Қарағандының бейнелеу өнері мұражайында Шаймардан Сариев атындағы Атырау облыстық көркем және сәндік-қолданбалы өнер музейінің көрмесі ашылды. Көрмеге жетпіс туынды қойылған.
– Биыл мекемеміздің 35 жылдығына орай «Мұражайлар қонаққа келеді» жобасы ұйымдастырылды. Бізге осыған дейін Павлодардан көрме келді. Бұл көрме – бейнелеу өнері тарихымен байланыстың бір түрі. Мұнда еліміздің белгілі суретшілердің жұмыстары ұсынылған. Біз осы туындыларда бейнеленген өткен дәуірмен байланыста өмір сүріп жатқанымызды сезінеміз, – дейді музей басшысы Бибігүл Құдабаева.
Көрермендердің назарына Шаймардан Сариев, Жанатай Шарденов, Сахи Романов, Мұхит Қалимов, Жоламан Аралбаев, Манарбек Дәулетияров, Қамбарбек Аманов, Садыр Кәрібай, Рафаэль Слекенов тағы да басқа қылқалам шеберлерінің туындылары ұсынылды.
– Жыл сайын біздің мұражай көшпелі көрме ұйымдастырады. Біз қарағандылық көрерменге «Ұлы дала бояулары» атты экспозицияны ұсынамыз. Мұнда қорымыздан 70 картина әкелдік. Туындыларды таңдауда ұрпақтар сабақтастығын бұзбауға тырысамыз. Көрмеге аға, орта буын және жас суретшілердің картиналары кірді. Музейлер тәжірибе алмасып, тығыз жұмыс істеуі керек. Сол үшін де осындамыз. Біздің мұражайда 2 205 кескіндеме, графика бар, – дейді Шаймардан Сариев атындағы Атырау облыстық көркем және сәндік-қолданбалы өнер музейінің директоры Төлеген Орынбасарұлы.
Көрменің ашылуында екі музей басшысы ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумға қол қойды.
Қарағанды облысы