• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Туризм 11 Қыркүйек, 2023

Әлеуетімізді әлі де пайдалана алмай отырмыз

190 рет
көрсетілді

Қарағандының туристік әлеуеті әлсіз болғанымен, қамсыз дей алмаймыз. Әйтеуір әупірімдеп жұмыстар атқарылып жатыр. Әуреге түсіп, «туризмді түлетуіміз» керек деп жанталасып жүрген ешкімді көрмедік. Күні кеше Мемлекет басшысы Жолдауында туризм саласындағы жұмыстардың дұрыс атқарылмай жатқанын ашып айтты. Еліміздің басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалғанын да атап өтті. Мәселен, жаз айында Балқаш көлінің кереметін сезінеміз деген жұрттың «биоәжетхана» таппай әуреге түсіп, қиналғанын да естідік. Осыдан-ақ ішкі туризмнің көп нәрседе іркіліп тұрғаны байқалады.

Балқаш курорттық аймағы туристер­ге әлгіндегідей қызмет ұсына алмай оты­рып, туристификация картасының «ТОП-10» тізіміне қалай еніп кеткеніне қайран­быз. Жағасындағы табан күйдірер құмына, тұз­ды суына сөзіміз жоқ. Тек тама­ша көл­дің жағасында «жабайы» туризм­нің дәурені жүріп тұрғанына жұрт қын­жы­лады.

Жаз бойы көл жағасында болғандар жақсы білер курорттық аймақтың бұрыш-бұ­рышы қоқысқа ыбырсығанын. Тіпті жаға­жайдың өзінде бос бөтелкелер, та­мақ қал­дықтары шашылып жатады. Көзі­мізбен көріп, күйінгеннен соң айтып отырмыз. Мұнда мынадай мәселе бар: дема­лушылардың да ішкі мәдениеті қалыптаса қойған жоқ. Дегенмен сол қоқысты сырт­қа тасып жүрген техникаңызды да ке­зік­­тірмедік және көптен келмегенін де түсіндік.

Балқашқа келген туристерді «Шұбар­түбек», «Тораңғалық» секілді демалыс ай­мақтарына апаратын автобустар да жоқ. Жағдайы жеткендер такси қыз­метіне жүгінеді. Таксидің үнемі табыла бер­мейтіні тағы бар. Ал қарапайым дема­лу­шыларға жоғарыда атап өткен жаға­жайға жету мұңға айналған. Міне, бұл мәселелерді Балқаш қаласы кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жанмира Рахпанова растап отыр.

Осы мәселелердің шешімін табу үшін жолға қойылған жұмыстарды жоққа шы­ғарудан аулақпыз, әрине. Оның үстіне Бал­­қаш туризмді дамытудың жол карта­сын­да бар. Тек жолда қалып қоймаса дейміз.

– Балқаш қаласына туристердің көп­теп келуі ішкі туризмнің ілгері басуы­на ықпал етіп отыр. Көптен күткен 18 биз­нес-жоба­ның басталуы – өңір туриз­мін өркендету­дің нақты қадамы. Бал­қашқа Тораңғалық және Шұбартүбек кенттерінің қосылуы – оңтайлы шешім. Бүгінгі таңда осы аумақта жүйелі жос­пар жасалынды. Жағалау аймағының 22 шақырымын инженерлік коммуникация­лармен қамтамасыз ету, абаттандыру жолға қойылған. Мұнда жеке инвестиция­лар есебінен 12 демалыс аймағы мен туризм нысандары салынады. «Тораңғалық, Шұбартүбек кенттеріндегі су құ­быры желілерінің құрылысы» жоба­сының құны 9,8 млрд теңгені құрады. Бұған қоса кәріз желілерінің құрылысы да бар. Құрылыс құны 13,672 млрд теңгеге жос­парланып отыр. Электр желісі жасалады, – дейді Ж.Рахпанова.

Онымен қоса Балқаш қаласының әуежайында да құрылыс жүреді. Бұл үшін 3,5 млрд теңге сомасына жобалау-сметалық құжаттама әзірленген.

Алаштың Арқадағы алтын бесігі са­нал­ған Ақтоғайға шетелден туристер жиі келеді. Бегазы-Дәндібайдың мәдени ес­керт­кіштеріне қызығушылық танытатын туристер көп болып тұр. Одан бөлек,  Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның басына тәу ететіндер де көп келеді. Бірақ мұнда туризм дегеніңіз түбімен жоқ. «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм комитетінің төрағасы Жазира Жанкина шет­елдік туристер алдында сан мәрте қы­сылып, қымтырылғанын айтады.

– «Туризм дәретханадан басталады». Бізге шетелдерден туристер көп келеді. Әсіресе Франция елшілігімен тығыз жұ­мыс істейміз. Еуропалықтарды этнотуризм, экотуризм қатты қызықтырады. Қа­рағанды облысында оларды апаруға бола­тын жер көп. Мысалы, Ақтоғай ауда­нындағы Бегазы-Дәндібайды алайық. Саяхатшылар ол туралы интернеттен оқып алады да, көруге құштарлығы артады. Тиісінше біздің фирмаға жүгінеді. «Келгенше қонақ қысылады, келген соң үй иесі қысылады» дейді ғой. Ақтоғайға апарғанша әбден ұялып бітемін. Астан-кестені шыққан жолды былай қойғанда, жол бойында дені дұрыс дәретхана жоқ. Кафе-мейрамхананы сағалап, қожайын­дарынан сөз естіп жүргеніміз, – дейді Жа­зи­ра Құрмашқызы.

Кәсіпкердің бұл мәселені қозғап жүр­геніне бірнеше жыл болды. Мұның оңай шешілетініне де сенбейді. Расы керек, Ақто­ғайға апаратын жолдың жай-күйі жан ауыртады.

Ал Арқаның інжу-маржаны Қарқара­лыға келетін туристердің де қарасы қалың. Мұнда да туризмнің дамуына кедергі кел­ті­ретін түйткілді мәселелер бар: демалыс орын­дары мен туристік нысандардың инже­нер­лік-коммуникациялық инфра­құры­лымын дамыту керек. Яғни Қара­ғанды-Қарқаралы республикалық ма­­ңызы бар жолды орташа жөндеу, ша­ғын авиация үшін әуежайды қалпына келтіру, ұялы байланысты, оның ішінде интер­нетті сапалы ету, жұмыс істеп тұрған демалыс үйлеріне дейінгі жолдарды жөндеу, ту­ристік маршруттарды абаттандыру.

– Инвесторлар мен тұрғындардың туризмді дамытуға қызығушылығы бол­ғанымен, бірқатар мәселені атап өту ке­рек. Бұл – ең алдымен, инженерлік-ком­­муникациялық инфрақұрылымның жай-күйі, кадр тапшылығы, сервистің әлсіз дамуы және Ұлттық парк тарапынан қойылатын көптеген шектеу. Бүгінгі таңда «Қарқаралы ауданының туризмін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» әзірленіп жатыр. Осы жоспар арқылы туризм саласын дамыту бойынша барлық бағытты қамтуды көздеп отырмыз, әсіресе жол, интернет мәсе­лелері, ауыз сумен қамтамасыз ету, –  дейді Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құ­сайын.

Сонымен Қарағанды облысының туризм саласындағы әлеуеті әлі де әлсіз. Президент пәрменімен Туризм және спорт министрлігі жеке жасақталды. Мүм­­­кін туризмнің қазаны енді бұрқ-сарқ қай­науға бағыт алар. Оны уақыт еншісіне қал­­дырдық.

 

Қарағанды облысы