Қарқаралы еліне құт болған Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Бұл жолғы той ас ішіп, аяқ босатумен өткен жоқ. Елдің түпкір-түпкірінен жиналған ғалымдар, тарихшылар мен өлкетанушылар келелі конференцияда бас қосты. Онымен қоса, аудан орталығында ауыл-ауыл болып, көрме ұйымдастырылды. Дәстүрлі әннің дүбірі естіліп, қара өлеңнің рухы аспандады.
Той шымылдығы тарихшылардың конференциясымен түрілді. Әуелі аудан әкімі Ерлан Құсайын алыс-жақыннан келген меймандарға жылы лебіз білдірді. Келелі отырысты өткізуге Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мұрындық болды. Ректор Нұрлан Дулатбеков сөз алып, жәрмеңкедегі тарихи тұлғаларды тілге тиек етті және сол кездегі саяси, құқықтық мәселелерге тоқталды. Зерттеуші қауымның Қоянды жәрмеңкесінің ұлт тарихындағы орны турасындағы баяндамалары тыңдалды.
Конференция мінберіне алдымен белгілі тарихшы ғалым Сатай Сыздықов көтеріліп, Қоянды жәрмеңкесінің күнгейі мен көлеңкесі тақырыбында сөз қозғады. Ғалым Қарқаралының көне тарихы қарлұқ кезеңімен тамырласып жатқанын айтып өтті.
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Ахметқызы Қоянды жәрмеңкесіне қатысқан тарихи тұлғалар төңірегінде тамаша мағлұматымен бөлісті. Алаштанушы, жазушы Елдос Тоқтарбай жәрмеңке тойының халықаралық деңгейде өтуі керектігін айтты.
«Қоянды жәрмеңкесінде қазақ меценаттығының, қазақ ақсүйектігінің негізі қаланған. Осы жерде қазақтың талай байлары ақысыз, пұлсыз жұртына адал қызмет етудің ерен үлгісін көрсетті», деді Е.Тоқтарбай.
Қазақстан тарихы порталының бас редакторы Алтынбек Құмырзақ «Қоянды жәрмеңкесі ұлттық баспасөз тақырыбында» атты баяндама жасады. Қоянды жәрмеңкесінің тарихы мен даму шежіресі туралы ХХ ғасыр басындағы ұлттық баспасөзде жазылған мақалаларға тоқталып өтті.
Сонымен қатар белгілі тарихшы, өлкетанушы Темірғали Аршабеков те жәрмеңке төңірегінде терең пайымдау жасады. Ал жас тарихшы Әділет Жағыпар «Халық жадындағы Қоянды жәрмеңкесі» атты Қасым журналына шыққан мақаласы негізінде сөз өрбітті.
Қысқасы, конференцияда жәрмеңкеге қатысты тарихи деректер айтылып, Қояндының маңызды елдік шешімдер қабылданған өлке екені айтылды. 1905 жылы осы жерде жазылған әйгілі Қарқаралы петициясы жөніндегі құнды деректерге тарихшылар кеңінен тоқталды.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы конференцияда керемет ойлар айтылғанын, Қарқаралы – Алаш идеясының алтын қазығы екенін айта келіп, өлең оқып, рух сыйлады.
Конференция аясында Қарқаралы ауданы мен Түркістан қаласы әкімдігінің арасында ғылым, экономика, туризм және мәдениет салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Мұнымен қоса, белгілі суретші Кәріпбек Күйіковке «Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Жиналған жұрт жәрмеңке тарихы баяндалатын жаңа деректі фильмді тамашалады. Фильм авторы қарымды қаламгер, журналист – Әшмұхан Жампейісов.
Шаһар орталығында суретшілердің, қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Ерсін Темірғалиев, Елена Нивиденская, Наталья Сайгушова, Жаңабек Жұмабеков секілді суретшілер өз туындыларын халық назарына ұсынды. Айта кетейік, Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдығына арналған логотиптің авторы Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі – Ерсін Темірғалиев.
Көрмеден бөлек, ашық аспан астында әдеби-сазды кеш өтті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқаш, ақындар Жәлел Шалқар, Сұлтан Дәулетхан, Айбек Байтөре, Салтанат Қайырбек, Ерік Нарын туған жер тақырыбында өлеңдерін оқыды. Бір сөзбен айтқанда, сұлу Қарқаралының аспанына поэзия қанат қақты. Медет Осатаев, Арайлым Жүкенова, Қуандық Төкен, Нұрлытаң Саятқызы шырқаған әндер рухты көтерді. Күйші Мадияр Сүлейменов домбырамен, Әмір Амангелді қобызбен күй тартты. Қарқаралылықтар өнер жәрмеңкесін тапжылмай тұрып тамашалады.
Ауыл-ауыл болып, көрме ұйымдастырылды. Дастархан жайылды. Қонақтар құрақ көрпеге малдас құрып, қазы-қарта асап, қымыз ішті. Қолына қыранын қондырған, жүйрік тазысын жетектеген саятшылар тойдың сәні болды. Той базары кешке дейін тарқамады.
Қасиетті Қарқаралының ардақты еліне «Базарың құтты болсын!» айта келген меймандар дүркіреген дүбірдің куәсі болды. Осылайша, жұдырықтай жұмылған Қарқаралының жұрты жәрмеңке тойын абыроймен өткерді.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы