Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы ауылында, Ақадыр, Сәкен Сейфуллин кентінде 30 пәтердің кілті табысталды. Ақсу-Аюлыдағы қуанышқа аудан әкімі Мұхит Мұхтаров ортақтасып, баспаналы болған отбасыларды құттықтады.
– Аудан орталығында 4 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Бұл үйлерді алу еліміздегі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында бастапқы нарықтан тұрғын үй сатып алу арқылы мүмкін болып отыр. Ақсу-Аюлы ауылынан бөлек, ауданымыздың Ақадыр, Сәкен Сейфуллин кенттерінде 26 отбасына осындай жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді. Баспананы қолжетімді ету – Үкімет пен жергілікті әкімдіктер тарапынан жүзеге асырылып жатқан маңызды жоспарлардың бірі. Халықпен әр кездесуде жиі көтерілетін мәселе біртіндеп оң шешімін тауып жатыр. Баршаңызды бүгінгі қоныс тойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа баспаналарыңыздың іші қуаныш пен шаттыққа толсын, – деді аудан басшысы М.Мұхтаров.
Пәтерлі болған отбасылар мемлекеттік бағдарлама аясында бастапқы нарықтан үй алуға көмек қолын созған аудан әкімшілігіне алғысын жеткізді. Бұл азаматтар – осыған дейін әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасылар санатында үй кезегінде тұрғандар.
– Көп уақыттан бері пәтер жалдап келдік. Міне, жаңа пәтер біз үшін үлкен сый болды. Ерекше қуаныштымыз. Ата-аналарымыз да қуанып жатыр. Қоныстой тойлаймыз. Әр қазақ баспаналы болсын, – дейді жаңа пәтер иесі Нұрлан Игенов.
Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақадыр кентіндегі 12 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пәтер кілті тағы беріледі. Сондай-ақ Ақсу-Аюлы ауылында 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қосымша жаңадан салынып жатқан бірінші нарықтағы тұрғын үйлерден жалпы 32 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы