Ел аумағындағы ауқатты кәсіпкерлер мен белді құрылыс компаниялары Алматы қаласынан тұрғын үй кешендерін салуға айрықша құлшыныс танытып отыр. Дәл осы күні шаһардың 823 нүктесінде ауыр құрылыс нысандарының жұмысы қызқыз қайнап жатқан болса, оның 155-і біз айтып отырған тұрғын үй кешені. Сұранысқа сай құрылыстың қарқын алғаны жақсы-ақ, алайда сапаға салғырт қарайтын компаниялардың саны азаймай тұр.
Жоғарыда атап өткен құрылыс жұмыстарына 383 компания мен 138 техникалық қадағалау ұйымы жұмылған. Биыл құрылыс нысандарына жүргізілген 740 тексеру шарасы барысында 956 заң бұзушылық анықталып, жауаптылар 187 млн теңге айыппұл арқалаған. Бұл қала әкімдігінің жоспардан тыс тексеру жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асқан істің бір парасы ғана.
«Заңсыздықтарды жоюға 779 нұсқама берілді. Сапасыз құрылыс және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізгені үшін 312-бап бойынша 35,7 млн теңге сомасында 47 мердігер ұйым жауапкершілікке тартылды. Оның бірқатары – бюджеттік нысандардың құрылысымен айналысып жатқан мердігер ұйымдар мен коммерциялық ғимараттарды салып жатқан 33 мердігер. Жыл басынан бері заңсыз салынған нысандарды бұзу туралы 53 талап-арыз сотқа жолданды. 17 талап-арыз қанағаттандырылып, қалған нысандардың мәселесі әлі де қаралып жатыр. Лицензиядан кейінгі бақылау қорытындысы бойынша 20 құрылыс лицензиясының қызметі уақытша тоқтатылды, 247 лицензияның күші жойылды», дейді Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев.
Алматы аумағы жыл сайын ұлғайып келеді. Әсіресе тау бөктерлеріне құрылыс жұмыстарын жүргізу сейсмикалық ошақта орналасқан қала үшін қаншалықты қауіпті екені айтылса да, құлақ асқан ешкім жоқ. Өткен жылдан бері қала құрылысын бақылау басқармасы мегаполистің таулы алқаптарында заңсыз салынып жатқан 52 құрылыс нысанын анықтаған. Атап айтар болсақ, Бостандық ауданындағы – 21, Медеу ауданындағы – 24, Наурызбай ауданындағы 7 нысанға қатысты іс қозғалған. Мамандар анықталған 52 нысанның ішінен сотқа 42 талап арыз жолданғанын, 7 нысан бойынша талап арыз дайындалып жатқанын, ал қалған 3 құрылыс нүктесін тексеру жұмыстары әлі де жалғасатынын жеткізді.
Бүгінгі таңда сәулет-құрылыс бақылау органдары инспекциялау шеңберінде құрылыс нысандарына кедергісіз кіру құқығынан айырылған. Яғни олар тексеру жұмыстарын Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ресми өтініштер негізінде ғана жүргізе алады. Алматы қаласы әкімінің бастамасы бойынша тексеру жүргізу тәртібін қайта қарау және салынып жатқан объектілерге бақылауды күшейту жөнінде заңға түзетулер енгізу сұралған. Бұл мәселе Президенттің қатысуымен өткен Алматы қаласын дамытуға арналған жиында да айтылған болатын. Бүгінде тиісті заң жобасы Парламенттің қарауына жіберілген.
Жылдар бойы жинаған қаржысын құйып, баспанаға қол жеткізбек түгілі басы дауға қалып табалдырық тоздырғандар аз емес. Қала билігі жылжымайтын мүлік сатып алуды жоспарлап жүрген тұрғындарға өзі алуға ниеттенген тұрғын үй кешенінің құжаттарын қала құрылысын бақылау басқармасы арқылы тексеріп алуға шақырды. Азаматтар жедел желі арқылы және +7 705 89 66 000 WhatsApp нөмірі бойынша тұрғын үйдің құжаттары туралы толық ақпарат ала алады.
– Қаланың құрылыс саласын бақылауды барынша күшейту қажет. Кейбір алып компаниялар тексеруге дес бермеуге тырысатыны анық. Тәртіпті барынша қатаңдатып, әр нысанды бүге-шігесіне дейін қадағалаған абзал. «Жаман айтпай жақсы жоқ». Түркиядағы дүлей дүмпу талай қателіктің бетін ашып берді. Кейінгі жиырма жылда тектоникалық айрықтарға жақын орналасқан жерлерде, тіпті тау бөктерлеріне дейін тұрғын үйлер салынып кеткенін білесіздер. Тосын залал келсе, заңсыз салынған құрылыстың зардабы сонда болады. Одан кейін тұрғын үй алаңдарындағы көлік тұрақтарының мөлшері есептелмейді. «Ақкент» шағын ауданындағы өрт кезінде жол жиегіне жағалай қойылған көліктердің кесірінен құтқару қызметінің апат орнына жақындауы қиынға соққанын көрдік. Тар қаланы одан әрі тарылтпау үшін аядай аумаққа ондаған қабатты үй салуды тоқтату керек, – дейді қоғам белсендісі Нұрлан Асқарұлы.
Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай Алматы халқының саны –2,5 миллионға жетеді. Ал 2040 жылы – 3 млн, 2050 жылға қарай – 3,6 миллионға дейін өсуі ықтимал. Табиғи өсім 2021 жылғы 47 пайыздан 2050 жылға қарай 60 пайызға дейін артады. Қаланың бас жоспарын әзірлеуге қатысушылардың бірі Тамара Залогинаның пікірінше, мұнша халықты баспанамен қамту үшін 2040 жылға дейін 45,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынуға тиіс. Ал мұнша халықтың алаңсыз өмір сүруі үшін 2040 жылға қарай тағы да 188 мектеп пен 300-ден астам балабақша қажеттігін ескерсек, мегаполисте құрылыс нысандарының саны жыл санап ұлғая беретіні анық. Ал олардың заң талабына сай бой көтеруі құрылыс сапасын бақылауға кешенді көзқарас қажет екенін тағы бір еске салады.
АЛМАТЫ