейіпкерлері мен ойын-сауық бағдарламасы жағажайдағы балалардың көңіліне шуақ сыйлады. Ал жастар жағы «Жастар таза Балқаш үшін» акциясына жұмылды. Жағажай волейболы, армрестлинг, арқан тарту және «Көңілді старттар» сияқты жағажайда турнирлер ұйымдастырылса, жаппай жүзу де жұрттың көңілінен шықты. Көл үстінде 500 метр қашықтықты бағындыруға шыққан жүзушілердің ең үлкені – 58 жаста, ал кішісі – 13-те. Белгіленген уақытта мәреге бірінші болып жеткен Батырхан Болатбеков сайысқа тыңғылықты дайындықпен келіпті. Алматы қаласындағы әскери академияда оқитын Батырхан жарысқа қатысу үшін бір ай көлемде «Ақ теңіз» бассейнінде әбден шынығыпты. Жағажай волейболынан өткен дода да тартысты өтті. Кір тасын көтеру сайысында 65 кг салмақта 16 килолық қос кір тасын 38 рет көтерген Ерасыл Алиев, 75 килода 101 рет көтерген Қобыланды Жақыпов чемпион атанды. Сондай-ақ қос 24 килоны 40 рет көтерген Дмитрий Ким 1-орынға көтерілді. Қол күресте 65 килода Ернат Қайсарұлы, 75 килода Нұрлан Әділов, 85 килода Ислам Майхы, 95 килода Евгений Моськин жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар жасылелдіктер арасында өткен жағалау волейболында Ақтоғай ауданының «Бектау ата» командасы 1-орынды иеленсе, арқан тартыстан балқаштық «Тоқырауын» командасы жүлдегер атанды. Секіртпемен секіру сайысынан «Бектау ата» командасының мүшесі, ақтоғайлық Ақмарал Аманоллақызы үздік деп танылды. Көкше теңіздің жағасындағы жайдарлы сәтке куә болған Приозерск қаласы «Жасыл ел» жасағының мүшесі Айдос Қанатбайұлы «бұл жиын жаңа қадамдарға бастайды», деген ой-әсерімен бөлісті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді түлетуге тапсырма берді. Осы бағытта Балқаштағы жиын жаңа қадамдарға бастайды деп ойлаймын. Біз Приозерск қаласынан келдік. «Қоржынтүбек» және «Тораңғалық» атты екі команда болып қаламыздың намысын қорғадық. Алған әсерім ерекше. Айта кету керек, қазір «Жасыл ел» жасағы тек жұмыс жасап қана қоймай, түрлі іс-шараларға да атсалысып жатыр. Мәселен, жақында ғана нашақорлықтың алдын алу үшін синтетикалық есірткінің зияны мен шомылу маусымындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді, – дейді А.Қанатбайұлы.
«БалқашTourfest – 2023» фестивалі әсем әндерімен, ерекше ойын-сауық бағдарламаларымен көпшілік көңілін көтерді. Көбікті кеш пен эстрада жұлдыздарының мерекелік концерті фестивальды сәтті түйіндеді. Туризмді түлетуге бағытталған «БалқашTourFest» фестивалі дәстүрге айналмақ.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы