Кейінгі жылдары бизнес бюрократия құрсауынан босап, еркін тыныстай бастады. Десек те, мемлекеттің іскерлік ахуалды жақсарту және инвестициялық тартымдылықты арттыру жөніндегі күш-жігеріне қарамастан, жеке компаниялар бәсекелестік пен ашықтыққа байланысты проблемалармен үнемі бетпе-бет келіп жүр.
Бірқатар мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда және бизнесті тіркеу мен жүргізу үшін әкімшілік ресімдерді жеңілдетуде едәуір алға бастық. Әйтсе де, компаниялар тарапынан цифрлық технологияларды енгізу барысы әлі де баяу. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Қазақстанның іскерлік ортасы туралы зерттеуінде цифрлық шешімдерді пайдалану үшін инфрақұрылым мен дағдыларға қолжетімділік әлі де шектеулі екенін жазған. Сонымен қатар компаниялар қызметінің нақты жағдайларында, әсіресе сауда рәсімдерін жеңілдету және келісімшарттарды сақтау бөлігінде түйткілдер бар.
Бұған дейін Halyk Finance сарапшылары одан әрі дамуды қамтамасыз ету үшін елімізге мемлекеттің экономикадағы рөлін төмендетуге және толыққанды нарықтық тетіктерді құруға бағытталған терең құрылымдық реформалар жүргізу қажет екенін атап өткен. ЭЫДҰ тұжырымдары нарықтың басымдықты рөлі, дамудың неғұрлым тұрақты, әртараптандырылған және инклюзивті моделіне көшу қажеттігі туралы осы ойларды толығымен растайды. «Өкінішке қарай, Қазақстанның жоғары экономикалық көрсеткіштерінің негізгі қозғаушы күші мұнай мен басқа да пайдалы қазбаларды өндіру мен экспорттау болып қала береді. Тарихи тұрғыдан алғанда, мұндай өсу жеке сектордың дамуын ынталандыра алмады, тіпті кейбір тұстарда оған кедергі келтірді. Бұл ретте мемлекет нарықтық емес шарттарда жеңілдікті қаржыландыруды ұсына отырып, бәсекелестік орталарда өзінің қатысуын кеңейтуді жалғастырады. Мұндай ортада нарықтық қатынастар жұмыс істемейді және жеке инвестицияларды тарту қиын болады», делінген Halyk Finance шолуында.
Зерттеу аясында 2022 жылы ЭЫДҰ Қазақстандағы іскерлік ортаға кейінгі жылдардағы жаһандық оқиғалардың әсерін бағалау үшін кәсіпорындарға сауалдама жүргізген. Респонденттер негізінен Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік кәсіпорындар, сондай-ақ ЭЫДҰ елдерінен бірқатар сауда және коммерциялық ұйымдар болды. Осындай халықаралық компаниялар мен ұйымдарды елге тарту – мемлекеттің инвестициялық және өнеркәсіптік саясатының басты басымдықтарының бірі. Сауалдамаға қатысқан компаниялардың 58%-ы экономиканың қазіргі жағдайын қанағаттанарлық, ал қалған 42%-ы әлсіз деп бағалаған. Дегенмен олар негізінен өздері жұмыс істейтін секторды немесе өз компаниясының елдегі қызметін әлі де оң бағалайды. Сондай-ақ респонденттердің жартысына жуығы Үкіметтің COVID-19 пандемиясы кезінде бизнеске көмектесу үшін жасаған барлық шарасын тиімсіз деп тапты. Жарамды шаралардың ішінде респонденттер негізінен салық төлеуді кейінге қалдыруды және компаниялар шығындарының бір бөлігін жабу үшін ақшалай көмекті, сондай-ақ дағдарыс кезінде жұмысынан айырылған жұмысшыларға өтемақы беруді атап өтті.
Украинадағы қақтығыстың салдары Қазақстанның экономикасы мен іскерлік ортасы үшін елеулі соққы болды. ЭЫДҰ сауалдамасы соғыстың бастапқы кезеңінде компаниялардың алдында тұрған басты қиындықтар – теңгенің айырбас бағамының жоғары құбылмалылығы және жеткізу тізбегіндегі іркілістер екенін көрсетті. Респонденттердің 50%-дан астамы бұл мәселелер олардың қызметіне қатты әсер еткенін айтады. 80%-ға жуығы шикізат, энергия және шикізат емес тауарлар бағасының айтарлықтай өсуіне теріс әсер еткенін алға тартты. Кейіннен бұл компанияларды өз бағаларын көтеруге, сондай-ақ жаңа жеткізушілер мен төлем механизмдерін іздеуге итермелеген. Украинада ұрыс қимылдары басталғаннан бері бизнеске көрсетілген мемлекеттік қолдаудың ішінде компаниялар бюрократияны бұзу және жаңа экспорттық маршруттарды ашу шараларына оң көзқарас танытты. Респонденттер, сонымен қатар, ауыл шаруашылығына көмектесу шараларын, соның ішінде энергияның шекті бағаларын енгізуді және ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық бағамен сатып алуды қолдады. Валюта нарығындағы шектеулер әртүрлі қабылданды: компаниялардың 45%-ы бұған белгілі бір дәрежеде оң деп қараса, 23%-ы теріс пікір білдірді.
ЭЫДҰ өз талдауында Қазақстанның ұзақмерзімді перспективада дамудың жоғары қарқынын қолдау үшін әлеуетке ие екенін, алайда бұл мақсатқа қол жеткізу экономикадағы құрылымдық өзгерістерді одан әрі іске асыруды талап ететінін жазады. Осы шаралардың көпшілігін жүзеге асыру оларды қарапайым әзірлеу мен қабылдаудан гөрі, әлдеқайда күрделі және мемлекеттен саяси ерік-жігер мен тиісті әкімшілік әлеуеттің болуын талап етеді. Қазақстандағы іскерлік ортаны дамыту ‒ инвестициялық немесе өнеркәсіптік саясат мәселелері ғана емес, бәсекелестіктің неғұрлым кең құрылымдық проблемалары және мемлекеттің экономикадағы рөлі. Halyk Finance сарапшыларының өздері бұл бағыттағы реформалар өте баяу жүріп жатқанына және кейбір жағдайларда тіпті кері кеткеніне назар аударған. «Іскерлік ортаның орнықты өсуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет иелігінен алу және нақты нарықтық тетіктерге көшу жеке секторды дамытуға деген жалпымемлекеттік көзқарастың негізгі басымдықтарына айналуға тиіс», деп санайды олар.