• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қыркүйек, 2023

Жетісулық өрендер жарап тұр

297 рет
көрсетілді

Талдықорғандағы Зият­кер­лік мектептің коман­дасы роботтехникадан ұйымдастырылған олим­пиа­даның жеңімпазы атанды. Алматы қаласында өт­кен бәсекеде жетісулық өрендер ерекше көзге түс­ті. Роботтехникадан рес­пуб­ликалық олимпиада Бірік­кен Ұлттар ұйымының тұ­рақты даму мақсаттарын орын­дауға бағытталған. Іс-шара логистика мен цифр­лық инфрақұрылымға кө­мек­тесетін роботтарды жасау үшін қатысушыларды бір алаңға жинайды.

Байқаудың басты міндеті – күнделікті өмірде адамға қамқорлық танытып, қызмет көрсететін роботтарды әзірлеу.

Информатика пәнінің мұғалімі Нико­лай Авдюниннің жетекшілігімен талды­қорғандық команда екі жобаны ұсын­ды. Екеуі де «Future Innovators» ата­лымы бойынша (үлкен және орта топ) бірінші орынды жеңіп алды. 9-сы­нып оқушылары Диана Хасимова мен Илья Стасюков контейнерлерді сұрып­тауға және қайта тиеуге арналған теңіз ло­гис­тикалық терминалының прототипін жасады.

– Сауда-саттықтың 80 пайызы мұхит­тар арқылы жүзеге асады. Сауданың дамуын шектейтін дүниелер де бар. Соның бірі – жөнелту портына келетін контейнерлерді ұзақ күту. Терминалды теңіз сауда жолдарының қиылысына орнататын болсақ, контейнерлерді жет­кізу жылдамдығы артады. Теңіз тер­миналында жасанды интеллект жүйе­сі орналасқан. Нейрондық желі контей­нерлердің таңбаларын анықтап, автомат­тан­дырылған кранның көмегімен жүк­тер­ді жүктей де, түсіре де алады, дейді Диана.

9-сынып оқушылары Ранона Жәлелқызы мен Карима Мақанның бірегей жобасының атауы – «Өрмекші ана». Spider Mom – адам қолы жетпейтін жерлерге сымдарды өз бетінше төсеуге қабілетті робот.

– Интернетке қолжетімділік – еліміз­дің цифрлық дамуындағы стратегиялық маңызды мәселе. Бұл әсіресе пандемия кезінде, әлем онлайн режімге көшкен кезде анық байқалды. Дегенмен ауылдық елді мекендердің барлығы интернетке қол жеткізе алмайды. Біздің зерттеуіміз бойынша, елімізде 1 432 ауылдың 200 мыңнан аса тұрғыны интернет инфра­құрылымынсыз отыр. Цифрлық тең­сіз­дікті жойып, азаматтарды сапалы бай­ланыспен қамтамасыз ету маңызды, – дейді жас өнертапқыштар.

Жоба авторларының айтуынша, робот жоғары жылдамдықты оптикалық ка­бель­ді бекітуге, тіректердің түрлерін, тіпті ауа-райын анықтауға қабілетті.

Олимпиада «RoboMission», «Future In­novators», «Future Engineers» санаттары бо­йынша өткізілді. Әр санатта жоғары ұпай жинаған жеңімпаз командалар алдағы 7-9 қарашада Панамада өтетін ха­лық­аралық чемпионатта ел намысын қорғайды.

 

Жетісу облысы