Аса көрнекті жазушы, драматург, ақын, қоғам қайраткері, академик Сәбит Мұқанов – шын мәнінде халықтың өз ортасынан шығып, елдің ыстық ықыласы мен үлкен құрметіне бөленген алып тұлға.
Алматыдағы жазушының 1965–1973 жылдар аралығында тұрған, яғни өмірінің соңғы сегіз жылын өткізген үйінде 1978 жылы музейі ашылған болатын. Жалпы, музей экспозициясы одан кейін де екі рет жаңартылды. Енді, міне, қала әкімдігінің, Мәдениет басқармасының және музейлер бірлестігінің қолдауымен биыл музей-үйдің ашылғанына 45 жыл толуы қарсаңында күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи технологиямен жабдықталып, жаңа экспозициясы жұртшылыққа ұсынылып отыр.
Музей екі бөлімнен: әдеби және мемориалдық бөлімдерден тұрады (алты бөлме). Әдеби бөлімде жазушының өмір жолын, қоғамдық қызметін баяндайтын, шығармашылық шеберханасынан сыр шертетін көптеген құнды құжаттар, кітаптар, фото-суреттер, қолжазбалар т.б. экспозицияға қойылған. Қабырға-тақталардағы (стендтер), тач-панелдердегі, сенсорлы экрандағы мәтіндер үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) берілген.
Ал мемориалдық бөлімде жазушының жұмыс кабинеті, қонақ қабылдайтын бөлмесі, жатын бөлмесі бар. Бұрынғы қалпын сақтаған әрбір заттың, мүкәммал-мүліктің, кітаптары мен қолжазбаларының т.б. – әрқайсысының өзіндік тарихы, шертер сыры мол.
Музейдің кіре берісінде жазушының түрегеп тұрған қалпын бейнелеген картина қойылған. Монументалдық өнер туындысы. Авторы – Бақытхан Мырзахметов. Музей экспозициясы С.Мұқановтың «...Жол таптым бар қазақтың жүрегіне, Осы да жетті деген тілегіне!» – деген қанатты сөзімен басталады. ХХ ғасырда шығармалары ең көп таралған, ең көп оқылған жазушының дәл осылай деп батыл айтуға құқы бар еді. М.Әуезовтің «Жолы кең жазушы» деп бағалауы, М.Мақатаевтың «Бұл – қазақтың Бальзагі» деп, Расул Ғамзатовтың «Ол – біздің әдебиетіміздегі Эльбрустардың бірі» деп тағзым жасауы бекер емес. Әдебиеттің барлық жанрында да соқталы, кесек туындылар қалдырған С.Мұқановтың мұрағаты да бай.
Сәбит алғашқыда ауыл молдасынан сауат ашады. Бұл туралы өзі: «Менің құран оқуға жарауыма көңілі тасыған Мұстафа, онымды Мұқанның ахиреттегі рахаты деп ойлайды да, жақын жерде тұрғанда күн сайын, алыстағанда жұма сайын әке-шешемнің басына апарып аят оқытады», – деп еске алады. Алғашқы ұстаздары Шәйін Тілегенов пен Хамит Махмұдовтың (Ғ.Мүсіреповтің туған ағасы.Ә.Қ.) есімдерін ерекше ілтипатпен еске алады. Қазақ ертегілерін, жалпы ауыз әдебиетін, «Мың бір түн», «Тотының тарауы» сияқты шығыс ертегілерін алғаш рет Шәйін ұстазының аузынан естіген. «Зарқұм», «Сал–сал», «Ләйлі–Мәжнүн», «Бәдіғұл–Жамал», «Ер Тарғын» т.б. хисса-дастандарды жатқа білген.
Баймағамбет Ізтөлин Абайдың 1909 жылы Қазан қаласынан шыққан ең алғашқы өлеңдер жинағын Сәбитке сыйға береді. «...Жұқалау бір кітап менің көзімді ерекше тарта жөнелді. Оның аты – «Ибраһим (Абай) Құнанбайұлының өләңләрі». Оқыған сайын сусындай бердім...» деп еске алады. Абай өлеңдерімен жас Сәбит осылай танысады. Ол осы кітапты 1945 жылы ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойына орай Семейде ашылған музейіне өз қолымен табыс етеді. Жас кезінде Абай туралы жаңсақ пікірге ұрынған С.Мұқанов кейін Абай шығармашылығын терең зерттеп, «Жарқын жұлдыздар» атты монографиясын жазған.
Музей экспозициясы әдеби бөлімде 22 қабырға-тақта (стенд), 3 сенсорлы экран (тач-панель) және деректі, көркем фильмдер, бейнебаяндар көрсетілетін проекциялы экранмен жабдықталған.
1917 жылы «Сарыарқа» газетінің бетінен «Омбыда екі жылдық ауылдық мұғалімдер даярлайтын қазақша курс ашылады» дегенді естіп, Сәбит осы курсқа оқуға түседі. Қазақтың ғажайып ақыны Мағжан Жұмабаевтан сабақ алады (сол кезде түскен сурет фотогалереядан орын алған). Алты айдан соң курс жабылып, Сәбит еліне оралып, бала оқыту ісімен айналысады. Кеңес өкіметі орнайды. С.Мұқанов елде болып жатқан өзгерістердің бел ортасында жүріп, қызу айтыс-тартыстарға қатысады... 1922 жылы Сәбит білімін жетілдіру мақсатымен Орынбор қаласындағы жұмысшылар факультетіне (рабфак) келіп оқуға түседі. Өзі оқып жүрген кезінде ауылынан көптеген қазақ балаларын оқуға жетелейді, солардың бірі Ғ.Мүсірепов.
Қазақ ән-күйлерін жинауда зор еңбек сіңірген өнер зерттеушісі Александр Затаевичтің (1869–1936) есімі де бізге аса қымбат. Ол 1923–24 жылдары Орынбордағы рабфакқа жиі келіп жүреді. Ән айту мәнері ерекше және әдет-ғұрып, салт-дәстүрге білгірлігі мен көрген-түйгені мол жас жігітке зерттеушінің ықыласы ерекше ауып, оны жанына жақын тартып, бірнеше әнді нотаға түсіріп алады. Сонда Сәбең орындаған: «Қос алма», «Иә-иә», «Жоқтау», «Тайжанның әні», «Мұң», «Құдалық өлең», «Мақпал», «Ғаләлім-адалым», «Қараторғай», «Тана-ай» әндерінің бәрі де А. Затаевичтің 1925 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» және «500 казахских песен и кюйев» (1931) жинақтарына енген. Сәбең А.Затаевичке әр жылдарда 30-дан астам әндерді айтып берген. Солардың нотаға түскені – 12. Екеуі бірлесіп «Балқаш» деген ән де шығарыпты. А.Затаевичтің 1932 жылы Мәскеуде С.Мұқановқа қолтаңбасымен сыйлаған фотосуреті сақталған.
Сәбит Мұқанұлы 1924 жылы Орынбор қаласында Рахима Қосшығұлқызына үйленеді. Дүниеге Арыстан атты ұлдары келеді. Бірақ көп ұзамай Рахима мен ұлы ауыр науқастан қайтыс болады... Музей экспозициясына Рахимамен түскен фотосуреті алғаш рет қойылып отыр. 1926 жылы Сәбит Мұқанұлы Мәриям Қожахметқызымен дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтереді. 1927 жылы дүниеге келген тұңғыш ұлдарына тағы да Арыстан деп ат қояды. Сәбең мен Мәриям Қожахметқызы 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген: ұлдары – Арыстан (1927–2000), Марат (1929–1998), Алтай (1933–2003), Ботажан (1937–1994), қыздары – Баян (1940 жылғы), Жанна (1945 жылғы). Жазушының жары Мәриям Қожахметқызы бүй дейді: «Тумысынан жетім, бірге туған туысы жоқ Сәбит төрт ұл, екі қызға әке болды. Тым жұмсақ еді, балаларға ұрсып, зекіп көрген жан емес. Қайта мен қаталмын, зіркілдеп ұрсып жатсам: «Мәке, осылардың бірін аға, бірін іні, бірін нағашыдай көріп, еркелетіп ұстайықшы. Осылардан басқа кіміміз бар» деп отыратын» – деп еске алады («Сағынышым – Сәбитім», Естелік кітабы, 2000). Екеуі 47 жыл бірге ғұмыр кешті. Мәриям апа 100 жасқа толғанда Қазақстан Жазушылар одағында өте әсерлі кеш өтті, музейде көрме ұйымдастырдық. Жарықтық 101 жасқа қараған шағында дүниеден озды...
Болашақ жазушы 1928–1930 жылдары Ленинград мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқиды. 1930 жылы Мәскеудегі академик Марр атындағы Тіл институтына оқуға түсіп, кейін Қызыл профессура институтының әдебиет бөліміне (қазіргі Мәскеу мемлекеттік университеті) ауысады. Бұл кезең жазушы өмірінде жарқын із қалдырған, жемісті жылдар еді. Сәбит Мұқанов 1925–1926 жылдары «Бостандық туы» газетінде (1919 жылы «Кедей сөзі», 1920 жылдан «Бостандық туы» деп аталған) жауапты хатшы, 1926 жылы рабфактағы оқуын тәмамдағаннан кейін «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлім редакторы қызметтерін атқарады. 1927–1928 жылдары «Қазақстан мемлекеттік баспасының» бас редакторы болады. 1936 жылы оқуды бітіріп, Мәскеуден Алматыға оралады. «Алматыға бара, ҚазКрайком мені Қазақстан Жазушылар одағының басқарма председательдігіне тағайындады» – деп жазған өзі... Ол Қазақстан Жазушылар одағын 1936–1937 және 1943–1951 жылдары басқарады.
Музейдегі ең көне және құнды жәдігерлердің бірі – Шоқанның бәкісі. ХІХ ғасырдан жеткен мұра. Шот-Аман Уәлихан тапсырған. С.Мұқанов Шоқан өмірін зерттеуге елу жылдан аса уақытын арнаған. «Шоқан Уәлиханов» және «Қашғар қызы» атты екі пьеса жазды. Шоқанның өмірі мен шығармашылығын зерттеп «Жарқын жұлдыздар» монографиясын жазды. Оған Қазақ КСР ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді. Ең соңында «Аққан жұлдыз» атты тетралогия жазуды жоспарлап, оның екі кітабы жарық көрді... Яғни бұл жүзін тат басқан ескі ақ бәкіні арқау етіп, арғы-бергіден сабақталар әңгіме көп.
Абайдың ізбасар шәкірт інілерінің бірегейі, абыз ақын, озық ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының 1931 жылы 3 ақпанда «Елсіздегі Саят қорада жазылды» деген анықтамасы бар, «Ардақты Сәбит бауырым!» деп басталатын хаты сақталған (түпнұсқасы Мемлекеттік Орталық архивте, көшірмесі музейде). Сондай-ақ ауыз әдебиеті нұсқаларын жинаушы, ойшыл, ақын, этнограф Мәшһүр Жүсіптің 1931 жылы жазған хаты да құнды мұралардың қатарында.
С.Мұқановты майданның алғы шебіне іс-сапарға жіберу туралы «Правда» газетінің тапсырма құжаты бар. Сол бойынша Сәбит үш айға майдан өмірінен мағлұмат жинау мақсатымен алғы шепке аттанады. С.Мұқановтың Калинин майданына барғандағы мақсаты – Қазақстанда жасақталған 100 және 101-дербес атқыштар бригадаларында болып, жауынгерлермен кездесу, олармен жүзбе-жүз сөйлесіп, шайқастағы ерлігін қағаз бетіне түсіру болған. Онда Мәлік Ғабдуллин (Сәбең Мәлікпен 1930 жылы Көкшетауда танысқан, Алматыға келіп оқуына жәрдемдескен, майданға өз үйінен аттандырған), Хакім Бекішев (1976–1986 жылдары С.Мұқанов музей-үйінің алғашқы директоры болған) т.б. қазақ офицерлерімен кездеседі. Музейдегі парақтары сарғайып, қаншама сыр бүккен қолжазба-күнделік сол сапардың куәгері іспетті. Іс-сапардан оралғаннан кейін «Гвардия, алға!» және «Мәлік Ғабдуллин» атты очерктерін жазған.
Жазушының қолсөмкесі. Қаламгер 1951 жылдан өмірінің соңына дейін еркін шығармашылықпен айналысқан. Сәбеңнің бұл қолсөмкесі – ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағындағы, Ғылым академиясындағы, кітапханалардағы, жоғары оқу орындарындағы, Мәскеу, Ташкент, Фрунзе т.б. алыс, жақын шет елдерге жиналыстарға, құрылтайларға, конференцияларға, кездесулерге, саяхатқа барғанда қолынан тастамай ұстап жүрген ең қымбат мүлкі. Қолсөмкесінде «Өмір мектебі», «Аққан жұлдыз» романдарының, «Ботагөз», «Шоқан Уәлиханов», «Қашғар қызы» пьесаларының, «Алыптың адымдары», «Өсу жолдарымыз» кітаптарының және «Жарқын жұлдыздар» монографиясының, «Қазақ қауымы» («Халық мұрасы») этнографиялық зерттеу еңбектерінің қолжазбаларын, т.б. көптеген жеке құжаттарын, хаттарын, қаламдары мен қаламақыларын алып жүрген.
С.Мұқанов атақты қаламгерлер А.Толстой, М.Шолохов, А.Фадеев, Ғ.Ғұлам, С.Құдаш, Н.Фазылов, М.Кәрім, Ш.Айтматов, Б.Кербабаев, Г.Серебрякова, С.Маршак, Л.Леонов, Р.Ғамзатов және т.б. көптеген қаламгерлермен тығыз шығармашылық байланыста болған. Олар С.Мұқановты қазақ әдебиетінің алыбы ретінде танып, шығармашылығына үлкен құрметпен қараған.
1960 жылы С.Мұқанов «Михаил Калинин» атты кемемен екі айдай Азия құрлығында круиздік саяхатта болады. 60 жасқа толған мерейтойын осы кеме үстінде қарсы алады. Бұл саяхаты Қиыр Шығыстағы – Владивостоктан басталып, Жапония (Токио), Қытай (Шанхай), Индонезия (Жакарта), Цейлон (Колумба), Үндістанның оңтүстік жағалауы (Бомбей), Африканың оңтүстік-шығысы (Сомали, Жбути), Мысыр елі (Каир), Греция, Түркияда (Стамбұл) болып, Одесса қаласында аяқталады. Кеме тек ашық теңіз үстінде отыз күн болып, жиырма екі мың километр жол жүрген. 1961 жылы «Эстония» кемесімен круиздік саяхатпен Канада, Италия, Батыс Европа мемлекеттерінде болады. С.Мұқановтың шетелдерге сапарларынан туған шығармалары қатарында «Адам-Ата шоқысы» (Цейлон туралы. 1961), «Алыптың адымдары» (Қашғарияға барғанда, 1958) т.б. бар.
Драматургия саласында да С.Мұқановтың сіңірген еңбегі мол. Ең алғашқы пьесасы «Күрес күндерінде» деп аталған (1938 ж.). 1944 жылы «Шоқан Уәлиханов» пьесасы жазылды. Ол 1945 жылы Мәскеуде «Нить Ариадны» деген атпен орыс тіліне аударылып, жарық көрді. Содан кейінгі жылдарда пьесаны байытып, толықтырып 1955 ж. жаңа нұсқасын жұртшылыққа ұсынды. 1956 жылы М.Әуезов атындағы драма театрында ең алғаш рет қойылды. Солтүстік Қазақстан облыстық Н.Погодин атындағы орыс драма театры 1987 жылы «Шоқан Уәлихановты» Мәскеудің Кіші театрына апарып қойды. Жазушы-драматург өзінің шығармалары негізінде бірнеше пьесаларды өмірге әкелді. «Мөлдір махаббат», «Сәкен Сейфуллин», «Балуан Шолақ», «Ботагөз», «Қашғар қызы» т.б. пьесалары көрермен көңілінен шыққан туындылар.
С.Мұқановтың 1932 жылы жарыққа шыққан «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты еңбегі сол кездегі әдебиетке деген көзқарасты, тап тартысының әсерін анық байқатады. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін зерттеушілер бұл кітапты айналып өте алмайды. Алаш қайраткерлерінің аттарын атап тұрып, еңбектерін талдағаны үшін-ақ С.Мұқанов жазықты болып, жазаға тартыла жаздағанын біреу білсе, біреу білмейді. Кітап «тұтқындалды», тек 2008 жылы ғана бұл еңбек екінші рет қайта жарық көріп, жұртшылыққа ұсынылды. Оқуға тиым салынған кітаптың бірі – «Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» (1942) атты оқулық. Бұл шығармасында Бұқар жырау, Шернияз, Мұрат, Шортанбай, Махамбет, Сырым Датұлы, т.б. ақын-күрескерлер мен қазақ халқының айтыс өнері туралы зерттеулері енгізілген. 2002 жылы 60 жылдан соң қайта жарыққа шықты. «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты бөлімде С.Мұқановтың жеке мұрағатынан алынған Алаш арыстары – Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының, Мағжан Жұмабайұлының, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының, Жүсіпбек Аймауытұлының кітаптары қойылған және «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» зерттеу еңбегіндегі осы қаламгерлер туралы ой-пікірлерінен үзінділер келтірілген. Мәселен: «Ақындық жағынан келгенде Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ». «Бақытсыз Жамал» – үлкен тарихи маңызы бар роман. Бұл роман арқылы Міржақып Дулатұлының қазақтың өсіп келе жатқан капиталистерінің ескі феодалдық өмірге қарсылығын көрсетті» т.б.
С.Мұқановтың шығармалары ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға көш керуенін жалғастыра өтіп, қайта басылып, жаңа оқырмандарымен қауышуда. Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде академик-жазушы С.Мұқановтың атына негізсіз кінәлаулар, бір жапырақ мұрағат құжаттарынсыз, ешбір дәлелсіз жала жабулар, өзінің ашық жазып кеткен сөздерінің өңін айналдырып, бұрмалаулар кездесіп қалатыны өкінішті-ақ... «Есілдей есіп жатқан көңілі бар. Сәкеңе өкпелейтін қай антұрған!» деп жазған еді-ау Қасым Аманжолов (1945 ж.). Бәріне де уақыт төреші дейміз. Соңғы жылдардағы жаңалық: «Мұқанов хатханасы – Письмотека Муканова» атты хаттар жинағы (2018), мемлекеттік тапсырыспен С.Мұқановтың 10 томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді (2022); Алматыдағы музей-үйі толық жөндеуден өткізіліп, заманауи технологиямен жабдықталып, экспозициясы жаңартылып, тың мазмұн ашты (2023); Астанадағы кең де жарық көшелердің біріне жазушының аты берілді; Қызылжардағы С.Мұқанов атындағы облыстық сазды драма театры сәнді де салтанатты жаңа ғимаратқа қоныстанды. Осы игілікті іс-шаралар нағыз халық жазушысына көрсетіліп жатқан құрмет, елінің ыстық ықыласы, таусылмайтын, түгесілмейтін «Мөлдір махаббаты» деп білеміз.
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігінің» аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының кандидаты