Мемлекет басшысы Жолдауда Үкіметке 2026 жылға қарай ІТ қызметінің экспортын бір миллиард долларға жеткізуді міндеттеді. Бұл – ел экономикасын көтеруге және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған өте маңызды тапсырма.
Бірақ бұл тапсырманы табысты орындауға жүйелі жұмыс, кешенді жоспар, дайын қор керек. Осы ретте «Aстана хаб» халықаралық технологиялық паркінің рөлі өте жоғары. Қазірдің өзінде бұл технопарк тіркелген ірілі-ұсақ 1250 компанияны акселерациялау, технологиялық бизнес-инкубациялау, маркетингтік және өзге де іс-шаралар өткізу қызметтерін көрсетіп келеді. Оның ішінде акселерациялау бойынша – 558, бизнес-инкубациялау бағдарламасы бойынша 544 стартап жобасы тіркелген. Қазір 50-ден аса компания ІТ экспорт акселерациялау бизнес-бағдарламасы бойынша қызметтер алып отыр.
«Aстана хабта» тіркелген шетелдік компанияларға салық жеңілдіктері және шетелдің азаматтарға жеңілдетілген визалық режімдер қарастырылған, технологиялық кәсіпкерлікті танымал ету және технологиялық стартап құру бағытындағы IT-саласындағы адами капиталды дамытуға бағытталған 9 білім беру бағдарламасы бар. 2022 жылы бір ғана «Tech Orda» бағдарламасымен 2 мыңнан астам студент білімін жетілдірді. Осының бәрі ІТ қызметтерінің экспортын арттырып, отандық IT-саласының әлеуетін көтеруге септігін тигізеді дегенге сенеміз.
Оңғарбай ДӘНЕБЕКОВ,
«Aстана хаб» халықаралық технологиялық паркі іріктеу комиссиясының мүшесі