• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Халық 10 Қыркүйек, 2023

Халық жағдайы жақсарғанын сезінуі керек

263 рет
көрсетілді

Қазір кім не айтам десе де өзі біледі. Демократия, еркіндік, сөз бостандығы осындай мүмкіндік береді. Бірақ еркіндік пен ашықтықтың өзінде ақылға қонымды қисын болмаса, ол босқа даурығудан әрі аспайды, ондайда ойға алынғанның орындалуы қиын.

Мәселен, бір депутат мырза мәртебелі мінберден: «Жиырма бес жыл мал баққан адамды зейнеткерлікке шығару керек» дейді. Бірақ бұл тосын ұсынысқа үн қос­қан жан баласы жоқ.

Қоғамдық пікір оны теріске де шығар­ған жоқ. Елеусіз күйінде айтылды, сол бойы қалып кетті.

«Кім не айтпай жатыр?» деп келетін ен­жар­лықтан гөрі өзін танытудың олқы тұсы.

Біздің қоғамда қай сөздің қандай мін­берден айтылу деңгейі мен мәдениетінің төмендеп бара жатқанын аңғартатын мұн­дай мысал аз емес. Дардай аты бар, бірақ айтқан сөзінде саяси-әлеуметтік мән жоқ, өкілеттілігі өкініштілеу ме, қалай?

Әсіресе шенеуніктер халықпен кездесулерде «мәселе назарда болады» дегенмен тұйықталса, ал кейбір сыпа­йы депутаттар жергілікті «жалдамалы» немесе «ақылы» көмекшілерін сөй­летіп, өзі «спектакльдің» соңында «айт­қан­дарыңызды жазып алдым» деген бір ауыз сөзбен түйіндейтіні әдетке айналған. Бұған таңғалуға болмайды.

Талабы күшті және әділетті қоғамшыл жұрт алдында билік өкілі қысылғандықтан қиын сұраққа жауап керек кезінде сөз жоқ, әділеттілікке жүгінеді. Батылдық таныт­қандай әрі сұранысқа қарай әділ шешім табылғандай бола қала ма? Жай­шылықта бұл мазасыз мәселе сан мәрте талқыланып, жүз рет сарапталған қалпында түрлі қорытындымен кейінге ысырылғанын осы іске қатысы бар кісілердің өздері де жақсы біледі.

Биылғы жаз айында Қарағанды кен­шілері мен еңбеккерлері мүддесін қорғай­тын қоғамдық ұйымдар белсенділері бірнеше адамның қайғылы өлімімен белгілі төтенше оқиғадан соң «Жер астын­да өміріне аса қауіпті жағдайда ұзақ жыл жұмыс істейтін кеншілерді 55 жасында зейнеткерлікке шығару қашан шешіледі?» деген өзекті сауалдарын Үкімет басшысы алдына көзбе-көз қойды. Сол заматта Премьер-министр көптен бері айтылып келе жатқан бұл әлеуметтік мәселе бюджетке енгізіліп, жыл аяғына дейін шешіледі, деп көңіл тоқтатқан. Бұдан әрі дәл осы санаттағы кеншілерді 55 жастан бастап зейнеткерлікке шығару немесе басқалай нұсқада тәртібін енгізуді кешіктірудің салдарын болжап білу қиын, бірақ қордаланған жағдайдың ауырлай түсетінін аңғаруға болатын еді.

Айта білу де керек.

Ал енді күні кеше Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында нақ осы көкейкесті мәселенің тиімді шешілу жолын түпкілікті тиянақтап берді.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауын жария етуімен бастал­ғаны «балапанды күзде санайдының», яғни ел дамуының бағыт-бағдары бел­гіленіп, сол жаңа міндеттерді жүзеге асы­ратын кадрлық ауыс-күйістің де іле жалғасқаны ілгерілеудің жауапкершілік салмағын айғақтайтын кезеңнің сыр-сипатын аңғартып үлгерді. Қазіргі әңгімеде мемлекеттік үлкен лауазымға кімдердің үміткер болып, кімдердің Мем­лекет басшысының сеніміне ие абы­рой-бедел және кәсіби біліктілік деңгейден табыла білгені туралы апыл-ғұпыл айты­лып жатыр.

Біздіңше, ел Президенті қоғам жаңа­руы­ның сынақ кезеңінде тәжірибелі орта буын мен алғыр жастарды алға шыға­рып, біршама уақыт төзімділікпен олар­дың қабырғасы қатайып, шыңдалуына мүмкіндік берген сияқты.

Бір нәрсені әділдік үшін айта кетуді жөн санаймыз. Үкімет көп нәрсені өзгер­туге талпынып жатыр. Алайда жергілікті атқару органдары жалаң есеппен қоғамды алдаусыратып, реформалар мен тапсырмаларды жүре тыңдап, ескіше жұмыс істеуді әлі де жалғастырып келеді.

Енді ескіше жүре бергісі келетіндер алыс­қа бармайды. «Еститін Үкімет» қағи­дасына да қатаң жауапкершілік, шын мәнін­де, өз түпкі мағынасына ие болмай, жү­рдім-бардыммен өте беретін жағдай ха­лық­тың сеніміне көлеңке түсіретіні сөзсіз.

Бұл Жолдауда Мемлекет басшысы бұдан әрі сілкіністі және серпінді өзгеріс жасаудың экономикалық негізін шегелеп берді. Байлық қайда, ырыс-береке қайдан келеді, мемлекеттік мүдденің мағыналық тиімділігі мен адамдардың өмір сүру сапасын жақсарта түсудің жаңашыл қадам­дары қандай болады, осының бар­лығы нақты айтылды. Үкіметке тағы да дербес шешімді, идеялы қарекеттер жасаудың дербес мүмкіндігіне жол ашты.

Министрліктердің өз саласын дамы­туға, мейлінше ұқыптылықпен, барынша ұтымды жұмыс істеуіне, ал аудан, ауыл әкімдіктеріне дейін өз бюджетіне қожа­йын болуға да жағдай туғызғаны да уақыт талабынан екендігі белгілі. Өзің би бол, өзіңе де ие бол. Өмірді өнегеңмен өзгерт.

Бұдан артық не керек, «алдыңа ас қойдым, екі қолыңды бос қойдым», енді алаңдамай, жалтақтамай, аянбай халқыңа қызмет ете біл.

Халық жағдайы жақсарғанын сезінуі қажет. Міне, қоғам мен мемлекетке керегі осы.

Ақпараттық ашықтыққа иек артсақ, эко­но­микалық реформалардың нәтижелі болуына бірден-бір кепіл талаптарды ең әуелі жер-жерде түсіндіру және қоғамдық бақылау да аса маңызды.

Бұл ыңғайда біз ортақ іске жанымыз ашыса, мына бір жайтты ашық айтуға тиіспіз. Әр өңірдің дамуы елдің дамуын көрсетеді. Кейбір облыс әкімдерінің ескі көзқарасымен аяңдап қана жүргені, бір жыл бойы ешбір бастамасы мен ұйтқы бола білетін қабілеті байқалмайды. Қағаз жүзінде жалаң есеп беруге бойын үйретіп алған, беделі қаратөбел деңгейдегілерін халық пікірін ескере отырып, кідіріссіз ауыстырған жөн. Әділетті Қазақстан құруды ұзаққа созылатын үдеріс десек те, нақты игіліктері мен оң өзгерістерінің ұшқынын лидер­лік өз ісімен көрсете алмай отырған әкімдерден жұртшылықтың күтетіні де шамалы. Ең ақыры «бұрындары мектеп директоры қызметін біреулер бизнеске айналдырды десе, қазір жалақылары көбейген мектеп мұғалімдерінің орны бизнеске айналды» деген өте жағымсыз сөз желдей есіп тұр. Ал бұл шын болса, біз армандап, әр таңынан жақсылық күтетін әділетті қоғам құрудың жолдарына кедергі келтіретін түрлі құбылысты сол әкімдіктегілер білмей, естімей отыр дегенге кім сенеді?

Жалпы, облыс әкімдерінің жыл са­йын халыққа беретін есебі формалды түрде өтпес үшін (көп жағдайда осындай) оған Премьер-министрдің және оның орынбасарларының міндетті түрде қатысып, жұртпен көзбе-көз пікір алысуын енгізу әлдеқайда тиімді және пәрменді болар еді. Әйтпесе, кейбір өңірде мұндай кездесулер қолдан ұйымдастырған қошеметшілер мен алдын ала дайындалған сұрақтарға «мүдірмей» жауап беруімен өтеді де кетеді.

Ел Президенті биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда қоғамдық ой-сананы өзгертудің тарихи маңызын көрсетті. Әділетті Қазақстан мен Адал азамат – егіз ұғым екенін еске салды.

Ал біз өзгердік пе?

Қазір қанша жерден ұлттық идеология туралы айтып, сынап, мінеп жатсақ та әуелі көп болып өзіміздің өзгеретін түріміз байқала бермейді. Есті адамдарға түсінікті ұстанымдар мен құндылықтар жайында аз айтылып жатқан жоқ. Аузына шайнап ас салғандай болып отыр. Бірақ шайнап берген ас бола ма? Адамдар өз­дері жаңашылдыққа ұмтылмаса, күт­кені қалайша келе қалады?

Бұл мәселенің бір керекті жағы болса, негізгісі осы мемлекеттік саясатқа дем беретін, жергілікті атқару органдарын басқаруға да білікті, үлкен саясаттың үмітіне қуат әкелетін, абыройы биік, жаңа заманды жарқырата алатын, көзі жанып тұрған адамдар таза ауадай қажет болып тұрғаны анық.

 

 Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері