• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 15 Қыркүйек, 2023

Сайлауға халық сенуі керек

361 рет
көрсетілді

Елімізде өткен барша сайлаудың сабағы бар. Осыған дейін бұрмалау­шы­лық­қа жол бергені үшін қай сайлау комиссиясы мүшесі жазаға тартылды? Жоқ. Сонда халық сынынан қорытынды шығарылған жоқ па?

Соңғы өткен Парламент сай­лауы­на халық көп үміт артып еді. Бірақ сол үміт ақталды ма? Жез­қаз­ғанда сайлау науқанында сайлаушыларымен көп кездеспеген үміткердің депутат болып кеткені әлеуметтік желіде біраз талқыға түсті. Ол саяси науқаннан сәл бұрын ғана ірі кәсіпорынға тағайындалған басшы еді. Егер бұрыннан істеп келе жатқан, елге белгілі азамат болса бір сәрі. Халық «өңірге бел­гілі адам неге депутат бола ал­май­ды?» десті. Былай қарасаң, қи­сын­ға келетін уәж.

Екі жылдан бері жергілікті деңгей­де өтіп жатқан әкімдер сайлауларын­да да кімнің жеңетіні алдын ала белгілі болып жатады. Сайлаудағы келеңсіздіктер Президент бастамаларына көлеңке түсіреді. Бірақ сын негізінен жергілікті билікке бағыт­талғаны ақиқат. Сондықтан алдағы уақытта өткізілетін аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлаулардың әділетті өтуі бәрімізге байланысты. Сайлау әділетті болмай Әділетті Қазақстан да орнамайды. 

Сайлауға көпшіліктің сенімін ны­ғай­ту үшін, ең алдымен, сайлау комиссияларын түгелдей жаңарту керек. «Елімізде цифрландыру дамыған, көрші елдерден озықпыз» деп айтылады. Ендеше неге сайлау кезінде цифрландыру қызметін пайдаланбасқа? Сайлау комис­сияларының мүшелерін қалай тағайындау керек? Комиссия құ­ра­мында барлық партиялардың өкілдері болғаны жөн. Дегенмен мұнда да ойлантатын тұстар бар. Жер­гілікті жерлерде партиялардың күш -қуаты қандай? Аты бар да заты жоқ партиялардың өкілдері сайлау комиссияларына қалай мүше бола алады? Өйткені Жезқазғанда еліміздегі кейбір партиялардың филиалдары да жоқ.

Сондықтан сайлау комиссия­ла­ры­ның мүшелерін әртүрлі деңгейдегі Қоғамдық кеңестер арқылы сайлауды ұсынамын. Биылғы күзде облыста қанатқақты жоба ретінде бір аудан­да әкім сайлауы өтеді. Қазірдің өзінде дайындық жұмыстары басталып кетті. Бірақ сайлау комиссия­ла­ры сол бұрынғы қалпында қала берсе, ешқандай өзгеріс болмайды. Сайлау сайқымазаққа айналмасын десек, өзгерісті сайлау комиссияларын жаңадан жасақтаудан бастайық.

Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да көтерді. Құжатта аймақтағы атқа­ру­шы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүм­кіндігін біртіндеп арттыру мәсе­лесі сөз болды. «Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», деген Мемлекет басшысының еліміз­дегі сая­си реформаларды одан әрі жалғас­ты­руға мүдделі екендігін байқатады.

 

Абзалбек МОЛАҚОВ,

Жезқазған қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы