Астана мемлекеттік қызмет жөніндегі хаб (Astana Civil Service Hub) дайындаған зерттеу бихевиористік экономика мен психология тәсілдерін қолдана отырып, адамдардың мінез-құлқының сипатын белгілі бір түрткілер және жаңсақ түсініктерді түзету арқылы өзгертуді көздейтін ғылыми идеяға негізделеді. Бұл бағыт әлемнің көптеген еліндегі мемлекеттік басқару саласында кең енгізіліп жатқандығына қарамастан, посткеңестік, оның ішінде еліміз үшін тың тақырып.
Әлемде азаматтар мен бизнес өкілдері өз үкіметіне тиімді және үнемді саясат жүргізуді талап етіп отыр. Үкімет сапалы мемлекеттік қызмет көрсету мен анағұрлым қомақты нәтижелерді қамтамасыз ететін қарапайым және тиімді шешімдерге зәру.
Бүгінгі таңда Еуразия аймағы елдерінің үкіметі – «Әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту олардың зейнетақы жинақтарының өсуі мен экономикалық дамуға алып келе ме, әлде әйелдерді экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайда қалдыра ма?», «Жұмыссыздыққа байланысты берілетін жәрдемақы көлемінің өсуі жұмыссыздарға қолдау бола ма, немесе жалқаулық пен азаматтардың үнемі үкіметке арқа сүйеуіне түрткі бола ма?» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық компания бизнес өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлық пиғылдарын азайта ма, әлде одан да кең көлемдегі жемқорлыққа алып келе ме?» деген сұрақтарға жауап іздеп келеді.
Бихевиористік бағытқа алғаш ден қойған мемлекеттер – АҚШ пен Ұлыбритания. «Nudge» еңбегі жарыққа шығуымен, 2010 жылы Ұлыбританияда бұрынғы Премьер-министр Дэвид Кэмерон басқарған әлемдегі алғашқы түрткі құрылымы – Бихевиористік инсайт тобы пайда болды. 2015 жылы АҚШ-та Барак Обама «Nudge» кітабы авторларының бірі Касс Санстейнді Ақпарат және реттеу ісі жөніндегі офистің басшысы етіп тағайындады.
Дүниежүзілік банк, Еуропалық Одақ, ЭЫДҰ және БҰҰ секілді белді халықаралық ұйымдар да өз қызметінде бихевиористік зерттеулерді кеңінен қолданып келеді.
Бихевиористік құрылымдардың қызмет етуінің 3 моделі бар: орталықтандырылған (centralized), орталықсыздандырылған (decentralized), және желілік (networked). Яғни, олар үкімет шеңберінде, үкіметтен тыс ортада, немесе университет және зерттеу орталықтарының аясында қызмет етеді. Қазіргі таңда орталықтандырылған бихевиористік құрылымдар АҚШ, Германия, Франция, Аустралия, Нидерланд секілді елдерде орныққан. Университет шеңберіндегі алғашқы бихевиористік орталық 2013 жылы Гарвардта пайда болды. Осы саладағы ең ірі ғылыми орталық Канаданың Торонто университетінің Ротман менеджмент факультетінде орналасқан. Француздық Надж жобасы «Sciences Po»-да зерттеліп жатыр.
Бихевиористік ғылымды мемлекеттік саясатқа енгізу әлем бойынша кең таралып, Мексика, Индонезия, Кувэйт, Кения, Қатар, БАӘ секілді елдер BIT (Behavioural Insights Team, UK), ideas42 (Harvard, USA), Дүниежүзілік банкпен аталған бағытта серіктестік орнатқан.
Бихевиористік зерттеулердің Еуразия аймағындағы мемлекеттік саясатқа енгізілуіне келетін болсақ, бұрынғы кеңес одағы елдері өздерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты саяси шешімдерін қабылдау барысында заңнамалық шараларға және жаңа заңдарды қабылдауға тым басымдық беретіндігімен ерекшеленеді. Дегенмен, тек құқықтық шаралар қоғамдағы азаматтардың әлеуметтік мінез-құлқын өзгертуге шарасыз.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан жағдайында келесідей бихевиористік тәсілдерді қолдану пайдалы:
Ұлыбританияның Бихевиористік инсайт тобы (BIT) дайындаған EAST тұжырымдамасы. Оған сәйкес мінез-құлықты өзгерту үшін 4 қарапайым қағидат ұсынылады: Қарапайым, Тартымды, Әлеуметтік және Уақытылы (make it Easy, Attractive, Social and Timely (EAST)) жүзеге асыру. PRECIS тұжырымдамасы (Political support, Resources, Expertise, Coverage, Integration, and Structure) саяси қолдау, ресурс, экспертиза, қамту деңгейі, интеграция, құрылым секілді бөліктерден тұрады.Дегенмен аймақта бихевиористік бағытты енгізуде кедергілер бар екенін ескерген жөн. Олар:
Ауқымды ықпалдан гөрі шектеулі ықпал және өлшеуге оңай өзгерістерге назарды бұру Дәлелдік базаны қалыптастыруға қажетті зерттеудің әлсіздігі Батыстың мінез-құлық тәжірибесін енгізуде жергілікті әлеуметтік ерекшеліктерді ескермеу Үкімет пен мемлекеттік сектор ұйымдары шектеулі есептілігі мен ашықтығы туралы этикалық мәселеҚорытып айтсақ, Қазақстан мен Еуразия аймағының елдері саяси шешімдер қабылдауда бихевиористік тәсілді балама немесе қосымша әдіс ретінде қолдана алады. Бихевиористік білім саяси салада кең тараған сайын соғұрлым кешенді саяси шешімдерді қабылдаудағы қоғамдағы саяси интеграция қарымды болады. Еуразия аймағындағы экономика ғылымы саласында бихевиористік бағытты енгізу, ұйымдастыру және дамыту аса маңызды. Осы зерттеулердің нәтижелерін саяси шешім қабылдау үдерісінде қолдану үшін ғалымдар мен саясаткерлердің ынтымақтастығы жолға қойылуы қажет.
Бауыржан СЕРІКБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы